Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мақтанышым – туған елім - АРҚА АЖАРЫ

Мақтанышым – туған елім

Қазақ, өзбек халықтары секілді татар, башқұрттар да түркі тілдес топқа жататыны белгілі. Осыдан-ақ, аталған ұлттардың туыс екендігін, тарихы мен мәдениеті бір жерден бастау алатындығын аңғару қиын емес. Әсіресе, Қазақстанда шоғырланған осы ұлт өкілдерінің етене жақын араласып жатқаны өз алдына бір төбе.

Біздің ауданымызда да бірнеше ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Оның мыңнан астамын татар ұлтының өкілдері құраса, шамамен екі жүзі – башқұрттар. Ал, біздің бірлестікте елдің игілігі жолында қазіргі таңда жиырма адам жұмыс істейді. Кез-келген мерекені бәріміз бір кісідей атқарып шығамыз. «Наурыз», «Сабантой» мейрамдарының барша халықтардың ортақ мерекесіне айналғалы да біраз болды. Осы арқылы бірлігіміз бен достығымыз да арта түсуде.
«Жақсыда жаттық жоқ» деп халқымыз текке айтпаған ғой. Біздің еліміз де  осындай  көп ұлттың өкілдерін бауырына басып,  барлығы бір шаңырақтың астында күн кешуде. Кезінде менің ата-анам да Татарстаннан осында көшіп келген болатын. Өз Отандарында ас-судан таршылық көрген олар қазақ топырағына келіп, ел қатарына қосылды, ұрпақ өрбітті десем артық айтқандық емес. Қазақ жеріне ата-бабаларымыз қалай келіп тұрақтап қалғаны тарихтан мәлім. Қазақтардың кеңдігі мен бауырмалдығының арқасында біздің татар халқы да өсіп-өніп, басқа халықтар секілді өзінің салт-дәстүрін, мәдениетін ұрпағына насихаттап келеді. Біразы қонақжай қазақ халқының жерінде тұрақтап қалып, Қазақстанды өз Отанымыз деп санайды.
Несіне жасырайын, өзімнің осы киелі топырақта дүниеге келгеніме тағдырыма шексіз ризамын. Алпыс жылдық ғұмырымда өз туған жерімнен жат елге көшу ешқашан да ойыма келген емес. Жат ел деймін-ау, тіпті қанша іздесем де, өзімнің туып-өскен Атбасарымнан жайлы мекен таба алмайтын сияқтымын. Татарстанда тұратын ағайын-туыс, жора-жолдастарымыз Қазақстанға келгенде ылғи да біздің ауызбіршілігімізге, ұйымшылдығымызға тамсанып кетеді, қызыға қарайды. Сол кезде өзімді ең тату, ең бақытты елдің азаматы ретінде сезінетінім рас. Кез-келген қазақстандықтың, отбасымның осы пікіріме келісетініне толық сенімдімін.      
Тұңғыш баламның әке жолын қуып, теміржолшы мамандығын таңдағаны өмір бойғы аталған саладағы қажырлы еңбегімнің жемісі, әкелік борышымның ақталғаны деп білемін. Ал, егер осы еңбегіміз еліміздің дамуына титтей де бір пайдасын тигізсе, Отан алдындағы азаматтық борышымның өтелгені емес пе?
Ертеде ел басқарған данышпан ұрпақтарына өсиет қалдырған екен. Ол баласына «Сындыр» деп бір шыбықты береді. Бала біреуін сындырады. Екеуін береді, сындырады, үшеуін зорға дегенде сындырса керек. Төртеу бергенде тіпті сындыра алмапты. Сонда данышпан баласынан «Не ұқтың?» деп сұраса, бала «Бәрің бірігіп өмір сүріңдер деген өсиет шығар» деп жауап берген екен.  Мінеки,  байлықтың ең үлкені – халықтар достығы. Біз осы достықты нығайтып, бір-бірімізді құрметтеп, еліміздің ертеңі үшін қызмет етуіміз қажет. Жүрегі бауырмал Қазақ елі жасасын!
Рафаил ФАЙЗИЕВ,
«Якташлар» татар-башқұрт қоғамдық бірлестігінің төрағасы.  
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар