Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалым Шойкиннің төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің кезекті отырысында Степногорск қаласы мен Егіндікөл ауданындағы ақпараттық түсіндіру топтарының жұмыс есептері тыңдалып, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіндегі 2017-2020 жылдарға арналған дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды. Сондай-ақ, облыстық ақпарат құралдарының этоносаралық, дінаралық қатынастарды нығайтудағы рөлі жөніндегі мәселе талқыланды.
Ең алдымен, Степногорск қаласы әкімінің орынбасары Гүлназ Әбілова діни ахуал туралы ақпараттық түсіндіру тобының атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндап берді. Баяндамашының айтуынша, қазір қалада 11 тіркеуден өткен діни бірлестік жұмыс істейді. Ақпараттық түсіндіру тобы қаладағы дінаралық қатынасты жақсарту бағытында тұрақты жұмыстар атқаруда. 2018 жылы 5750 адамды қамтыған 133 шара өткізілсе, биыл жыл басынан бері 50-ден астам шара өткізілген. Ақпараттық түсіндіру тобы қала аумағындағы түзеу мекемесін де қамтып, теріс ағымдардың залалы туралы әңгімелер өткізіп тұрады. «Насихат» қоғамдық бірлестігінің өкілі теолог Рүстем Сәдуов осындай 44 кездесу өткізген. Сонымен бірге, Науан хазірет мешітінің наиб имамы Данияр Кенжалин мен Қуаныш Райқұлов 306 адамды қамтыған 21 кездесу өткізіпті.
Егіндікөл ауданы әкімінің орынбасары Алтыншаш Көпжетерова да аудандағы ақпараттық түсіндіру тобының атқарып жатқан жұмыстары жайында баяндап берді. Жыл басынан бері дін тақырыбында жергілікті газет пен әлеуметтік желілерде 26 мақала жарияланған. Өңірлердегі ақпараттық түсіндіру топтарының жұмыстары туралы есептеріне орай, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалым Шойкин жергілікті жерлердегі теріс ағымдардың насихат жұмыстарына тосқауыл қою бағытында назар аударатын бірқатар мәселелерге тоқталды. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген ұлттық құндылықтарымызды насихаттай отырып, оны теріс ағымдарға тосқауыл қою жұмыстарына пайдалануға болады. Ұлттық дәстүрін сақтаған адам ешқашан сәлафи сияқты теріс ағымның жетегіне ермейді. Сонымен бірге, әйел жамағатпен жұмыс жасайтын теолог, психолог сияқты мамандардан құралған жұмыс тобын құру да қазір маңызды міндет болып отыр. Түзеу мекемелерінде жұмыс істейтін теологтардан құралған насихат тобы құрылса, бұл да қордаланған бірқатар мәселелерді шешуге игі ықпалын тигізер еді.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры Аманбай Сейтқасымов оқу орнындағы 2017-2020 жылдарға арналған дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. 7 мыңнан астам студент оқитын, 500-ден астам оқытушы қызмет ететін үлкен оқу орнында теріс ағымның таралып кетуіне жол бермеу бағытында тұрақты жұмыстар жүргізіледі. Университетте тәрбие жұмыстары жөніндегі кеңес құрылған және онда теріс діни ағымдармен жұмысқа жете көңіл бөлінеді. Университеттің сайтында дінге қатысты мақалалар жарияланып тұрады. 2018 жылы оқу орнында тарих және дінтану мамандығы ашылып, онда мектептегі дінтану пәнін оқытатын оқытушы даярлау қолға алыныпты. Өткен жылы сондай-ақ, жаңадан ашылған медицина бөліміне Үндістаннан бір топ студент жастар келіп оқи бастаған. Олардың бәрі ислам дінін ұстанатын Кашмир провинциясынан екен. Шетелдік студенттердің арасында жат ағымды ұстанатындардың болмауы да үнемі бақылауда ұсталады.
«Ақмола-Тіршілік» серіктестігінің директоры, белгілі қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев ақпарат құралдарында дін тақырыбын жазу мәселесі жайында айтып берді. Облыстық «Арқа ажары» газетінде дін тақырыбына арналған арнайы айдарлар бар және бұл тақырыпта теологтар мен дін қызметкерлерінің, ғалымдардың мақалалары үзбей жарияланып тұрады. «Акмолинская правда» газетінің бас редакторы Серік Смағұлов «Акмолиснкая правда» газетіндегі дін тақырыбында жарияланып жүрген мақалалар туралы әңгімеледі.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы, облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин отырысты қорытындылай келе, оған қатысушылар тарапынан көтерілген жекелеген ұсыныстар мен пікірлердің түгел ескерілетіндігін және алдағы кеңес отырыстарында талқыланатындығын айтты.
Қалкөз ЖҮСІП.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.