Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Премьера - АРҚА АЖАРЫ

Премьера

Біржан салдың шідері

Қазан айының 1-і күні Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры он сегізінші мәрте шымылдығын айқара ашып, рухани байлыққа жан-тәнімен құштар, көзі қарақты көрерменімен қайтадан қауышты.

Жаңа он сегізінші маусым үлбіреген үміт пен нық сенімге толы. Көрермен қауымның аңсай күткен сәті жазушы-драматург Баянғали Әлімжановтың «Біржан салдың шідері» атты қойылымымен басталды. Қойылымның алдында театрда қаламгердің шығармашылық жолын қамтитын көрме ұйымдастырылды. 

 

Баянғали Әлімжановтың өзі сөз алып, еліне берген есебіндей, аз сөзге көп мағына сыйғызып, баспадан жаңа шыққан жинақтарын саралап шықты. Соның ішінде қомақты жинағы «Қиянатқа қарсылық». Аталмыш жинақта Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қырғызстанның А.Малдыбаев атындағы халықаралық сыйлығының лауреаты, ақын, драматург Баянғали Әлімжановтың шығармашылық еңбегі тұтас болмағанымен, біршама қамтылған. Алғашқы томға әр жылдары жазған поэзиялық туындылары, екінші томға республикалық, облыстық театр сахналарында қойылып, театр-танушылар мен көрермен қауымнан өз бағасын алған пьесалары, үшінші томға прозалық шығармалары енгізілген. Баянғали кино саласында да көп еңбектеніп жүр. Көрермендермен қауышу сәтінде кинофильмдерінің бейнетаспалары тегін таратылды.
Кітап көрмесінен кейін «Біржан салдың шідері» басталды. Демін ішіне тартып, аңсай күткен көрерменді әп еткен бетте сахнаға шыққан әзілкештің сөзі мен іс-қимылы үйіріп ала жөнелді. Шөліркеген көңілді тұндырмайтын ширақ қимыл. Өзін-өзі ақтайтын орынды шешім.
Әзілкештің әр сөзі әзілмен тұздықталса да, арғы астарында қаймағы бұзылмаған қазақы ортаның бұрынғы бейнесі, кейіпі қылаң береді. Ата дәстүрі, бұрынғыдан қалған салт-сана. Халқының арасынан таң алдында жарқ еткен жарық жұлдыздай сәулесін шаша жарқырап шыққан тұлғаларды, өзгеден мойны озық өнер иелерін ел шетіне келгенде қарсы алудың өзі тұнып тұрған мәдениет. Былайғы жанға үлгі-өнеге. Қазір ұмытылғанымен, бұрынғы қазақ барын бағалай білген. Ең алдымен,
дауылпаз құстай дуылдатып, дауылдатып дабыры жеткен. Ал, Алаштан өнерін асырған біртуар перзенттерінің қадір-қасиетіне жеткен халық оларды құрметтеп, құрметтегеніңіз не әлпештеп, аялап сыйлай білген. Әзілкеш те жиналған жұрттың күлкіден есін жидырмай, әзіл-оспағын айта жүрсе де, Көлбай, Жанбайдың ауылына Алаштың ақиығы, әнші Біржан салдың келе жатқандығын жеткізеді. Арасында әзілкеш Біржан ағасын дәріптеймін деп сөзіне  тұздықты тым ащылау құйып жіберетін де жері бар. Бірақ, өзіне жарасымды. Әйтпесе, әзілкеш болар ма? Ал, жанына шуақ дарытқан әдемі хабарды естіген Ләйлім Алаштың ару қызына тән қалыпты қылықтан, орнықты ізеттіліктен аспайды. Жарасып-ақ тұр.
Біржан сал бастаған, Балуан Шолақ қостаған салтанатты топ Көлбай, Жанбайдың ауылына жетіп, дастарханның басынан дәм татқанда бір-бір аяқ бидай көже берілуінің өзі бір қызық. Серіге толғай жұтып, сыздықтатып сары қымыздан дәм татса жарасар еді. Сары қымыздың орнына қара көже ұсынылады. Бұл да характерлерді ашуға таптырмайтын тамаша штрих. Қазақы қалыпты бұзған, бұрынғы дәстүрдің шеңберіне сыймайтын селкеулі қылық жастардың әзіл мен сөз қағысына, ой салыстыруына себеп болады. Әзілкештің:
Кербез сұлу серіге көже берді,
Бұл да бір дүниенің кезегі енді.
Тыныш берсе бір сәрі, алыңдар деп,
Көжесін көзге тіреп өзеуреді! –
деуі отқа май құйғандай қалжыңды өрістетіп-ақ жібереді. Жаратқан ием өзгеден артық жаратқан, айдың өзі ажарына сұқтанатын, ақыл-парасатына жан тең келмейтін Ләйлім де тегін адам емес. Әзілкештің әзілі еттен өтіп, сүйекке жеткендей болғанда сылқитып сыбағасын береді:
Серіге кербез сұлу көже берді,
Ойлы кісі ар жағын сезер еді.
Шөлден өлмей көжеге аман жеткен,
Жігіт неге малтасын езеді енді.
Үш жүзді әнмен қырған уа, Біржан сал,
Жүзіп іштің қымызды қосылған бал.
Сал болсаң да емессің, дәмнен үлкен,
Бісміллә деп көжеге ерніңді мал.
Ләйлім шырақтың аузынан шыққан уәжге Біржан сал тәнті. Айдындағы аққудың көгілдіріндей арудың ажарын ғана емес, ақылын танып, ақылына қоса шешендігіне сүйсініп тұрған сыңайы бар:
Патшаға бас ұрмаған мен бір сері,
Күнде той, күнде думан жүрген жері.
Барады сөзің өтіп, Ләйлім шырақ,
Көжеңді басып-басып әкел бері.
Біржан сал Ләйлім шырақ бидай көже түгіл у берсе де ішер еді. Өзі айтпақшы, басқаны былай қойғанда патшаға да бас ұрмаған өр кеуде арудың алдында кішіпейіл, ізетті. Серіліктің серті солай. Дәл бір осы кезді Біржан сал рөліндегі Жарас Қалдаров, Ләйлімнің рөліндегі Баршагүл барынша тартымды ойнады. Сымдай тартылған, келбеті көрікті, кеудесі асқақ серілердің дәстүрінше жарқырап, малына киінген, әр қимылы керім кербез Біржан салдың Көкшенің қырына, Оқжетпестің жартасына көктеп шыққан қырмызы қызғалдақ іспетті Ләйлім шырақтың алдында өзін-өзі ұстауы, өрлігі мен серілігі мінсіз бейнелер еді. Осы бір шағын штрих көрерменге ой салып, ұлтымыздың ұлық қасиеттерін ұлағаттап тұрған тәрізді. Сөз арасында бүгінгі жастардың кейпін, олардың сөйлеу мәнерін сыналап айта кетуге де болар. Арасы жер мен көктей ғой. Демек, театр өнерінің тәрбие мектебі екендігі тағы да алдыңнан шығады. Шіркін-ай, өндір жастар осындай өлмес бейнелердің өміршең әрекеттері мен дәстүрлерінен үлгі алса ғой деп қиялдайсың. Қойылымның бір ұтымды жері асқақтаған әннің молдығы. Ән болғанда да, мәңгі өлмес жауһар дүниелер. Биылғы жылы күміс көмей әнші, композитор Біржан сал бабамыздың 180 жылдығы, Балуан Шолақтай алып тұлғаның, ардақты тұлғаның 150 жылдығы. Алаш баласы үшін айрықша қымбат осы екі бірдей айтулы тұлғаның бойындағы бар қасиеті қойылымның өне бойында жарқырап, көрініп отырады. Сұлулық сәнімен, төңіректі желпіген хош иісті самалдай жаныңды жадыратар әндерімен.
Шығарманың өне бойында Біржан салдың шідері. Көркем дүниенің кіндігі шідеріге байланған. Біржанның бағалауында құны қырық қысыраққа татитын шідер жай ғана шідер емес, өңі жылы болғанымен, өзегі қатқыл өмірдегі ғашықтық сезімді тұсайтын, ғашықтық сезім ғана емес, іңкәр көңілдің бүр жарып ашылуына кедергі болатын кінәрат тәрізді.
Ағайынды Көлбай, Жанбай жағымсыз кейіпкерлер емес екен. Өнерліні сыйлай білетін, өнерліні ғана емес, адамды сыйлай білетін танымы мол, түйсігі терең адамдар. Әр сөздерінен өнеге, әр қимылдарынан үлгі көрініп тұрады. Ел ардағы Біржанның көңілінің түкпірінде жатқан жан сезімін шідердің қырық құны қырық қысырақ деген бір ауыз сөзінен-ақ аңғарады. Қырық қысырақ – қыздың қалың малының құны. Жалғыз ауыз сөздің астарындағы жан сезімін ұққанмен, жалпақ жұрт талантына табынған Біржан салдың ұмсынған қолы Бурабайдың аспанында қалықтап жүрген аққуға жете қоймастай. Оның өзіндік сойылдай себебі бар. Ләйлім баяғыда, сәби кезінде атастырылып қойылған. Қазақтың көне дәстүрінде бесік құда деген салт бар. Ләйлім де сол салттың құрбаны.
Сахнадағы кіршіксіз аппақ көңілдердің, таңғы шықтай мөлдіреген таза да іңкәр тілектердің символындай ақ қайыңдардың арасында жан сырын ақтарған Біржан мен Ләйлімнің екеуі бір-біріне қаншалықты ғашық, қаншалықты іңкәр болса да, ата дәстүрін аяққа баса алмас еді. Осының өзі-ақ Біржанның жан жүрегін жегідей жеген уайымын, қайғысын шеккенімен, ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан халқымыздың қасиетті дәстүрін сыйлай білетін биік те бекем адамгершілігін көрсетеді. Тәлім-тәрбиеге уызынан жарыған Ләйлім де Айнакөлдей тұнық, таза, мөлдір жанарына моншақ іліп, жүрегі езіліп, жас жаны егіліп қайғырады.
Ал, ортаға тасталған шідер қандай. Қос құлаш шідердің астарында кәтепті қара нарға жүк болар мазмұн мен мағына жатыр. Осы шідерден аттап өтсең өлердей құмар болған, ессіз ғашық болған аруыңа жетесің. Бірақ, жеткеніңмен, ата дәстүрден, адамгершіліктен аттап өтуің керек. Екеуі де қаншама қиналса да, бірін-бірі қимаса да аттап өте алмайды.
Шідер ата дәстүрі ғана емес, сол замандағы жастардың өз қалауымен теңін тауып барар жолына кесе көлденең жатқан бөгет тәрізді болып көрінді біздің көзімізге. Жалғыз ол ғана емес, асқақ та бодан күн кешкен, өне бойы еркіндікте ұшқан құстай, соққан желдей азат ғұмыр кешкен Алаштың мойнына түскен қыл бұғау, аяғына түскен қыл тұсау тәрізді ұғымды білдіреді екен.
Баянғалидың «Біржан салдың шідері» көрермен үшін қас пен көздің арасындағыдай бір артық селкеуі, бір артық жамауы жоқ, бір демде көретін, көріп қаншама ұлағат алатын көркем дүние. Автордың өзі шегелеп айтқанындай, тарихи деректі шығарма емес, көркем қиялдың әдемі көкжиегімен астасқан өзгеше бір әлемнің өрнекті өзегін алтын арқау тін етіп алған шығарма.
Қойылымнан соң театр директоры Марал Қажыкенқызы келісті көркем тілмен жалпы театрдың тыныс-тіршілігі, өткен өнер соқпақтары, алдағы арманды дүние жайында толығымен айтып берді. Он сегізінші маусымға мазмұнды шолу жасалды. Маусымның шымылдығын ашқан Баянғали Әлімжановтың «Біржан салдың шідері» атты қойылымының жазылу тарихына тоқталды. Шығарманы сахналаған, осы Шахмет Құсайынов атындағы қазақ театрының алғашқы іргетасын қалаушылардың бірі көкшелік көрермендердің көңілінде сахнадағы шеберлігі, өнердің өріндегі талантты бейнесімен қалған Сафуан Шәймерденовтің режиссерлік еңбегіне разылық білдірді.
Тағы бір ілтипатты лебізбен Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжі, Біржан сал атындағы музыка колледжінің ұжымына алғыс айтты. Аталмыш қос оқу орнының оқушылары өнер ордасындағы бүгінгі қойылымға айтарлықтай септігін тигізіп, қолғабыс жасады. Осындайда қазақтың «жұмыс істегенің бізге жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы» деген аталы сөзі еске түседі.
Өз кезегінде Баянғали Әлімжанов сөз алып, қойылымның көңілдегідей шыққандығын, әрбір рөлде ойнаған актерлардың шеберлігін айта келіп, бас-падан жаңа шыққан жинақтарын тарту етті. Қазақы дәстүрмен сый-сияпатын жасады, әзіл-қалжыңмен әдемі өрілген қаламгердің сөзі көрермендердің көңілін көкке өрлетті.
Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысова апай жаңа маусымға жиналған көрермен қауымға ата дәстүрмен шашу шашса, ұлттық өнеріміздің жанашырлары, Біржан салдың ұрпағы, Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғыманов, Еңбекшілдер ауданының әкімі Абай Сәдуақасұлы қазақ театрының жаңа маусымына табыс тілеп, шығарма авторы мен театр ұжымын сәтті қадамдарымен құттықтады. Көрермен қауым да Біржан салдың рөліндегі Жарас Қалдаровтың, Ләйлімнің рөліндегі Баршагүл Мәлғаждарованың, Балуан Шолақтың рөліндегі Зүлкәпіл Батиханның, Көлбайдың рөліндегі Қайрат Мырзаболатовтың, жеңгенің рөліндегі Айна Жүнісованың шеберліктеріне тәнті болды.
Суретте: қойылымнан көрініс.
Суретті түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар