Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Арыс. Біз біргеміз!» - АРҚА АЖАРЫ

«Арыс. Біз біргеміз!»

Арыс балалары: «Бурабайды көргенімізге қуанамыз!»

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың бастамасымен және жанашыр ізгі ниетімен биылғы жылдың 24 маусымында Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери қоймадағы оқ-дәрілердің жарылысынан зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетілуде.
Көрікті Көкше өңірінің сауықтыру орындарында 500-ден астам балаларды қабылдап, оларға барлық жағдай жасау үшін облыс басшысының нұсқауы ойдағыдай жүзеге аса бастады. Қазір Бурабай ауданының Қатаркөл аумағындағы «Звездный» және «Самұрық» балалар лагерьлерінде Арыстан келген 150 бала жазғы демалыстарын көңілді өткізіп жатыр. «Арқа ажары» газетінің тілшілері осы балалар лагерьлерінде болып, Арыстағы жарылысты көздерімен көріп, куә болған балалардың қазіргі жағдайларымен, көңіл-күйлерімен танысып қайтқан болатын.

Иә, айтуға ғана оңай. Әйтсе де, бейбіт күнде соғыс кезіндегідей қорқынышты бас-тан кешкен бүлдіршіндер жазғы демалыс орталығында алаңсыз демалуда екен.
– Сауықтыру орталығында қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 400-ге тарта бала демалып жатыр. Олардың бәрі де үнемі қуанып келіп, ризашылықтарын білдіріп, қимай қоштасып жатады. Біз де балаларды өз лагерімізде көргенімізге, оларға жақсы көңіл-күй сыйлай алатынымызға өте қуаныштымыз, – дейді бізді қарсы алған «Звездный» балалар сауықтыру орталығының аға әкімшісі Елена Никифорова.

Ал, вожатый Ержан Есмағамбетов болса, Арыс қаласынан келген жиырма балаға алғашқы көмек көрсетіліп, денсаулықтары тексеріліп, жарылыс кезінде алған психологиялық зардаптарын жою мақсатында жұмыс жасалып жатқанын жеткізді.
Өзін Үсен Саятпын деп таныстырған бүлдіршін:
– Арыс қаласындағы жарылыс кезінде мен аулаға шыққанмын. Сол кезде аспан жарылардай болып, қатты күн күркіреді деп ойладым. Бір кезде күшті жел келіп үргендей болды. Мәлика анам тездетіп керек нәрселерін ғана алды да, мені жетектеп, жолшыбай бір машинаны тоқтатып, Шымкенттегі туыстарымызға кеттік. Лагерьге келгеніме өте қуаныштымын. Алысқа бірінші рет шығуым, анамды сағынып жүрмін. Мұнда қиындықтарымызды ұмытуға вожатый Ержан ағамыз бен Әнел апайымыз, басқа да лагерь қызметкерлері жағдайымызды жасап, көмектесіп жатыр. Көптеген балалармен таныстым, – дейді.
Арыс қаласындағы Әліби Жангелдин атындағы №32 орта мектептің 6 сыныбында оқимын деген Тұрлыбек Әбинұр жарылыс кезін қайталап айтуға құлқы болмады, біз де оны қыстамадық. Алайда, оның балалық балдәуренінің алаңсыз өтуіне жазғы лагерьдің пайдасы боларынан үміттендік. Өйткені, мұнда Сұлтанбек Бекішев бастаған Ақмола облыстық «Думан» педагогикалық жасағы» қоғамдық бірлестігінің қызметкерлері балалармен тығыз жұмыс істеуде.
– Мен Арыс қаласындағы Ережеп Молдабаев атындағы №1 негізгі мектептен келдім, 10-сыныпқа өттім, аты-жөнім Салидина Арайлым, – деп таныстырған ол «Звездный» лагері өздерін өте жақсы қабылдап, киім-кешекпен қамтамасыз еткендігін айтып, түрлі ойындар ойнап, демалыстарын тамаша ұйымдастырғанына ерекше қуанышты екенін жеткізді.
– Жарылыс кезінде көрші үйлердің терезе әйнектері сынғанын көріп, қатарынан үш-төрт рет жойқын жарылыс болғанын естіп, қатты қорықтым. Есімде қалғаны, «бензин қымбаттады» деп, ата-анам машинаға бензин алуға кеткен болатын. Далаға қарай қаштық. Бір-бірімізді таппай қалдық. Көшеде қайда тығыларын білмей жүгірген адамдар. Қолымда кішкентай бес айлық бауырым болды. Отбасында алты баламыз. Содан көршінің машинасымен Адырға, одан Ақтас деген жерге жеттік. Кешкі бес, алтыға дейін сонда тұрдық. Тамақ жоқ. Қорқынышымыз күшті болды. Бар білетінім, сусамас үшін қарбыз ғана жедік. Сөйтіп, Шымкентке жеттік, – деп Арайлым өз қорқынышымен бөлісті. Ал, жарылыс болған әскери бөлімшедегі Сұлтанбек Қожанов атындағы орта мектепте оқитын Төлбасар Ақзия лагерьге інісі мен сіңлісі үшеуі бірге келгенін айтып, қиын сәттерін еске алды. – «Біз сол әскери бөлімшеге жақын тұрамыз. Жарылыс болған кезде көршіміздің көлігіне отырып кеттік. Онымен стадионға дейін бардық. Одан әрі бауырларыммен жаяу жүрдік…», – дейді Ақзия.
– Мен Арыс қаласындағы Әліби Жангелдин атындағы №32 орта мектепте оқимын. Арыс қаласындағы жарылыста үлкен қорқыныш орын алды. Бойымызды билеген үрейден осы лагерьге келіп арылдық. Лагерьде көптеген қызықты ойын-сауықтар өтеді. Вожатыйларымыз Ержан аға мен Әнел апайымызға көп-көп рахмет. Өзіме қатты ұнады. Бұған дейін мұндай ғажайып жерге келемін деп ойлаған емеспін. Міне, осындағы жарыстарға қатысып, батыл болуды үйрететін Ақмола облыстық «Думан» педагогикалық жасағының» грамотасына ие болдым. Қиындықтарымызды жеңу үшін бізді осы лагерьге жіберген облыс басшыларына рахмет, – дейді Орынбай Бекболат.
Осы орайда, Арыстан келген балалардың жойқын жарылыстан алған қиындықтарын ұмыттыруға жағдай жасаған Қатаркөлдегі «Звездный» балалар сауықтыру орталығының директоры, халықаралық академиясының академигі, педагогика ғылымдарының кандидаты Арман Өмірзақовты әңгімеге тартқан едік.
– Менің осы лагерьде еңбек етіп жатқаныма алты жылдай болды. Біздің негізгі офисіміз туризм, өлкетану және балалар-жасөспірімдер облыстық орталығы Көкшетау қаласында орналасқан. Жалпы, балалар демалыс орталығы 2010 жылдары пайдалануға берілді. Біз 2016 жылы санитарлық эпидемиологиялық орталық арқылы комиссиядан өтіп, жыл бойы қызмет көрсететін лагерьге айналдырдық. Балалар қысқы, көктемгі, күзгі каникулдарда келіп демалады. Лагерьде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген іс-шаралар және «Жас ұлан», слет, семинар, конференциялар өткізіліп келеді. Арыстан келген жиырма бала жақсы демалып жатыр. Оларға барлық жағдай жасалған. Он күннің ішіне бір рет киелі жерлерге саяхат жасалып, балалар Нұр-Сұлтан қаласынан келген циркті тамашалады. Оған қоса, әркез Ақмола облыстық Шахмет Құсайынов атындағы қазақ-музыкалық драма театры өз қойылымдарымен келеді. Ал, біздің демалушы балаларымызбен «Думан» облыстық педагогикалық отрядының қызметкерлері өздерінің арнайы бағдарламаларымен күндіз-түні үздіксіз жұмыс істеуде. Арыс қаласынан келген балалармен арнайы психолог маман жұмыс істейді. Ол жақтан жиырма бала мен үш жетекші келген болатын. Ақмола облыстық білім басқармасы, облыс әкімдігі оларға барлық жағдайды жасауда. Оларды түгел киіммен қамтамасыз етті. «Бурабай» индустрия, туризм және демалыс ассоциациясы» бірлестігінің басшысы Сәния Ахметова экскурсия ұйымдастыруға көмектесті.
Тағы бір айтарым, 21-24 шілде аралығында облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен Омбыдан ресейдегі қазақ диаспорасымен 30 қазақ балаларын қарсы алғалы отырмыз. Оларға Қазақстанның Бурабайдағы киелі жерлерін көрсетіп, салт-дәстүрлермен таныстыру мақсатында жұмыс істейтін боламыз, – дейді іскер азамат Арман Ғалымтайұлы.
Иә, жалпы бүгінгі таңда жазғы лагерьдің жетіспеушілігі жасырын емес. Оның үстіне Бурабай Қазақстанның ең көрікті жерлерінің бірі болғандықтан, оған келушілер толастамайтыны белгілі. Алайда, «Звездный» лагеріне жеткенше жолда «Дашенка», «Жезказганец», «Восход», «Спутник», «Чайка», «Звездочка», тағы басқа көптеген лагерьлердің жабылғанының куәсі болдық. Сондықтан, жазғы лагерьлер қайта ашылса, құба-құп болар еді. Бұрын Қатаркөл аумағында 16 жазғы лагерь жұмыс істеген екен. Жалпы, Бурабайдағы ең мықты лагерьлердің қатарында алдымен «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы тұрса, одан кейінгі орында «Звездный». Қазіргі таңда жұмыс істейтін лагерьлер саны сиреп қалған. Сол маңдағы «Дискабери», «Лесная сказка», «Самұрық», «Эдельвейс» лагерьлері жұмыс істеп тұр.
«Звездныйдан» жақсы көңіл-күймен шыққан біз «Самұрық» лагеріне ат басын тіредік. Онда Арыстан келген 125 бала жазғы демалыстарын өткізіп жатыр екен. Ондағы балалармен де сөйлесіп, әңгімеге тарттық.
«Самұрық» лагерінде жазғы демалысын өткізіп жатқан Арыс қаласының әскери бөлімшесіндегі Иван Макарович Журба атындағы жалпы орта мектебінің 5-сыныбын бітірген Оразалы Ерасыл:
– Лагерьдегі уақытымыз өте қызықты өтуде. Барлық вожатыйларға алғысымыз шексіз. Өйткені, біз Арыста жарылысты көріп сасқалақтап қалғанбыз. Сол жарылыста снарядтар ұшқан кезде жүрегіміз дүрсілдеп қоя берді. Мен өзім өлең шығарғанды жақсы көремін, деген ол «Жетімдер» туралы өлеңін де оқып берді.
– Мен Арыс қаласындағы №1 Ережепбай Молдабаев атындағы 10-сыныбына баратын боламын. Осы лагерьге інім Ескермес Айбек екеуміз келдік. Отбасында бес баламыз. Жарылыс кезінде ұйықтап жатқан болатынмын. Әкеміз бізді оятып, тездетіп құжаттарымызды алып, Монтайға қарай қаштық деп еске алған Әсел Ескерместің сөзіне інісі Айбек те араласып: – «Арыс қаласындағы жарылыстан қашып Шымкентке келгенде біз осы Бурабайдағы лагерьге шақырту алып қатты қуандық. Мұндағы аға-апаларға алғысымыз шексіз, – деді.
Одан әрі өзін «Самұрық» лагерінің көркемдік жетекшісімін деп таныстырған Жасұлан Жанатұлы: – Бізге Арыс қаласынан 125 бала келіп жазғы демалысын өткізіп жатыр. Балалардың көңіл-күйін жақсарту мақсатында олармен сауықтыру кештерін өткізіп, спорттық іс-шаралар ұйымдастырамыз. Ол жақтағы қиындықтарын ұмытып, күліп-ойнап, тез бейімделіп кетті десем болады. Қазір біз 7 жастан 18 жасқа дейінгі арыстық балаларға қызмет көрсетіп жатырмыз. Мұның ішінде 11-сынып бітіріп келгендер де бар. Мамандығым режиссер болғандықтан, балаларға арналған бағдарламаларға тоқталсам, олар таңертең тұрып, жаттығулар жасап, бес уақыт тамақтанғаннан бөлек, вожатыйлармен бірге топ аралық іс-шараларға қатысады. Түске дейін бассейн, ауа райына байланысты бізде іште де бассейн бар. Күнделікті ән-би үйірмелері өтіп кешкісін, қорытынды концертте марапаттаулар жасалады, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Мектеп жасындағы балалар бола тұра олардың көңіл-күйлерін бөлісу кезіндегі әңгімелерінің өзі тыңдаған адамға қатты әсер ететіні анық. Олардың қайсысының да сөздері мірдің оғындай, тез есейгені ме, әлде оларға жарылыстың әсері ме, қорқыныштарымен қоса, қай сұрағыңа да нық жауап береді. Тосылып, іркілу деген жоқ, ойларын лақ еткізіп айта салады. Сонысымен өздерін жеңіл сезініп қалатындай. Мұның бәріне лагерь қызметкерлері мен вожатыйлардың көмегі зор екені де даусыз. Иә, ойын баласының мұндай қорқынышты сәтті бастарынан кешіп, тіпті, бірінің «Ұлы Отан соғысы кезіндегідей болды» дегені өзіңді де бейжай қалдырмасы анық.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар