Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сырт алаңдағы ірі жеңіс - АРҚА АЖАРЫ

Сырт алаңдағы ірі жеңіс

Соңғы екі ойынында жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі жағдайын әжептәуір түзеген Көкшетаудың «Оқжетпесі» сәрсенбі күні «Таразбен» өткен ойында алаң иелерінен 2:6 есебімен басым түсіп, қатарынан үшінші жеңісіне қол жеткізді.

Бұл ойында ірі есеп тіркеледі деп ешкім ойламағаны анық. Әсіресе, «Оқжетпестің» пайдасына. «Тараз» да биыл «Оқжетпес» сияқты Премьер-Лиганың қатарына бір жыл үзілістен кейін жаңадан қосылған команда. Былтыр бірінші лигада жерлестеріміз бірінші, бұл клуб екінші орынға тұрақтап, екеуі де жоғары топқа жолдама алған еді. Сондықтан, бұл жолғы ойын екі команданың арасындағы принципті, яғни, мықтыны анықтайтын ойын болатын. Әзірге Премьер-Лигадағы ойындарын «Оқжетпес» сияқты әлсіз бастағанымен, «Таразда» да намысты қолдан бермейтін шебер футболшылар жоқ емес, баршылық екені өткен турлардан байқалып қалған. Оның үстіне соңғы жетінші турда «Оқжетпес» өз алаңында 1:0 есебімен «Ертістен» басым түссе, «Тараз» сырт алаңда 2:3 есебімен «Ақтөбені» қапы қалдырды. Сол себепті, бұл жолы тартысты ойын боларына болжам жасаған біз алаң иелері ретінде жамбылдықтардың мысы басымдау екеніне ой тоқтатқанбыз.
Жоқ, кездесуді олар емес, жерлестеріміз сенімді бастағандай көрінді. Бірден алаң иелерін өз қақпасына тықсырып, аздаған минуттарда екі-үш рет қақпаны көздеп те үлгерді. Бір құптарлығы, «Оқжетпес» қорғаныс пен алаңның орта тұсында жүріп алмай, шабуылды үдетті де отырды. Ал, шабуыл шебі жөндем команданың әйтеуір көздегеніне жетпей қоймайтыны футбол тактикасынан белгілі. Сол сөзіміздің растығындай, ойынның 13-інші минутында Стояновичтің орындаған бұрыштама добын «Тараздың» қақпашысы қайтарамын дегенінде, өз қақпасына кіргізіп алды.
Алайда, бұл есеп ұзаққа бармады. «Таразда» да жақсы орындау-
шылар бар демекші, көп өтпей алаң иелері есепті теңестірді. Әрі Бабахановты қапы қалдырған бұл гол айып алаңынан шеберлікпен, тамаша соғылды. Бұдан әрі де әдемі ойын өрнегін көрсеткен екі команда ойыншылары шабуылды бетке алды да отырды. Сондай кезекті шабуылдардың бірінде тараздық легионер Эливелто орындалуы жағынан біріншісінен кем түспейтін екінші голын соғып, яғни, дубль жасап, жергілікті жанкүйерлерді бір желпінтіп тастады. Осыдан кейін біздің көңілімізде «Оқжетпес» есепті теңестіре ала ма деген қобалжу да бой алмай қоймаған.
Дегенмен, бұл күні Карповичтің жігіттері ерледі. Ойынның бірінші кезеңінің аяқталуына он минуттай уақыт қалғанда Дарко Зорич айып алаңына әуелеп келген допты жандәрменімен қақпаға салып жіберді. Сөйтіп, екі команда үзіліске тең есеппен кетті. Одан әрі екінші тайм алаң иелерінен шеберліктері де, шабуыл қарқыны да үстем болған көкшетаулықтардың басымдығымен өтті. Оған жерлестеріміздің 45 минутта қарсыластар қақпасына төрт гол соққаны дәлел. Гол қардай жауды деп әсерілемесек те, олар араға азын-аулақ уақыт салып, бірінен соң бірі тараздықтардың үнжырғасын түсіріп жатты. Әуелі қорғаушы, беларусьтық легионер Владислав Космынин бұрыштамадан берілген допты баспен соғып, қақпаға кіргізсе, Милан Стоянович 11 метрлік айып добын тамаша орындап, есепті 2:4-ке жеткізді. Осыдан кейін-ақ, қалған 18 минутта «Тараздың» «Оқжетпеске» қарсы ештеңе істей алмайтынының, бұл күні өте жақсы ойнаған біздің командаға екі гол соғудың оңай еместігінің шеті көріне бастаған. Оны айтасыз, бұдан әрі сол екі голды қарсыластар қақпасына жарау аттай түлеп шыға келген оқжетпестіктер соғып, соңғы қорытынды есептің 2:6-ға жеткені тіпті күтпеген жағдай болды. Бұл арада, әсіресе, Азат Ерсәлімовтың сол қапталда өте-мөте өз бабында болып, айып алаңына пасты әуелете, дәл тастап отырғанын айтпай кету мүмкін емес. «Таразға» бесінші голды сол Азаттың көмегімен Алтынбек Сапаров соқса, жеңістің соңғы әдемі нүктесін өзіне келген допты жерге түсірмей, бірден шалт қимылмен қақпадан бір-ақ шығарған қорғаушы Александр Кислицын қойды.
Осылайша сегізінші турда айды аспанға бір-ақ шығарған «Оқжетпес» «Тараздан» үш ұпайды олжалап, әрі бір ойында бірінен бірі өтетін алты гол соғып, мерейі тасып оралды. Осы жеңістен кейін жерлестеріміздің еншісінде 10 ұпай бар. Олар бұрынғысынша турнир кестесінің сегізінші сатысында тұр. Шынымен де, сенім үдесінен шыға бастаған жігіттеріміз енді 5 мамыр күні өз алаңымызда Қарағандының «Шахтерін» қабылдайды. Бұл жолы ұтса, жетінші орынға табан тірейін деп тұр.
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар