Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Отан жүрегіңнің төрінде жүрсін - АРҚА АЖАРЫ

Отан жүрегіңнің төрінде жүрсін

Газетімізде бұдан бұрын хабарлағанымыздай, облысымызда үшінші жыл қатарынан Отан қорғаушы күні мемлекеттік мереке ретінде аталып өтті. Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен тұспа-тұс келген осы мейрам құрметіне Абылай хан алаңында  өткізілген салтанатты шараға жиналған көкшеліктер мен қала меймандары алдында облыс әкімі  Сергей Кулагин құттықтау сөз сөйлеп, ел абыройын бәрінен биік қойған  кешегі майдангерлер мен бүгінгі бейбіт өмір күзетіндегі әскерімізге ең ізгі тілегін арнады.

«Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, адамзаттық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп, еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!», – деген болатын ел Президенті бір сөзінде. Бұл бар қазақстандыққа қаратылып айтылған үндеу болса керек. Ал, тұтастай алғанда, мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осыдан 23 жыл бұрын Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылған болатын. Аталмыш құрылым құрамындағы әскеріміз бүгінде азат еліміздің тұтастығы мен шекарасының беріктігін қамтамасыз етіп келеді.
Көкшетау қаласының орталық алаңындағы Отан қорғаушы күніне арналған патриоттық шара өзінің тағылымымен есте қалды. Тәуелсіздік алаңында қойылған әскери қару-жарақтар түрлерін тамашалаған жұрт ел қорғау қашанда қастерлі екенін ұғынды. Бұл біздің бабаларымыздан келе жатқан өнегелі жол. Кешегі ел басына күн туған Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік жолы бүгінде азат елдің айбынды сақшыларымен жалғасын тауып отыр. Бүгінгі Елордада бастау алып, жергілікті жерлерде жалғасын тапқан әскери шеру шарасы Отан қорғаудың қасиетін де, қастерлі екендігін де паш етті.
Көкшеліктер орталық алаңдағы жергілікті әскери құрылымдар мен бөлімдер сарбаздарының қатысуымен сап түзеп өткен жауынгерлік шеруді тамашалады. Оған Қарулы Күштердің әскери бөлімдері үшін кәсіпқой сержанттарды даярлап келе жатқан Шоқан Уәлиханов атындағы Щучинск кадет корпусының кадеттері, Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті үшін офицерлер даярлайтын республикамыздағы жалғыз білім ордасы – Көкшетау техникалық институтының, облыс орталығындағы 5510 әскери бөлімінің және орта мектептер мен арнаулы кәсіптік білім беретін оқу ордаларының арасында өткен саптық ән шеруі байқауларының жеңімпаздары қатысты. Жалпы саны 600-ден асатын шеру қатысушылары жаңадан ашылған Мәлік Ғабдуллин ескерткішіне дейін салтанатты маршпен алаңнан жүріп өтті.
Орталық алаңға жиылған жұртшылық алдымен тікелей эфирден Елбасының қатысуымен Елордада өткен жауынгерлік  шеруді тамашалап, құрылықта, әуе мен суда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген ел қорғандарының мемлекетіміздің айбынын танытатын озық әскери техникалармен жасаған арнайы жаттығуларына куә болды. Шеруде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы  Бас қолбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз алып, біздің ортақ Отанымыздың қауіпсіздігі мемлекеттік мүддені бәрінен биік қоятын  рухы асқақ ұландардың қолында екендігін жеткізді.
Иә, бұл дүниедегі біздің бір ғана Отанымыз – тәуелсіз Қазақстанға қалтқысыз қызмет ету және оны қорғау − әрбір азаматтың қасиетті борышы болып табылады. Ал, бүгінгідей дүрбелең заманда заманауи техникасыз ел қорғаудың  мүмкін емес екендігі белгілі. Астанадағы орталық алаңда Ұлы Отан соғысы кезінде қолданылған  техника мен қазіргі заманғы  озық әскери техника көпшілікке паш етіліп, біздің берік қорғанысымызды баршаға мойындатқандай болды.
Осы орайда, өңір басшысы Сергей Кулагин елімізде әскери қызметтің зор беделге ие болып келе жатқандығы мен мемлекетіміздің қорғаныс қабілетінің жылдан-жылға артып келе жатқандығын  ерекше атап өте келе:
– Бұл дүниеде туған ел мен жерді қорғаудан асқан бақыт жоқ. Отан қорғаушы күнінің Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында тойлануы ерлік пен өрліктің, Отанға қалтқысыз қызмет  етудің өшпес үлгісін көрсеткен аталарымыз бен жас ұрпақ арасындағы сабақтастықтың бір көрінісіндей. Қазақстандық сарбаздар мен офицерлер қашанда арын жанының садағасы деп біліп, Отанды сүю мен патриотизмнің айрықша үлгісін көрсеткен қайтпас қайсар жандар болған, солай бола да береді, – деп сөзін түйіндеді.
Облыс әкімі  азат елдің өр рухты тарландары – он ақмолалық азаматқа Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалі мен Сағадат Нұрмағамбетов,  Талғат Бигелдинов атындағы медальдарды және өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге қосып келе жатқан үлестері үшін оларға Алғыс хаттарды табыс етті.  
Салтанатты шара соңы өңірге белгілі өнер шеберлерінің қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар