Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
ЕЛ ЕРКЕСІ – БІРЖАН САЛ - АРҚА АЖАРЫ

ЕЛ ЕРКЕСІ – БІРЖАН САЛ

Біржан сал Қожағұлұлының туғанына 185 жыл толуына орай қыркүйектің 6-сы 7-сі күндері Біржан сал ауданында мерекелік іс-шаралар өткелі отыр. Осы іс-шара аясында сәндік қолданбалы өнер, тарихи және ұлттық қолөнер көрмелері ашылады. Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының театрландырылған қойылымы болады.
«Біржан – қазақтың халықтық музыка мәдениетінің алыбы, сал серілер, әнші композиторлардың ұстазы» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция және ақындар айтысы, ат жарысы ұйымдастырылады.

Біржан сал Қожағұлұлы қазақтың дара туған ерекше дарынды дана тұлғаларының бірі, табиғатынан өнер үшін айрықша жаратылған құбылыс. Ол өз заманында аса биік дауысына жан теңеспеген ұлы әнші, таңғажайып әндері ел жүрегінен мәңгі орын алған үздік композитор, өлең сөздің сұңғыла шебері.

Біржанның ата мекені «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» Ақсары болысының ішінде Бурабайға жалғас қалың тоғаймен қоршалған айдын шалқар Жөкей көлінің жағасында 1834 жылы дүниеге келген. Көкшенің сексен көлдерінің бірі Жөкейге жақын төңіректен суы күмістей сылдырап мөлдір бұлақтар ағады. Біржан осы бір сұлу жерлермен қалың ел сән түзеп, сайран салып көшкендігін сүйіспеншілік сезіммен еске түсіре:
Бүркітті асуынан талай өттім,
Қалың ну орманында сайран еттім.
Айнала Жөкейкөлдің жағалауын,
Шіркін-ай, бір көруге арман еттім!–
деп туған жеріне деген ыстық махаббатын жырлаған.
Біржанның арғы атасы Бертістен: Ақшуақ, Байшуақ, Жаншуақ, Қожамқұл, Қожағұл деген бес ұл болады. Қожағұлдан: Тұрлыбай. Тұрлыбайдан Біржан ереді. Кішкене кезінен үлкен шешесі бауырына салып, өсіреді де «біздің баламыз» деп сондықтан, Біржан Қожағұлдың баласы болып аталып кеткен.
Біржан жасынан өзгеше мінезді, әуесқой, әңгімеқұмар, сезімтал болған. Ән десе тапжылмай, қанша уақыт болса да тыңдаған. Ауылға келген әнші, жыршы-күйші болса соны жағалайды екен.Тіпті көрші ауылда бір өнерпаз бүгін ән салады екен, жырлайды екен десе, оған да жол тартқан.
Тәңір Біржанға жан баласы қызығарлық келбет берді. Ол ұзын бойлы, кең иықты, қыран қабақты, қыр мұрынды, қара көзі жақұттай жарқыраған, шырайлы жігіт болған екен.
Жомарттықпен есімі көпке әйгілі болған Қожағұл шешенге ақын-жыраулар, әншілер, күйшілер, аңшылар, құсбегі-саятшылар көп үйір болған. Сол өнер иелері Бертісұлы бидің ауылында апталап жатып, сол дарын иелерінің бала Біржанға да әсері мол болған. Жас бала Біржан ауыл молдасы Жақыптан оқып, хат танып сауатын ашады. Кейіннен Қызылжар медресесін де өте жақсы тәмамдап, араб, парсы, көне-түрік тілдерін жап-жақсы үйренген.
Көкше жерінде бармағы майысқан оюшы, киім пішуші, тігінші, кілемші, зергерлер, ағаштан түйін түйген ісмерлер көп болған. «Керейден ұл туса, ағашқа күн туады» деген сөзі тегін айтылмаған. Біржанның әніне тәнті болған ұсталар, зергерлер әншінің сал, серілік келбетін сәулетті етеміз деп оны әлпештей білген.Оның киімін елде жоқ ерекше үлгілермен тігіп, оның басына Алтайдың құндызы бұлғынынан үкісі үлпілдеген бөрігін, қыс болса Арқаның қызыл түлкісінен төбесі төрт сайлы, иыққа түскен тымағын кигізген.
Он бес-он алты жасынан әрі қарай елдегі белгілі ақын, әншілердің қасына еріп, атақты ақын, шешендердің сөздерін, әндерін жаттап айтқан. Жасынан сыртына көп қарайтын, әдемі киімді, жүйрік атты, алғыр тазыны, қыран құсты жыр еткен жер болса, өзі де даланың бұл қызығының соңына ерте түседі. Біржан Қызылжар жағындағы Атығай Арыстан ақынның, Көкшетаудағы Орынбай, Нүркей ақындардың қасына еріп, оларды ұстаз тұтып, солардың соңынан ерген.
Басында ауыл арасында болып жататын той-жиында, ойындарда ән салып, өзінің өсіп-өнген өңіріне Біржанның «әнші бала» деген аты шыға бастайды. Бара-бара бұл әншілігі құлаш жая, ауыл шеңберінен шығып, ел аралайды.Әдемі ер-тоқымды ат, әшекейлі киім, аңыраған дауыс, көркем, келбет, жүрген жерінің бәрінде Біржанның қадірін көтереді. Сөзден кесте төгетін ақындығы, жаныңды жайлайтын жібек үні, айызыңды қандыратын әні, дарынды орындаушылығы әрісі Бертіс, берісі Қожағұл тұқымындағы Біржанның басына қонған «бақыты» болады. Әрине, бұл «бақытын» ол бағалай білген. Өзін сүйген халқына өнерін жаюдың жолы – аралау, жаңа ән болса үйрену, орындаушылық шеберлігін ұстарту деп түсініп, осы бағытта, арман жолында алға қарай ілгерілей түседі.
Ырғағын тоқсан құбылтып, әсем әуенін серпінді де толық күшті дауыспен шырқап, құйқылжытып салатын кең тынысты әншілік өнері ойын-тойға, жиын-думанға жиналған халықты қайран қалдырған. Оның дауысы керемет зор, әнді шырқай салғанда бес-алты шақырымдағы ауылдар түгел естіп қайран қалып, жым-жырт болып тыңдаған екен.Біржанның әнін тыңдағанда оның шалқыған кең тынысы, еркін өлшеу-ырғақтары байқалған екен.
Он сегіз жасында бүкіл Атығай, Қарауыл, Уақ, Керейдің өзі, Қуандық, Сүйіндік елдері, күллі Сарыарқа танып, ардақтай бастаған. Оны жай ғана Біржан емес, «Біржан сал» деп мәртебесін көтерген.
Біржан жасы отыздың ішінде толық кірген шағында өз төңірегіндегі Көкшетау, Ақмола, Қызылжар, Баянауыл, Атбасар, Қарқаралыға қарасты қазақ ауылдарын кең аралап, сауық-сайран құра жүріп, жәрмеңкесі, өнер өрісі мол Омбы, Орынбор, Семей елін де, Торғай, Тобыл бойындағы Ұлытау, Ақтау, қалың елдерін аралап, өзінің алуан түрлі тамаша ән-өлеңдерін айтып таратқан.
Шын талант иесі өмірлік құбылысқа бейтарап қарамайды. Ойын-сауықты қаншама қызықтаса да, өзін толғантқан жайларды аттап өте алмаған. Ақын, серілік дәурені жүріп, көптеген ән-өлеңдері халық ортасына кең тарап, даңқы жайылған шақтарда да заманы, жақсылық пен жамандық, бар мен жоқтық, достық пен махаббат, араздық пен татулық жайынан көптеген өлең, толғаулар шығарып айтқан. «Көкек», «Бурылтай», «Алтын балдақ», «Ләйлім шырақ», «Жамбас сипар», «Телқоңыр», «Көлбай-Жанбай», «Айтбай» тағы басқа ән-өлеңдері Біржан поэзиясының мықты бір саласы болып табылады.
Біржан өміріндегі үлкен бір оқиға – оның ақын Сарамен айтысуы болған. Оның суырып салма айтыскерлігіне келсек, «Біржан мен Сараның» айтысы бұл дәстүрлі ұлттық өнеріміздің классикалық үлгісіне айналған теңдесі жоқ алтын мұра. «Біржан мен Сараның» айтысы Біржанның ақындығының биік шыңы болумен бірге бүкіл қазақ ақындығының биік шыңы» дей келе, Есмағамбет Ысмайылов Біржанның халық поэзиясы мен жазба әдебиетін ұштастырғанын атапты. Бұл да құнды пікір.
Е.Брусиловский өзінің операларында Біржан әндерін кеңінен пайдаланды. Басқа композиторлар да өздерінің ірілі-уақты шығармаларында Біржанның әндерін негізге алды. Ауыз толтырып айтарлықтай, Біржанға өлмес ескерткіш жасаған – қазақтың талантты композиторы Мұқан Төлебаев болды. Ол өзінің «Біржан-Сара» операсында әншінің шығармаларын толығымен пайдаланып, Біржанның өмірінен сахнаға қолайлы, қызықты жақтарын пайдаланды.Тек, Біржан емес, жалпы алып қарағанда, кешегі заманның өнер қайраткерлерінің бәрінің басында болған оқиғаларды шебер сахналық жайлар арқылы, әдемі тіл, жатық, түсінікті өлеңмен жақсы бере білді.
Біржан сал бабамыздың шығармашылық өмірінде үлкен бір оқиға – оның Абай ауылына баруы. Өзінің әдеттегі ән саяхаты есебінде барғанымен, поэзия алыбы, Абайдың әсері Біржанға күшті болады. Бұрынғы ата-баба салып кеткен қаражолмен ғана жүре бермей, тыңнан тура тартып із салған данышпан, ән еркесі Біржанның үлкен талант екенін танып, оған тиісті баға береді. Әншінің халық шығармашылығын бабына келтіріп орындаумен қатар, өзінің шығарған әндерінің терең мазмұнына таң қалады. Әсіресе, Абай Біржанның басына біткен композиторлық, ақындық, асқан орындаушылықтың басқа қонған бақыт екенін қатты айтады. Абайдың ауылында болуы, өлең мен әннің салтанатының қайнаған базарын аралау Біржан үшін үлкен жетістік. Біржанның Абай шығармашылығымен, оның айналасымен танысуы – қазақтың халық композиторлары арасындағы болған игі байланыстарының бірі.
Көкшенің ұлы сал-серілері Біржан сал, Ақан Сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақтардың ән өнерін шығармашылығын жалғап, дамыту үшін еңбек етіп, ән шырқаған жерлесіміз Иран сал Тасқара Мәскеу қаласында да Біржан бабамыздың асқақ әнін орыс тілінде домбырамен орындап бергенің өз өмірбаянында жазып өткен.
Иә, «тұлпардың тұяғынан із қалады» деген емес пе. Кешегі атақты сал- серілердің ордасы құт мекені саналған Көкше жерінде, Көкше топырағынан өсіп-өнген талантты да өнерпаздарымыз көптеп баршылық. Ал, Біржан салдың еңбегі – оның өнері, қалтқысыз адал, таза, асқақ, шалқар, терең мазмұнды әндері мен өлеңдері. Ол әлі күнге дейін ел аузында. Халық жадында, ел арасында. Ұлтымыздың рухани әлемінде.
Қазақ музыка өнерінің аса көрнекті қайраткері, атақты композитор дирижер, халық әртісі, өнер ғылымдарының докторы, академик Ахмет Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдары» атты көп жылдар бойында жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі ретіндегі кітабында Біржан сал жайлы асыл пікір білдірді. Онда: «Біржан қазақтың халық музыка мәдениетінің алыбы. Оның өмірі, творчествосын терең зерттеу, үлкен, терең, жан-жақты еңбегін жарыққа шығару біздің бүгінгі таңдағы ардақты борышымыздың бірі. Өмірін демократиялық өнер жолына сарп еткен, өктемдікпен, жүгенсіздікпен, кертартпалықпен әні, өлеңі арқылы күресін соңғы демі біткенге дейін жүргізіп келген өнер қайраткері, азамат Біржанның аты қазақ музыкасының тарихында алтынмен жазылады», – деп берген бағасы осының бар айғағы деп білеміз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар