Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тарихтың жаңа бір белесі - АРҚА АЖАРЫ

Тарихтың жаңа бір белесі

Назарбаевы бар Қазақстан сеніммен тұрақты дамитын ел! Назарбаевы бар қоғам алаңсыз өмір сүретін қоғам!

(Осы бір сеніммен дауыс бердім.)

Астана қаласының Есіл ауданындағы №91 сайлау учаскесіне барып дауыс бердім. Кезекте тұруға тура келді. Бірақ, сайлау учаскесіндегі бұл жолғы кезектің жөні мүлдем басқа болатын. Сол кезекте тұрғандардың бәрінің де көңілдері жарқын, қабақтары ашық еді, көңілдерінде қуаныш тұрды. Мен өз басым, отбасыммен Қазақстанның қазіргі Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үшін дауыс бердім! Отандастарымның басым көпшілігінің де Назарбаев үшін дауыс беретіндіктеріне сенімді едім. Бұған көңілімде еш күмән да болған жоқ. Өйткені, тәуелсіз қазақ елінің тарихы сол елдің екі тізгін, бір шылбырын өз қолына ұстаған Нұрсұлтан Назарбаевтың тағдыры, бұған керісінше Елбасының тағдыры қазақ елінің тағдыры мен тарихы болып қалыптасты. Бұл қос тағдыр – тұтас бір халықтың тағдыры! Міне, сол қос тағдыр тағы да тарих алдындағы ұлы жауапкершілік жүгін бірге көтеру үшін тағы да адал көңіл, ақ ниетпен табысып отыр. Қазақстандықтардың сайлау учаскелеріне асыққандары да, ұзын-сонар кезекте тұрып, дауыс бергендіктерінің де терең мәні осы болатын.
Әңгіменің бірден адалын айтайық, бұл жолғы сайлауда да Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеңіске жететіндігіне ешкімнің де күдігі де, күмәні де болған жоқ. Өйткені, барлық қазақстандықтар ел тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап, Елбасының өз сенімдерін ақтап келе жатқандығын ғана біледі. Кешегі кеңестік үкімет құлап, шаруасының берекесі әбден қашқан, тіпті халқының тиесілі жалақысы мен зейнетақысын, түрлі төлемақыларын берейін десе қазынасында көк тиыны да қалмаған, «бұлар енді ел бола алмайды» деген күдікті ойларымен ата жұрттарына қотарыла көшіп, ел шеті сөгіліп, жүгі жұртта шашылып қалғандай болған Қазақстанға, былайша айтқанда иесіз қалған өз елі мен өз жеріне қорған болған, сөйтіп, тәуелсіздіктің алғашқы бір он жылдығында қазақ елін әлемнің дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің легіне ілестірген Нұрсұлтан Назарбаев сынды дара да дана ұланына барлық қазақстандықтардың бір кісідей дауыс беретіндіктерін ешкімнің үгітінсіз-ақ, ешқандай насихатсыз-ақ қалың ел сайлау болар күнге дейін айтып та жүрген болатын. Мұны ел ішінде жүргенімізде естіп те жүрдік.
Бұл сайлауда Елбасыға деген елдің сенімі жеңді! Әңгімеміздің осы бір парасын тарата айтар болсақ, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің осыған дейінгі ел билігінде жүріп, сол елдің сенімін ақтап қана қойған жоқ, тіпті ешкімнің ойына да кіріп шықпас игі де жақсы істер атқара білді. Тәуелсіздігіміз әлі де тәлтіректеп тұрған сонау тоқсаныншы жылдары Алматыда жатқан астананы бұрынғы Ақмола-Целиноградқа көшіртіп, бүгінгі Астана қаласын салады деп кім ойлаған?! Жиырмасыншы ғасырда өз елінің астанасын басқа орынға көшіртіп, жаңадан салған Қазақстан әлемдегі бірден-бір жалғыз ел болса, сондай батыл қадамға, батыл шешім қабылдауға барған да жалғыз Назарбаев болатын! Бүгінгі Астана елдің Нұрсұлтан Назарбаевқа деген берік сенімінің бір символы!
Тәуелсіздіктің ширек ғасырға жақындап қалған қилы-қилы жолдары мен ғасырға татырлық жылдары Назарбаевы бар Қазақстан сеніммен тұрақты дамитын ел, Назарбаевы бар қоғам алаңсыз өмір сүретін қоғам екендігіне барлық қазақстандықтар мен әлем жұртшылығының көзін жеткізгендігі де және де соған ешбір шүбәсіз сенім қалыптастырғаны бар!
Бұл сайлауда тәуелсіздіктің алғашқы сәтінен бастап «менің бар тілегім де, зар тілегім де елдің бірлігі» деп Елбасының өзі ұйыстыра білген елдің бірлігі жеңді, елдің ынтымағы озды! Әлем тарихының күні кеше басталды дейтін XXІ-ші ғасырының бүгінгі он екі жылының ғана сиясы кеуіп үлгермей жатқан беттеріне үңілер болсақ, не бір сойқанды да аласапыранды оқиғалар мен қантөгістер әр ел мен әр халықтың өз бірліктері мен берекелерін, ынтымағы мен тыныштығын сақтап тұра алатын да, сақтап қала алатын да сол елдің бірлігі мен халықтың ынтымағынан өзге ешбір қуатты қару жоқ екендігіне иландыра түседі. Бізге, барлық қазақстандықтарға осы бір ұлы ақиқатты ұғындырған да, әлі де күн құрғатпай айтып, ұғындырып келе жатқан да Президент Назарбаев! Қазақстандықтар тағы да сол өздерінің бірлік пен ынтымақ жөніндегі Елбасының киелі ұғымын терең ұғына білген қасиеттерімен әлем алдында тағы да өз абыройларын асқақтатып, жарқын жүздерімен тарихи жаңа бір биік белеске көтерілді!
Бұл сайлауда Елбасының қазақ елін «Нұрлы жол» бағдарламасымен дамытып, Қазақстанды әлемнің дамыған отыз мемлекетінің қатарына қосу жолында басталып кеткен ұлан-ғайыр істерді барлық қазақстандықтардың Назарбаевпен бірге атқарсақ, Елбасы-ның тарихи маңызы аса зор «Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет: бес институционалдық реформа» атты сайлауалды бағдарламасын бірге жүзеге асырсақ және де Мәңгілік Ел болсақ деген аңсарлы мақсаттары жеңіске ие болды! Алда әлем назарының ұшына байланған ЭКСПО-17 көрмесін өткізу міндеті тұр. Алда «барлық сырттан соққан дауылдар мен қиындықтарға қарамай, Қазақстан тек алға жүруге тиіс!» деген Нұрсұлтан Назарбаевтың сол сайлауалды бағдарламасында атап көрсетіп отырған осы қағидамен қазақстандық ұлы жолды дәуірдің сын қатерлеріне төтеп бере отырып, одан әрі жалғастыру және нығайтудың қиын да күрделі міндеттері тұр. Бұларды да Елбасы нақтылы анықтап, айқындап та берді. Бес институционалдық реформа арқауының бес тұғыры бар. Олар: баршаға бірдей осы заманғы мемлекет, заңның үстемдігі, орнықты экономика, болашағы біртұтас ұлт және ашық және халыққа есеп беруші мемлекет! Бәрі де маңызды! Бұл біздің Мәңгілік Ел болуымыздың кепілі және алғы шарттарының бірі!
Бұл сайлауда Елбасының сайлауалды бағдарламасы барлық қазақстандықтардың зор қолдауына ие болды! Жеңісті де Назарбаевтың сайлауалды осы бағдарламасы әперді! Және де бір атап көрсетерлік жай сол, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз бағдарламасында адамзат баласының алдында тұрған түрлі жаһандық сын-қатерлер мен тәуекелдердің тереңдігі сондай, ол кез келген мемлекеттің тұрақтылығы мен табыстылығына тура әсер етіп отырмақшы деген ойын ашық айта білді. Біздің елімізде сол тұрақтылық пен табыстылық болуы үшін Елбасы Қазақстанның алдына жаһандық дағдарыстың мемлекет құрылысына ықпалының теріс әсеріне жол бермеу, дамудың қол жеткізілген қарқынын сақтау, жаңа серпіліс үшін жағдайлар дайындау, әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қарай ілгері жылжуды одан әрі жалғастыру міндеттерін қоя отырып, қазіргі жаһандық сын-қатерлерге жауап беруге дайын тұру міндеттерін алға тартты. Сөйтіп, Елбасының осы бес институционалдық реформаны мемлекетімізді одан әрі нығайтудың және «Нұрлы жол» Жаңа Экономикалық Саясатының барлық міндеттерін шешу мен «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсатына қол жеткізудің негізгі концепциясы етіп белгілеп, ел алдына қойған осы бір заманауи әрі тарихи міндеттерін барлық қазақстандықтардың әрқайсысы ел алдындағы, мемлекет алдындағы атқаруға тиісті өз міндеттеріндей сезіне алды. Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлаудағы талассыз жеңісінің бір тетігі де, бір сыры да осында жатқандығын айтқан ләзім!
Бүгінгі сайлаудан кейінгі көңіл толғанысымен Елбасының 2012-ші жылдың 10-шы тамызында өз сапары кезінде Көкшетаудың бас алаңына қойылған хан Абылайдың ескерткішінің қола мүсінді айбарлы жүзіне қарап тұрып: «Мен Абылайдың арманын орындадым! Абылай хан қала сала алмадым деп еді, қала салдым, халқымның басын қоса алмадым деп арманда кетсе, мен қала да салдым, халқымның басын құрап егемен ел де еттім!», – деген жүрек сөзін айтқан сәті тағы да есіме түскені бар. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл айтқанында әлдеқашан мойындалған ақиқат жатыр.
«Мен Абылайдың арманын орындадым!». Иә, мәртебелі Елбасы, Сіз Абылайдың да, Абылай ханға дейін де, одан кейін де өткен ата-бабаларымыздың бар үміті мен зар үмітін де, аңсарлы бар арманы мен мүдделі бар мақсаттарын да орындадыңыз! Бұған талас та жоқ! Бұған күдік пен күмән де жоқ!» деген адал ойымызды сол кезде айтқан да болатынбыз. Иә, біз өзінің ел үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей адал еңбек еткен ер ұланын хан көтеріп әспеттеген ел едік! Бұл жолы да солай еттік! Бәрі де құтты болсын, туған ел!

Жабал Ерғалиев,
жазушы, Қазақстан Республикасы
Парламенті Сенатының депутаты.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар