Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
13 жаста Жеңіске жанын салған - АРҚА АЖАРЫ

13 жаста Жеңіске жанын салған

Ел басына күн туған сонау 1941 жылы Гүлнәзия Мәжитова  Степногорск қаласының іргесіндегі Сталин (қазіргі Ақсу) кенішінде 13 жастан еңбекке аралас-ты. Заманның қиын, жұмыс тәртібінің қатаң кезі еді. Жер астындағы жұмыс уақыты тәулігіне он бір сағатқа созылады.

Әрмен қарай суланған сырт киімді ауыстыруға бір-ақ сағат уақыт беріледі. Тәуліктік норма бойынша карточкамен жұмысшыға 400, отбасына 200 грамм нан босатылды. Нағима, Қарашаш, Шаштай тәрізді келіншектер, Қалауиден, Дайыр тәрізді ер азаматтар, бәрі-бәрі қоян-қолтық араласа, бірлесіп еңбек етті.
Гүлнәзия апай бес жыл қатарынан кен жөнелтушінің міндетін атқарды. Забойшының қазған кенін сыртқа шығарып тұрады. Бригада жетекшілері Митиннің, кеніш шебері Қайыргелді Нүрпейісовтың ұйымдастырушылық қабілеті, еңбек адамына жанашырлық ниеті, елгезектігі басым еді. Орайы келгенде кен сұрыптаушы да болғаны, кенді тасынан қолмен іріктеп, ажыратқаны әлі есінде. Астыңғы қабатқа бес-алты баспалдақпен түсіп, еңіспен төмен сырғанау, жоғары қарай тізерлеп шығу айтуға ғана оңай.
Әйтсе де, адам баласы басқа түскен сынның бәріне көне де, төзе де береді екен.
Соғыс бітіп, сүйіншілеген арайлы Жеңіс күні жарқырады. Барлық еңбек ауыртпалығын бірге бөліскен әріптесі Дайырмен 1947 жылы отау құрған Гүлнәзия апа жұмысынан қол үзбеді. Дүниеге алғашқы сәбиі келгенде жеңіл еңбекке – күзетшілікке ауысты. Бертін жаңағы кеніште жұмысқа жегілген неміс, жапон тұтқындарын да көргені бар.  
Мамыражай бейбіт өмірде отағасымен бірге он екі перзентке жарық дүние сыйлады. Жетеуін оқытып өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған ардақты ана бүгінгі күнге тәубе етеді.
«Күйеуім де, қайын атам да байсалды, сабырлы адамдар болды. Ол кісілерден көп тағылым алдым. Жалпы жақсы адамдарға жолыққаным үшін өзімді бақытты сезінемін. Еңбек еттім, ұрпақ өрбіттім, келін түсірдім, қыз ұзаттым. Балаларым ел қатарлы білім алды. Бәрі елге сыйлы маман атанды. 23 немере, 15 шөбере көрдім. Бұл да тәңірдің маған берген сыйы. Барым да, байлығым да – ұрпақтарым. Осының бәрін жаста көрген бейнетімнің зейнеті, сол ауыр күндердің рахаты деп түсінемін, – дейді тыл ардагері.
Естеліктен ұққанымыз: бұл отбасынан Салахиден соғысқа қатынаса, аталас туысқандар Сәли, Қасым, Қабдеш, Кәбира тыл еңбегімен ерте есейген екен. Қарияның омырауында жарқыраған «Батыр ана», «Еңбек ардагері», Ұлы Жеңістің мерейтойлық медальдары, Үкіметтің сый-құрметі қажырлы еңбектің өтеуі.Теледидар жаңалығына үзбей құлақ түретін қарт ана 130 ұлтты құшағына сыйғызған, мамыражай тыныштық жайлаған еліне, күннен-күнге жаңарып-жасанған Астананың көркіне сүйсінеді.
–Енді жастар аман болсын, тұрақты жұмыс тауып, еңбек етсін, ұрпағын өсірсін. Елге тыныштық, Елбасымызға сабыр берсін, бізге бұдан артық нендей арман бар, қарағым, – деп ой қорытты ардагер апа.

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар