Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өнер тұнған өңір мерейі - АРҚА АЖАРЫ

Өнер тұнған өңір мерейі

 Облыс әкімі Сергей Кулагин жылдағы дәстүрлі «Ақмола жұлдыздары» облыстық көркемөнерпаздар байқауының гала-концертіне қатысып, таңдаулы өнер ұжымдарына«Газель» шағын автокөліктерінің кілтін тапсырды.

  Талай өнер тарландарын дүниеге әкеліп, қанаттандырған киелі де көрікті Ақмола, Көкше жұрты кеше тағы да өз өнерпаздарының талантына тәнті болды. Қазақ хандығының 550 жылдығына, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай, «Бабалар мұраты – ұрпаққа қазына» ұранымен өткен биылғы «Ақмола жұлдыздары – 2015» байқауы «Көкшетау» мәдениет сарайының алдындағы театрландырылған көріністермен ашылды. Жаужүрек халықтың ұрпағы қолдарына қару асынып, бұрынғы өткен батыр бабалардың өр бейнесін еріксіз көзге елестетті.  
Гала-концерт ақсақал қарияның немересіне қазақ елінің тарихын, хандары мен батырларының ерліктерін көркем тілмен кітапқа жазып, мұра қылып қалдырған Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романымен таныстырып, жазушының туғанына биыл 100 жыл толып отырғандығы жөнінде түсінік беруінен басталды. Асан қайғы мен Қотан жыраудан ақыл сұрап, қазақ халқын қалай басқару жөнінде өзінің  ойын ортаға салған Жәнібек ханның саясаткерлігін суреттеген көрініс те көрерменнің отансүйгіштік рухын оятты десек болады.  Әбілқайыр, Абылай хандардың саясаткерлігі мен Кене ханның батырлығы да мәңгі ұрпақ жадында сақталуы тиіс ерен ерлік.
Осындай көркем көріністермен басталған байқау облыс аудандары мен қалаларының өнерпаздары дайындаған мазмұнды концерттік бағдарламамен жалғасты. Аршалы аудандық мәдениет үйінің  әншілері орындаған «Арнау» атты әні бірден тыңдарманның жүрегіне жол тапты десек қателеспейтін шығармыз. Осы Аршалы, Бурабай, Зеренді, Атбасар, Еңбекшілдер, Ерейментау аудандары мен Көкшетау қаласының көркемөнерпаздары бірлесіп орындаған «Бабалар аманаты» шығармасы да аса жоғары деңгейде орындалып, тыңдармандар тарапынан зор қошеметке ие болды. Сол сияқты, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың талантты жастары бірлесіп шырқаған әрбір туынды әсерлі де әсем, өзіндік өрнектерімен ерекшеленіп тұрды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған әуезді әндер мен билер де әркімнің көңілінен шықты деген ойдамыз. Жақында Көкшетаудың намысын қорғап, «Лучший город. kz» мегажобасына қатысып оралған жастар да сахнаға шығып, дүйім жұрттың көңілін көтерді.  
Гала-концерттің қорытындысында сөз алған өңір басшысы Сергей Кулагин: –«Ақмола жұлдыздары» көркем-өнерпаздардың шығармашылық байқауы ең алғаш ұйымдастырыла бастаған уақытты еске алсақ, ол бір өте қиын кезең болатын.
Ауылдардың жағдайы тоқырау жылдарынан кейін енді ғана дұрысталып келе жатқан кез еді ол. Соған қарамастан, мәдениетімізді, өнерімізді сақтап қалу үшін аянбай еңбек етіп, бұл байқауды бастап кеттік. Қазір мен айтқан жағдаймен салыстыруға мүлде келмейді. Бүгінгі өнерпаздарымыз құлпырып, жайнап, көздерінде нұр ойнап, бойындағы бар таланттарын ортаға салып жатыр. Бүгін өнердің асқақ шыңынан  көрінген баршаңызға жаңа шығармашылық табыс, амандық-саулық тілеймін, – деп ізгі ниетін білдіре келе, жүлделі орындардан көрінген жеңімпаздарға  бағалы сыйлықтарды табыс етті.
Байқау қорытындысын шығару үшін арнайы құрылған комиссияның шешімі бойынша аудан орталығы, селолық округтер, қалалар және облыстық маңызы бар қалалар арасында үш деңгей бойынша үздіктер анықталып, алдымен, үшінші орын алған Жақсы, Астрахан, Есіл, Бурабай, Егіндікөл аудандарына сахналық киімдер тігуге сертификаттар берілді. Ал, жүлделі екінші орынға қол жеткізген Целиноград, Сандықтау, Бұланды, Ақкөл аудандары компьютерлік техникамен марапатталды. Бірінші орынға ие болған Зеренді, Атбасар аудандары мен Степногорск қаласына дыбыс аппаратуралары табыс  етілсе, үш деңгей бойынша бас жүлдеге ие болған Ерейментау және Аршалы аудандары мен Көкшетау қаласының өнер ұжымдарына «Газель» шағын автокөліктерінің кілті тапсырылды. Осылайша өңір өнерпаздары небір мерекелер тоғысқан жылы көпшілік алдында тағы бір мәрте өз биік деңгейлерін дәлелдей түсті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар