Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бүгінгі күннің басты міндеті - АРҚА АЖАРЫ

Бүгінгі күннің басты міндеті

 

Облыс әкімі Сергей Кулагин осы аптада кезекті жұмыс сапарымен Зеренді, Сандықтау, Бұланды және Бурабай аудандарында болып, өңірлердің жағдайымен танысты, көктемгі егіс, құрылыс, қысқа дайындық жұмыстарының барысына көңіл бөліп, шешімін күткен мәселелерді  қарастырды.

Зеренді. Сапар барысында облыс басшысы «Викторовка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқаптарын аралап көрді. Шаруашылықтың жалпы егістік көлемі 12 150 гектарды құрайды. Оның 7000 гектары бидай болса, қалғаны арпа, сұлы, зығыр тәрізді майлы дақылдар. Серіктестік көп жылдан бері дәнді және майлы дақылдарды өндіруде озық технологияларды қолданып келеді.  Жерді нөлдік технологиямен өңдеудің заманауи әдістерін қолданып, органикалық және минералды тыңайтқыштарды пайдаланады. Шаруашылықта дәнді және майлы дақылдарды егу мен өңдеуге дейінгі аралықтағы барлық жұмысты атқару үшін арнайы техникамен толық жарақталған. Өткен жылы гектар берекесі 20 центнерден айналса, диқандар биыл одан да жоғары көрсеткіштен дәмелі.
Жалпы,  ағымдағы жылы ауданда 155,5 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар егілмек. Ал, мамырдың 19-на дейінгі мерзімде жоспардың 3,7 пайызы орындалған екен. Жалпы алғанда, 6,9 мың гектарға майлы дақылдар, 5,3 мың гектар алқапқа жемазық, 1160 гектар жерге картоп отырғызылмақшы. Әрі көктемгі егіс науқанында 1,1 мың сеялка мен 72 өнімділігі жоғары  егіс кешені пайдаланылады. Жанар-жағар-май мен қосалқы бөлшектер жеткілікті. Көктемгі дала жұмыстарына барлық шаруашылықтар тап-тұйнақтай дайын.
Сандықтау. Облыс әкімінің жұмыс сапары одан әрі осы ауданда жалғасты. Биыл сандықтаулықтар 468,4 мың гектар жерге дәнді дақыл тұқымын сіңіруді межелеп отыр. Оның 296,9 мың гектарына бидай себіледі.  Бүгінгі таңда  диқандар 6,5  мың гектар жерге дәнді дақылдар егіп үлгерген екен. Жоспарлы түрде тұқымның сапасы тексеріліп, оның  94,6 пайызы  сұрыпталған деп танылды.
Ал, «Свободное» серіктестігі 14721 гектар  бидай, 2500 гектар арпа, 150 гектар сұлы  екпек. Шаруашылықта өткен жылы астық кептіретін қондырғылар да орнатылған. Мұндай бір қондырғы тәулігіне 1 мың тоннадан астам бидайды кептіре алады.
Сапар соңында облыс әкімі Зеренді, Сандықтау аудандарының селолық округ әкімдері мен ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларының қатысуымен көктемгі егіс жұмыстары мәселесі бойынша жиналыс өткізді. Онда «KazBeef LTD» серіктестігінің директоры Серікбай Садықов электр қуатының қымбаттауы алаңдатып отырғанын жеткізді. Өңір басшысы бұл түйткілді мәселе Көкшетау қаласында жылу электр орталығын салғанда шешілетінін де айтып өтті.
Сергей Кулагин облыс шаруашылықтарының көктемгі егіс жұмысына 5 миллиард 75 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінгенін хабардар етті. Аталған қаржы  егіс науқанындағы барлық қажеттіліктерді өтеуге жеткілікті. Өңір басшысы Үкіметке несиені әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың көмегінсіз алу мәселесін ұсынғанын да тілге тиек етті. Алдағы уақытта бұл ұсыныс құпталса, несие төлеу шаралары жеңілдетілмек.
– Әр шаруашылық  сапалы тұқым және жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етілген. Ендігі меже, егін егуді тезірек аяқтап, болашақ астықтың сапалы болуын қамтамасыз ету. Бұл біздің алдымызда тұрған басты міндет, – деді облыс әкімі.
Сонымен бірге, жиын барысында ауылдарды абаттандыру, жолдарды жөндеу, жылу маусымына дайындық мәселелері де көтерілді.
БҰЛАНДЫ. Макинск қаласында салынып жатқан 420 оқушыға арналған жаңа мектепте қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қызу қолға алынған. Білім ордасын алдымыздағы жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беру  көзделіп отыр. Сол себепті,  қалған екі-үш айдың ішінде мердігерлер қайткен күнде де нысанды тапсырулары тиіс.
– Өйтпеген жағдайда мердігерлер облыс аумағында бірде-бір құрылыс алаңына жіберілмейді, – деп қадап айтты мектеп құрылысымен танысқан облыс әкімі.
Осы орайда, өңір басшысы мектеп құрылысында жобалау  кезінде кеткен бірқатар кемшіліктерді анықтап,  тез арада жою жөнінде нақты тапсырма берді. Осы маңда иесіз жатқан бұрынғы кірпіш зауыты мен қаңырап бос тұрған көпқабатты тұрғын үй ғимаратын коммуналдық меншікке алып, қалпына келтіру мәселесін көтерді.
Аудан орталығындағы абаттандыру жұмыстарына көңіл бөліне бастапты. Вокзал маңындағы алаң жөнделіп, суағарлар қалпына келтірілуде. Сондай-ақ, электр бағандары ауыстырылып, гүлзарлар орнатылуда. Жақында қаланың орталық көшелеріне жөндеу жұмыстары қолға алынбақшы.
Сонымен қатар, облыс әкімі аудандық орталық аурухананың қалпына келтірілген ғимараты мен Купчанов психо-неврологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінде болды. Соңғысында бүгінгі күні облысымыздың әр өңірінен келген  қариялар мен денсаулығында кемістігі бар 510 адам емделіп жатыр. Облыс басшысы науқастардың жатын бөлмелері мен асхананы аралап көріп, дәрігерлер ұжымымен кездесті.  Мекеменің шатырынан су сорғалап ағып тұр. Күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан, облыс әкімі мекеме басшылығына он шақты күннің ішінде қанша қаржы, қанша материал қажет екенін анықтап, ұсыныс жасау жөнінде тапсырма берді.
«Журавлевка 1» серіктестігінің егістік алқабында өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен жиын өткізді. Онда диқан қауымына ауа-райының қолайлы сәттерін тиімді пайдалана отырып, көктемгі дала жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізуге шақырды. Аудан әкімі Қуандық Еспергеновтың сөзіне қарағанда бұландылықтар биылғы жылы барлығы 187,1 мың гектарға дәнді дақылдар егуді жоспарлап отыр. Мұнымен қоса, көпжылдық, біржылдық екпе шөптер және майлы дақылдар мен картоп, көкөніс те бар. Дәл қазір 5,5 мың гектарға дән сіңірген аудан диқандары күн ашылса жұмысты еңсеріп тастамақ.  
Бурабай. «Бурабай-2007» агрофирмасы» серіктестігінің егіс даласына да ат басын тіреген облыс басшысы өңірдегі селолық округ әкімдерінің басын қосып, көктемгі дала жұмыстарын ойдағыдай өткізу, елді мекендерде абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын қолға алу және қысқы жылу беру маусымына дайындық сияқты негізгі үш міндетті белгіледі.
– Бірінші кезекте қайткен күнде де жауын-шашынға абыржымай, ауа-райының қолайлы, ашық күндерін тиімді пайдаланып, көктемгі дала жұмыстарын маусымның 2-3-не дейін аяқтауымыз керек. Осы орайда, дәнді жерге сіңіру әдісін де дұрыс пайдалану маңызды. Екіншіден, облыстың барлық елді мекендерінде абаттандыру жұмыстарын қолға алуы-мыз қажет. Бұл бағытта кейбір аудан орталықтарының келбеті келісіп тұрған жоқ. Үшіншіден, осы бастан қысқы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын ширату  керек, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, Щучинск қаласындағы құрылысы бірнеше жыл тұралап қалған әлемде теңдесі жоқ трамплин орналасқан шаңғы спорты базасы, Бурабай кентіндегі жаңадан салынып жатқан жылу қазандығы мен су тазарту стансасы сияқты коммуналдық нысандарда болды. Су тазарту стансасына келетін болсақ, нысанның құрылысы «Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудағы маңызды жобалардың бірінен саналады.  Құрылыс жұмыстарын қолға алған «ҚазЭнергоИнвест» серіктестігінің директоры Ілияс Зәкеновтың сөзіне қарағанда, 2013 жылы басталған нысанды ағымдағы жылы іске қосу жоспарланған. Жобаның жалпы құны 2,6 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 30 адам жұмыс істейді.  Нысанды толық аяқтау үшін әлі де 900 миллион теңге қаржы қажет көрінеді.
Облыс әкімі туристік аймақтағы сапарын қорытындылай келе, мұндағы құрылыс,  экологиялық, әлеуметтік-экономикалық мәселелермен қатар, «Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған барлық шаралар алдағы уақытта Үкімет деңгейінде қаралып, тұйықтан шығудың тиімді жолдары қарастырылатынын баса айтты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар