Халқымыздың қағидасында «Тәрбие отбасынан басталады» десе, білім негізі, жеке тұлғаның заман талабына сай жан-жақты дамуы бала бақшадан басталады дегім келеді.
Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты ел халқына арнаған биылғы Жолдауы бойынша білім саласы қызметкерлерінің алдына үлкен міндеттер тұр. Бұл міндеттердің бір парасын бала бақшамызда бүлдіршіндерге экологиялық тәрбие арқылы жүзеге асырудамыз. Қазіргі заман талабына сай әр бала бақшада сапалы білім, саналы тәрбие алуы керек. Жанұядан жаңа шыққан, қоршаған орта мен айналасын танып білмеген баланың қауіпсіздігі, онын денсаулығын нығайту, білім мен тәрбие беру үлкен мәселе. Жас ұрпақты өз Отанын, қоршаған ортаны сүюге тәрбиелеуде экологиялық тәрбие де ерекше орын алады.
Табиғат – ортақ үйіміз. Қазіргі уақытта әлемдегі экологиялық жағдай адам көзқарасының да оңына қарай өзгеруін талап етеді. Сол себепті, өсіп келе жатқан ұрпақта жаңа экологиялық сезім қалыптастырылуы керек. Экологиялық тәрбие мен білім беру қазіргі таңдағы айқын бағыттардың бірі болып отыр. Сондықтан, бала бақша қабырғасында жас бүлдіршіндерді экологиялық мәдениеттілікке тәрбиелеуге баса назар аударудамыз. Мақсатымыз – баланы табиғат әсемдігін көруге, оған қамқор болуға үйрету, қоршаған ортаны түсініп-білу негізін қалау. Бұл жұмыс үш бағытта жүргізіледі.
Бірінші бағыт, осы тұрғыда педагогтардың баулып, үйретуі, екінші бағыт, ата-аналармен жұмыс жасау, үшінші бағыт, балалардың бойына табиғаттың берерін алып қана қоймай, оған қамқор болудың жалпы негізін қалау. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін экологиялық оқу-тәрбие беру кешенінің негізгі міндеттерін белгіледік.
Ұранымыз: табиғатты қорғау – болашақты қорғау. Бала бақшаның тәрбиелік жоспарында табиғатты аялап, оған қамқор болуды жеке дара анықтап көрсеттік. Экологиялық тәрбие арқылы жеткіншектерге білім беру сапасын жоғарылату үшін де жан-жақты жағдай жасадық. Осы мақсатта бала бақша ішінде экологиялық қысқы жол, бала бақша төңірегінде жазғы жол, экология кабинеті, терезедегі бақша, табиғат бұрышы, зообақ, өсімдіктер әлемі, ашық аспан астындағы экология кабинеті, «Жас эколог» үйірмесі, апталықтар, акциялар мен көрмелер, «Нұрай тынысы» қабырға газеті, бау-бақша, экозертханалар қолға алынып отыр.
Тәрбие жұмысында нақты мақсат, іскерлік, ұйымшылдық, құштарлық қағидалары көрініс табуы керек. Қазіргі таңда адамзат ауасын жұтып, суын ішіп отырған қоршаған ортаны қорғау, аялау – өмірлік қажеттілік. Сондықтан да, бүлдіршіндерді айналадағы табиғи ортамен үнемі қарым-қатынаста болуға үйрету, олардың осы орайдағы ұғымын қалыптастыру, табиғатқа деген жанашырлыққа тәрбиелеу тәрбие ісінің өзекті тармақтарының бірі болып табылады. Бала тәрбиесімен, жас ұрпаққа жүйелі білім беру мәселесімен шұғылданған ғалымдардың қай-қайсысы болсын, табиғатты назардан тыс қалдырған емес. Себебі, айналамыз бен қоршаған ортада адамның танып-білетін, зерттейтін, күтіп-баптап, қорғайтын жұмбақ сыры мол әлемі – ол тек табиғат!
Ал, бала бақшадағы табиғаттану балалардың табиғат туралы білімдерін кеңейтуге, тереңдетуге мүмкіндік береді, табиғатты зерттеуге қызықтырады, балғындардың белсенділігі мен икемділігін арттырады, болашақ жеке тұлғаны дамытуға жан-жақты негіз болады. Ең бастысы, кішкентайларынан Отан деген ұғымды түсініп білуге, оны сүюге тәрбиелейді.
Табиғат – әсемдіктің төркінісің,
Алаңдаймын бір сенің көркің үшін.
Тіршіліктің түп-тамыр, алтын тіні,
Сенен алып тұрғандай бар тынысын.
Айгүл МАМЕНТИКОВА,
№6 «Нұрай» бала бақшасының меңгерушісі.
Көкшетау қаласы.