Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Біріксек алынбас қамал жоқ - АРҚА АЖАРЫ

Біріксек алынбас қамал жоқ

Кең байтақ қазақ жерін мекен еткен көп ұлттың бірі – өзбектер. Ақмола жерінде де осы өзбек ұлтының өкілдері бар. Солар өз тілін ұмытып, салт-дәстүрлерінен қол үзіп қалмасын деген ниетпен аталған мәдени орталық құрылған болатын.

Оның жұмыс істей бастағанына биыл жетінші жыл болады. Жалпы, облыста жүзге тарта өзбек отбасы тұрып жатыр. Біз солардың басын қосып, қоғам үшін пайдалы болар түрлі игі істерге жұмылдырсақ па деген ойдамыз. Мәселен, жаңа жыл мерекесі қарсаңында қаладағы бірқатар мүмкіндігі шектеулі жандарды дәмханаға шақырып, олар үшін мәдени бағдарлама ұйымдастырдық. Ондағы мақсатымыз – олардың да теңқұқылы ел азаматтары, қоғамға қажет екендіктерін сезіндіріп, көңілін сергіту болатын. Шара соңында олардың білдірген ризашылықтары мен жылы ықыластарына қарап осы мақсатымызға жеткендей болдық. Бұл бастамамыз «Жақсылық жасауға асық!» акциясымен өз жалғасын тапты.
Біздің бүгінгі бейбіт күнде өмір сүріп, қалаған қызметімізді атқарып жүргендігіміз – ол майданда ел үшін жан аямай, қан төккен ерлеріміздің арқасы. Сондықтан да, біздің аға ұрпаққа деген алғысымыз шексіз, қашанда олардың алдында басымызды иеміз. Осыған орай, биылғы мерейлі Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында бірқатар ауқымды шараларды ұйымдастырып, Отан үшін отқа түскен ардагерлерге деген өз ықыласымызды білдірсек пе деп отырмыз.
Менің ойымша, біздікі сияқты қоғамдық ұйымдардың жұмысы есеп үшін  құр ресми шараларды өткізе салумен шектелмеуі керек. Олардың қоғамның әр табымен жұмысты жолға қойып, соларда бар мәселелерді шешуге қол ұшын бергені дұрыс. Басты бағдарымыз  осы болғандықтан да, нақтылы істерге, нәтижелі шараларды өткізуге көп көңіл бөлеміз. Тұрып жатқан қаламыздың жан-жақты өсіп-өркендегенін қалаймыз. Шама-шарқымызша оған да атсалысудамыз деп ойлаймын. Тек бұл жолда бәріміз бірге болсақ, қажет кезде жұдырық болып жұмыла білсек – біз алмайтын қамал қалмайды. Сондықтан да, әрқашан бір болуымыз керек, әрі осыны соңымыздан еріп келе жатқан жастардың санасына сіңіре білгеніміз абзал.
Бір болу дегеннен шығады. Біз онсыз да түбі бір халықтармыз ғой. Қазақтың тұсаукесер, сүндет тойы, келін түсіру салттары, басқа да көптеген дәстүрлері өзбектікімен ұқсас. Самарқанның көк тасы жібіген, барша Шығыс халқының ұлық мейрамы – Наурызды да бірлесе тойлаймыз. Сіздер наурыз көже пісірсеңіздер, күн мен түн теңесер жыл басында біз сумалак дайындаймыз. Сабағы он сантиметрге дейін өсірілген бидайді үгіп, оны ұнмен араластыру арқылы бір тәулік қайнатамыз. Осы сәтте бар туған-туыс, көрші-қолаң мен жора-жолдас жиналып, ән айтып, би билеп, думандатады. Бұл күні араздасқандар татуласып, бір-біріне деген өкпе-реніштерін кешіріп, жаңа жылға ақ пейіл, таза ниетпен қадам басады.
Ал, енді өзім жайлы айтар болсам, мен Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданының тумасымын. Түстіктегі фосфор зауытында ширек ғасырдай еңбек еттім, шыңдалдым. Демікпемен ауыр-ып, денсаулық жағдайыма байланысты Көкшетауға келдім. Меймандос мекен мені де өзектен тепкен жоқ. Бірден сіңісіп кеттім. Жұпар ауасы жаныма ем, көңіліме дем болды. Бизнесті қолға алып, облыс орталығынан дәмхана аштым. Жолдасымыз екеуміз бір қыз  тәрбиелеп өсірдік. Қазір содан төрт немере сүйіп, шаттыққа кенеліп отырған жайымыз бар.
Бірлестіктің жетекшілігіне келгеніме көп уақыт өте қойған жоқ. Дегенмен, алдағы уақытқа жоспарларымыз жетерлік. Қазір би үйірмесін ұйымдастырып жатырмыз.  Төл мерекеміз – Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы қарсаңында жоғары деңгейде өткізуді көздеп отырған түрлі шараларымыз да жетерлік. Ең бас-тысы, осы ізгілік жолындағы істеріміз берекелі болғай демекпін.

Тожибуви МЕДЕТОВА,
«Өзбек мәдени орталығы»
қоғамдық бірлестігінің төрайымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар