Кеше Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде 2015 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге дайындық туралы брифинг өтті.
ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы С.Нюсуповтың және ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қ. Әбдиевтің мәлімдеулері бойынша биылғы ҰБТ 2-15 маусым аралығында өткізіледі. Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларына өзгерістер енгізілді. 2015 жылдан бастап кәмелеттік аттестатқа ҰБТ мен пән бойынша жылдық бағаның қорытындысы бойынша орташа арифметикалық сомасындағы құрамдық баға қойылады. Дау тудыратын жағдайда бағаны дөңгелектеу көтеру жағына жасалады. ҰБТ-ның форматы өзгермейді.
Мұндай аттестаттау мектептің жұмысын әділ бағалауға, мектеп бітірушілерге түсетін психоэмоционалдық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Ұлттық бірыңғай тестілеудің өткізу мерзімі екі аптаға ұзартылды. Жыл сайын тест тапсырмаларының базасы 20-30 пайызға жаңартылып отырады. 2014-2015 жылдары база 21 200 тапсырмаға толықтырылды, оның үш мыңы логикалық тапсырмалар. Егер 2012 жылы математикалық тестте 1 логикалық тапсырмадан болса, үстіміздегі жылы екеу. 2016 жылдан бастап ұлттық бірыңғай тестілеуге функционалдық сауаттылықты анықтауға арналған жаратылыстану-математикалық бағыттағы тапсырмалар енгізіледі.
2015 жылдан бастап ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы құпия ақпарат болып есептеледі. Оны жеке сәйкестендіру нөмірі бойынша ғана білуге болады. Тізімде бітірушінің аты-жөні, тегі жеке сәйкестендіру нөмірімен алмастырылады. Сондай-ақ, ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы Ұлттық тестілеу орталығының www.testcenter.kz сайтында жарияланады. Сайтқа кіру үшін жеке кодты енгізу талап етіледі.