Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Тыныстың» тынымсыз жылдары - АРҚА АЖАРЫ

«Тыныстың» тынымсыз жылдары

Кеше «Көкшетау» мәдениет сарайында облыс экономикасында елеулі үлесі бар «Тыныс» акционерлік қоғамының 60 жылдығына арналған мерекелік салтанатты шара өткізілді. Жұртшылыққа бір кезде «Оттегімен тыныстау аппаратуралары зауыты» атауымен де танымал кәсіпорынның абыройлы асуына құтты болсын айтушылар қатары қалың болды.

Көкшеліктер қуанышын бөлісуге келген Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов, Қазақстан республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, «Қазақстан Инжириниг» ҰК» АҚ өкілдері, зауыттың бұрынғы басшылары мен кәсіпорын әріптестері жұртшылықтың ортақ қуанышына құтты болсын айтты. Көпшілік назарына зауыттың қалыптасу тарихын, бүгінгі тыныс-тіршілігін кеңінен баяндаған бейнефильм ұсынылды. Жиналған қауым кәсіпорынның абыройлы асуында еселі еңбегімен, өнегелі өмір жолымен құрметке бөленген ардагерлерге, залда отырған фильм қаһармандарына қошемет көрсетіп жатты.
Мерекелік салтанатта Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Халық ҚаҺарманы, Кеңес Одағының Батыры Тоқтар Әубәкіров зауыт ұжымын, өңір жұртшылығын қызу құттықтады.
Облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов өз сөзінде Қазақстандағы көшбасшылар қатарындағы «Тыныс» акционерлік қоғамының аты әлемге мәлім екендігін, мұнда зауыттың нағыз патриоттары жұмыс істейтіндігін, олар жаңа технологияларды игеріп, экспорттық бағыт ұстап отырғандығын айта келіп, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың атынан мерейтой иелеріне жаңа табыстар тіледі және озат слесарь Зейнолла Мұқышевті, коммерциялық менеджер Инна Вергунованы, кадр бөлімінің басшысы Ботакөз Сәдуақасованы, жұмысшылар Тастемір Есетов пен Райхан Мұқанованы облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады. «Тыныс» АҚ бас директоры Қайрат Қалманбаев елімізде баламасы жоқ кәсіпорынның қол жеткен табыстары, уақыт талабындағы ізденістері, болашақ жоспарлары, дәстүр жалғастығы туралы тәлімді әңгіме қозғады. Зауыт басшылығының той жоралғысы ретіндегі сый-сауғалары да мол болды.
Сондай-ақ, «Тыныс» АҚ инженер-конструкторы Тәубә Абдрахманов, техникалық бөлім маманы Василий Марков, учаске мастері Гүлнара Сайлыбаева, жабдықтау бөлімінің аға агенті Манара Исақанова Индустрия және инфрақұрылымдық даму министлігінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатын иеленді.
«Қазақстан Инжириниг» ҰК» АҚ Төрағасының өкілі Радмир Камратов № 5 цехтың 42 жылдық еңбек өтілі бар токарі Юрий Сазонавтың, №3 цехта 38 жылдан бері револьверші-токарь болып жұмыс істеп келе жатқан Надежда Спанның омырауларына «Еңбек ардагері» медалі мен «Құрметті машина жасаушы» төс белгісін қадап, бірқатар еңбек озатына Құрмет грамоталарын тапсырды. Бұлардың қатарында Жастар жылының атаулы грамоталарын алған слесарьлар Павел Шуранов пен Сұлтан Хамзин, аға инженер-технолог Артем Ужакин бар. Сондай-ақ, зауыттың бір топ жұмысшысы мен қызметкерлеріне Қазақстан республикасы машина жасаушылар кәсіподағының, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының атаулы марапаттары тапсырылуы салтанат шырайын аша түсті.
Бүгінгі салтанаттың құрмет төрінде отырған орден, медаль иегерлерінің, ардагерлерінің, өндіріс жаңашылдары мен өнертапқыштарының есімдері зауыт тарихына алтын әріптермен жазылған. Олардың қажырлы да табысты еңбектерінің арқасында кәсіпорын дағдарысты кезеңдердегі қиындықтарды еңсеріп, тынысы қайта кеңейді, уақыт талабындағы өскелең үрдістермен гүлдене түсуде. Бүгін ардақтылардың барлығына «Зауыт ардагері» атағы беріліп, гүлшоқтары ұсынылуы және тиісті құрмет көрсетілуі ұжым болашағының кемелдігін байқатады.
«Тыныс» акционерлік қоғамының мерейтойына ортақтасқан жеделхаттар легінің өзі отыздан асып түскені көкшелік кәсіпорынның абырой-беделін асқақтатқаны анық. Бұлардың қатарында аты жер жүзіне танымал Мәскеу авиация зауыты, «Ростех» мемлекеттік корпорациясы, «Ресей тікұшақтары» АҚ, «Көлік ұшақтары» АҚ бар. Осы ретте зауыттың бұрынғы директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Федор Сергеевич Лесняктің бейнеқұттықтау жолдауы зал ішін желпіндіріп тастады.
Акционерлік қоғам өзінің 60 жылдығы құрметіне «Үздік токарь», «Үздік фрезерші», «Үздік слесарь», «Үздік тігінші», «Үздік инженер» аталымдары бойынша кәсіби байқаулар өткізген болатын. Мерекелік шарада тартысты сынның қорытындысы шығарылып, үздіктер марапатталды.
Салтанат соңы кең бағдарламалық концертке ұласты.

Бақберген Амалбеков,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар