Еліміздің алдағы даму бағдарын айқындайтын Мемлекет басшысының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларын баршамыз асыға күтіп, зор үмітпен танысатынымыз рас. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауының жылдағы Жолдаулардан біршама ерекшелігі бар. Біріншіден, биылғы жылдың 9 маусымында өткен сайлауда жалпыхалықтық дауыс беру нәтижесі бойынша Президент болып сайланған және осы қызметке жаңа кірісіп отырған Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бірінші Жолдауы. Әрі бұл Жолдау қазіргідей еліміз үшін аса күрделі болып отырған қоғамдық-саяси, экономикалық жағдайда жарияланып отыр. Өйткені, қазіргі күні шешімін күткен күрделі мәселелер көп, осыған орай, қарапайым халықтың да көңілдері күпті. Әсіресе, жағдайлары ауыр көп балалы әйелдердің, тұрмыстары төмен отбасыларының, мүгедектердің, басқа да категориядағы азаматтардың өз жағдайларына жұртшылықтың назарын аудару үшін түрлі заңды-заңсыз әрекеттерге барып жатқан жайларын көріп те, естіп те жүрміз. Содан болар, Мемлекет басшысы өз Жолдауында не айтар екен, қордаланған өзекті мәселелер қалай шешімін табады деген сауалдың жауабын табармыз деп үміттенген едік.
Жолдауды тыңдау барысында сол күткен үмітіміздің ақталарына көзіміз жете түскендей болды. Жолдауда халықты толғандырып отырған барлық өзекті мәселелер қозғалып, оны шешудің нақты жолдары қарастырылған. «Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын» -деген Президент сөзі Жолдауда көрсетілген міндеттердің орындалатынына деген сенімді нығайта түседі. Ең алдымен, оппозициялық бағыттағы саяси ұйымдардың белсенділері қайта-қайта көтеріп жүрген митингтер өткізу жайына Президент нақты жауап берді. Азаматтар қолданыстағы заң талаптарына сай құзырлы органдардан рұқсат алып, арнайы белгіленген орында митингілер өткізе алады және ондай орындардың қаланың шетінде болмауы қадағалануы керек. Жолдауда айтылған «Қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді деп есептеймін» – деген тұжырым мемлекеттік тілге қатысты айтылып жүрген өкпе-ренішке жол бермейтіндей жағдай жасайтындығы анық.
Жолдауда сондай-ақ, сот, құқық қорғау органдарының соңғы кезде ізгілендіру ұранымен аса ауыр қылмыстарға деген жазаны да тым жұмсартып жібергені айтылып, зорлық-зомбылық, педофилдік, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қарсы тұрмыстық зомбылық, браконьерлік сияқты белең алып бара жатқан заңсыздықтарға қарсы жазаны қатаңдату жайына назар аударылуы құптарлық. Осы жазда біздің облысымыздағы браконьерлердің қолынан инспектордың қаза табу оқиғасы елді дүр сілкіндірген болатын.
Жемқорлықпен күресті қатаңдату және осындай заң бұзушылыққа жол берген мекеме қызметкерінің басшысының жауапкершілігін күшейту мәселесі де бұрыннан қозғалып келе жатқандығы белгілі. Бұл мәселе нақты шешімін тапса, жемқорлық қылмыстың жолын кесуге үлкен серпін берері анық. Жолдауда айтылған «Егер қажетті құрылымдық өзгерістерді жүзеге асырсақ, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуге болады» деген пайым жалаң сөз емес, нақты жағдайларға талдау жасау арқылы жасалған болжам десек, артық айтқандық болмас. Жыл сайынғы 5 және одан да жоғары өсімге қол жеткізу еліміздің экономикасын жаңа белестерге көтерері даусыз.
Мемлекет басшысының Жолдауында алдағы жылдарда басымдық берілетін 6 әлеуметтік бағыт тұжырымдалған. Олардың қатарында: білім беру сапасын жақсарту, отбасы институтын қолдау және инклюзивті қоғам құру, қолжетімді сапалы медициналық қызмет, мәдениет қызметкерлерін қолдау, әлеуметтік қолдауды одан әрі жетілдіру және зейнетақы қоры жүйесін жетілдіру сияқты маңызды міндеттер бар.
Рашит Әкімов,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.