Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Азаматтық қоғам баршамыздың белсенділігімізбен ғана дамиды - АРҚА АЖАРЫ

Азаматтық қоғам баршамыздың белсенділігімізбен ғана дамиды

Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, бүгінгі таңда облысымызда 695 үкіметтік емес ұйым ресми тіркелген. Соның 400-ден астамы нақты жұмыс істеп тұр. Осы орайда біз қоғамдық ұйымдардың азаматтық қоғам құрудағы белсенділіктері қалай, бұл бағытта қандай мәселелер, жаңалықтар барын білу мақсатында «Болашақ біздің қолымызда» корпоративтік қорының жобалар менеджері Бақшагүл Нұрмолдинамен әңгімелескен едік.

–Жалпы, азаматтық қоғам дегеніміз не, ол өңірімізде қалай дамып келеді? Алдымен, осы жайында тоқталып өтсеңіз.
–Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев азаматтық қоғам рөлін арттыру «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары мақсаттарының бірі екенін айтқан болатын. Азаматтық қоғам деп мемлекеттік құрылымнан тыс қалыптасатын əлеуметтік-экономикалық жəне мəдени-рухани қоғамдық қатынастардың жиынтығын айтады. Ол жеке тұлғаның емін-еркін дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды. Бұл қоғамда мемлекеттің жеке адам өміріне араласуына шек қойылады.
Азаматтық қоғамның құрамына адамдардың өздері құрған қауымдастықтар, яғни кооперациялар, ассоциациялар, қоғамдық ұйымдар, кəсіби, шығармашылық, спорттық, этникалық жəне басқа бірлестіктер, азаматтардың, өндірістік жəне жеке өмірі, олардың əдеп-ғұрпы, салттары кіреді. Мұнда белсенді іскерлікке, тапқырлыққа, жемісті еңбек етуге кең жол ашылады.
Бүгінгі таңда біздің облысымызда ресми тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың саны 700-ге жуықтайды. Бірақ, олардың барлығы жемісті жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйым ашып, оны арнайы базада белгілетіп отыру немесе көзбояушылық үшін бір-екі болмашы іс-шараны өткізе салу жеткіліксіз. Көпке топырақ шашайын деген ойым жоқ. Алайда, шындығы осы.
– Жоғарыда Азаматтық қоғам инс-
титуттарын құру барысында белсенді іскерлікке, тапқырлыққа, жемісті еңбек етуге кең жол ашылатынын атап өттіңіз. Демек, қоғамдық ұйымдар қай бағытта жұмыс істейміз десе де өз еріктері ғой. Оның үстіне мемлекеттен әлеуметтік тапсырыс аясында арнайы гранттар берілетіні де белгілі.
–Иә, жұмыс істеймін деген үкіметтік емес ұйымдарға қашанда жол ашық. Өкінішке орай, қазіргі таңда жәй ресми тіркеліп, ал іс жүзінде шөп басын сындырмайтын қоғамдық ұйымдар көбейіп кетті. Олай болмайды ғой. Әділет органдарында ұйым ретінде тіркелгеннен кейін бастаған істі әрі қарай ширатып, жобалармен жұмыс істеу керек. «Болашақ біздің қолымызда» корпоративтік қоры өз қызметін 2009 жылы бастады. Өткен маусым айынан бастап жаңа жобаны қолға алдық.
Нақтырақ айтсақ, облыс орталығында үкіметтік емес ұйымдарға «бір терезе» ұстанымы бойынша тегін қызмет көрсетуге арналған Азаматтық орталығын аштық.
–Осы ретте, бұл жоба жайында кеңінен тоқталып өтсеңіз.
–Әрине, мен айтып отырған жоба Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранты аясында 2019-2021 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Азаматтық орталықты ашудағы негізгі мақсат – облысымыздағы үкіметтік емес ұйымдарды қолдау болып табылады.
Тағы бір айта кетерлігі, орталық өз қызметін тегін жүзеге асырады. Қоғамдық ұйымдарға жобаларға, гранттарға, мемлекеттік тапсырыстарға қалай қатысуға болатынын түсіндіреміз, бухгалтерлік есеп бойынша көмек көрсетеміз. Орталықта күні бойы тегін кеңес беретін есепші отырады. Жүйелі түрде әдістемелік шараларды, дөңгелек үстелдер мен семинар-тренингтер өткіземіз. Үкіметтік емес ұйым ашқысы келетін азаматтар да Көкшетау қаласы, Абай көшесі 112 үйде орналасқан 208 кабинетке келіп, ақпарат ала алады. Сондай-ақ, инстаграм, Facebook секілді әлеуметтік желілерде де корпоративтік қорымыздың парақшасы бар. Жақында ғаламторда өз сайтымызды ашқалы жатырмыз.
Келушілерге «Болашақ біздің қолымызда» корпоративтік қорының атқарушы директоры, осы жобаның жетекшісі Жанат Жақыпов заңгерлік кеңес берсе, мен бүгінгі заманның сұранысына сай қолға алуға болатын жобалар жайлы түсіндіремін. Жыл соңына дейін жаңа жобамыздың аясында 15 шақты іс-шара өткіземіз деп отырмыз. Олардың барлығы да азаматтық қоғамды дамытуға үлес қосады деген сенімдеміз.
–Рахмет, істеріңізге сәттілік тілеймін.

Әңгімелескен Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар