Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ортағым, тағы ерледің! - АРҚА АЖАРЫ

Ортағым, тағы ерледің!

Иә, туған ауылымыз үшін сөз жоқ, осылай шаттануымызға болады.  Бұл және әсіре мадақ емес, шынайы қуаныш сөзі. Орындалған арман, оңынан оңғарылған тілек тәубешілігі.

  Осы ауылдың осы қотанында дәл бұлай бұрын да толқып едік. Көкше өңірінде алғашқылардың бірі болып мына жаңа мешіт ашылғанда. Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерекесінде қан майданда шәйіт болған боздақтар мен  соғыстан аман келіп, туған топырақта көз жұмған ардагерлер рухына ұлан-асыр ас берілгенде.
Тегі, бұл Ортақты өрге сүйрейтін ауызбірлігі, өткенін ұмытпауы. Мұндай іске білек сыбана кірісіп, бір кісідей жұмыла алып кетуі. Зер салып көрсең, тарау-тарау тарихы әріге тартады. Жиырмасыншы жылдары Көкшетау қазақ болыстық ревкомы осы жерде тұрып, оның төрағасы сол кезде қылшылдаған жас, кәдімгі академик жазушы Сәбит Мұқанов болған. Бір кезде анау қырда айнала ізгілік нұрын сеуіп, атақты Нығметжан-Тәшеннің көк мешіті тұрған екен. Оның қабырғасынан бірнеше қажы, бертін бүкіл Көкшетаудың дін басы болған Момақан имам шыққан. Бүгінгі сауабы мол осы істі де солардың аруағы қолдап, желеп-жебеп тұрғандай.
Ауыл қотанындағы ығы-жығы халық, ортада ашылайын деп жатқан еңселі ескерткішке көз салып, дінге сенімің кәміл бұл заманда осылай ойлап қоюың да заңдылық шығар.  Осы Ортақ ауылынан Ұлы Отан соғысына барлығы 143 азамат аттаныпты. Азамат болғанда қандай! Өз атамыз Кәкенді де үлкендер керемет әнші еді, соғысқа домбырасын бірге ала кетті деп отыратын. Әттең, оралуға жазбады. Жазмыштың сол бұйрығы тағы 89 боздақтың туған елге жолын кесті. Бір үйден екі-үшеу, төртеуден келмегендері бар.
Сол Жеңістің 65 жылдығындағы ұмытылмас ас Кеңес Одағының көп ауылға бір қалыппен соғып берген орыс пішіндес солдаты төбе көрсеткен ескерткіш жанынан басталып еді. Одан жанға не батады, қан майданда көз жұмған қанша қыршынның аты-жөніне бір тұсынан  орын тимей, ескерусіз қалғаны бататын.   Шетте жүрсе де, туған ауылымен біте қайнасқан, елдің көкірегі ояу, көзі ашық ендігі үлкенінің бірі  Сәбит  Мұқанов ағамыздың сол жолғы:
–Келесі бір басты парызымыз көп болып осы істі қолға алу, – деген сөзінің  заманның ыңғайына қарай әр көкіректе әрқалай болжанған  жайы да бар еді сонда.
Әйткенмен,  қолға алса, бітпейтін іс жоқ екен. «Көп түкірсе көл» деген. Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі жақындаған сайын осы ой тыным бермеген болуы керек, әуелі Сәбит ағамыздың өзі өткен күзге салым «кейін жинап берер» деп өз қаржысына жасатқан 11 мәрмәр тақтаны ауылға жеткізіп тастаған. Осы шаруамен кейін де анда-мында қанша жүгіргенін олай-бұлай өткенде редакцияда оқтын-оқтын кездесіп қалатын мына біз білеміз.
Бұл арада ауыл азаматтарының да ата-баба алдындағы өз парыздарын терең түйсінгенін қалай айтпайсыз. Көппен бітетін сауапты істі іліп әкетіп, қар түскенше ескерткішті біршама көтеріп қойды. Оң ниетке керек-жарағы да оралды, демеушілер, шеберлер де табылды. Қалған жұмысы енді қыстан кейінгі қысқа уақыттың еншісінде еді. Тәңірім оның да орайын келтіріп, 8 мамыр күні мұндай шараларды өткізіп те жүрген, өткізе де білетін ауыл қотанындағы еселенген ел қуанышын, арқа-жарқа жұрт тебіренісін көрсеңіз. Жан-жақтан ағылған майдангерлер ұрпағы, сол сұрапыл қиын-кескі шайқастарда оққа ұшқан, хабарсыз кеткен есіл ерлердің ағайын-туысы – мұндайда ара-қашықтық, уақыт деген өлшем де сөз бе екен. Мәселен, кезінде Қазақстан Магниткасында  Елбасымен бірге еңбек етіп, бірге оқыған Қайырбай Сәлімов ағамыз алып-ұшып, Қостанай облысының  Рудный қаласынан жетіпті.  
Көптің тілегі қабыл болған жаңа ескерткіште мәрмәр қара тасқа 138 адамның аты-жөндері қашалып жазылған. Оның 80-і ұрыс даласынан оралмаған қыршын боздақтар. Қалғандары қан майданнан аман келіп, елден дәм-тұз бұйырған, ұрпақ өрбітіп, бейбіт күннің игілігін еселеген, труд армияны көрген бір шоғыр ауыл ардақтылары. Осы күні арамызда бірі де жоқ. Әр ауыл өзі үшін ең соңғы Жеңіс солдаты кім, жатқа білетін шығар.
Ортақ үшін ол – Балтабай Нұрпейісов атамыз. Сол асылдарымыздың көзіндей бірер жыл тұра тұрды да, келместің кемесімен кете барды. Бұл да тарих, жүрегіңді шым еткізетін тарих. Осы ескерткіште  соғыстан оралмаған боздақтарымыздың 10-ы кем. 90 болуға тиіс еді. Аты-жөндері көмескіленіп, білетін адамдар да қалмай, мәрмәр тасқа түспеген.
– Оларды да анықтап, осы тізімге қосу келер күннің еншісінде, – деген Сәбит ағамыздың нық сөзі толқыған көңіл кемерін  одан сайын тағы бір тербете түседі.
Ауыл әкімі Жанғабыл Әбдіғапаровтың басшылығымен ел азаматтары, жергілікті орта мектеп пен мәдениет ошағы бұл күнге әдеттегідей мүлтіксіз дайындықпен келген екен. Міне, салтанатты жағдайда көптен күткен еңселі ескерткіш те ашылып, іргесін гүл шоқтары алау-лата түсуде. Бүгінгі бақытты ұрпақтың ел басына күн туғанда қолына қару алып, осы бейбіт өмірді сақтап қалған бір-бір қимастарына көңіл түкпірлеріндегі мың-мың тағзымы бұл. Оқушылар қойылымы, майдан әндерімен жеткен отты жылдар елесі де әрі таныс, әрі жан шымырлатарлықтай шерлі. Республикалық «Хабар», «24 КZ» телеарналарының осы оқиғадан тікелей көрсетілімдері де біздің ауылдарымыз үшін жаңалық еді.  Осы айтулы оқиғаға арналған митингіде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жанатбек Қалабаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқтар Шалабаев, ауыл ақсақалы Тілепберген Ғайсин, ел ағалары Сәбит Мұқанов, Айдархан Бейсенбаев, Төлеген Нұрғалиев, облыстық тіс емханасының бас дәрігері, меценат Сағынтай Кенжетаев, ақын, әнші-композитор Тыныштық Шәменов, ұлағатты ұстаз Зәуреш Баймұқанова  өз сөздерінде бәрінен бұрын елдің елдігіне, соғыс салған тауқымет пен соның халық жадынан өшпегеніне баса екпін берді. Бұл Ортақ соғыс басталып, жау жағадан алысымен, қан майданға осы төңіректен өз азаматтарын ең көп аттандырған ауылдардың бірі. Олардың қас дұшпанға сондағы қаһарынан да еш осалдық таба алмайсыз.
Айталық, кейін ірі өндіріс ұйымдастырушысы болған Сейполла Мұқанов «Қызыл Жұлдыз», екінші және үшінші дәрежелі «Даңқ» ордендерімен оралды. Батыр Бауыржандай қайсар мінезді Болатхан Әкімов сол соғыстың «Қызыл Жұлдыз» орденін тағынып, қол бастаған ержүрек офицері еді. Жоғарыдағыдай «Даңқ» орденін Сансызбай Жапаров, «Отан соғысы» орденінің екеуін Қабдөш Шәріпов аталарымыздың омырауларынан да көретінбіз. Бүгінгі таңда да Интернет арқылы ортақтық майдангерлердің сол соғыста тапсырылмаған наградалары біртіндеп шығып жатыр.
Жуырда хабарсыз кеткен Бекен Сауытовтың дерегі табылды. 1942 жылдың 15 сәуірінде Ржев маңында екі жақтың қырық дивизиясы қатысқан  қанды қасапта ерлікпен қаза тауып, қазіргі Тверь облысы Погорелки деревнясындағы 6132 жауынгер жатқан бауырластар зиратында жерленген екен.
Шіркін, мұндайда осы халықтың бәріне аз-мұз микрофон берсең, айтар сөз әркімнен-ақ табылар еді-ау.
–Менің де көкейімде сол сәт туған ауылымның бар қадір-қасиеті сайрап тұрды, – дейді осы бүгін ғана өзіміз аз-мұз әңгімелесіп қалған Орынбай Мұхамедқалиев ағамыз. – Тоқсаныншы жылдары казактар Көкшетауда «үлкен шеңберін» өткізбекші болып, дүрліккенде, «ел намысы – ер намысы» деп бір-бір атқа қонып, қалаға атойлап жеткен осы Ортақтың жігіттері еді. Одан нарық келіп, жұмыссыздық қинады. Тағы да ауылымыздың қыз-келіншектері бірінші болып Көкшетаудың базарына сүт-қаймақтарын шығарып,  үлгі көрсетті. Әлі де солай. Ауылды ұстап тұрған осы ет тірлік. Білетін жұрт «Ортақтың қымызы-ай» деп тамсанады. Оған кешегі өнегемізді қоссақ, неге Ортағым деп тебіренбеске!
Енді бұл ауылда екі ескерткіш. Бірінен кейінгі ұрпақ кешегі зұлым жауды жеңген кеңес әскерінің айбарын таныса, екіншісінен, сол Ұлы Жеңіске үлес қосқан ата-бабаларының аяулы есімдеріне қанығады. Осы арада біз де «Ортағым, тағы ерледің!» деп осы мақаланың  соңғы нүктесін қойғанды  жөн көрдік.        

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар