Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ауыл мәдениетін көтеру керек - АРҚА АЖАРЫ

Ауыл мәдениетін көтеру керек

Облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының  кезекті отырысында аймақты дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде  өңірдегі  мәдениет саласын өркендету жайы сөз болды.

Комиссия отырысы барысында облыстық мәслихат хатшысы Нина Дьячек сөз алып, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаеваны мәдениет саласы қызметкерлерінің күнімен құттықтап, жұмысына табыс тіледі. Бұдан кейін облыстық мәслихат депутаты Бақыт Молдажанова тұрақты комиссия мүшелерінің өңірлерге шығып, жергілікті жерлердегі жағдаймен танысқанын тілге тиек етті.  Оның айтуынша, Сандықтау ауданының  Михайловка, Точной ауылдарында клуб меңгерушілері мен музыканттар жоқ,  материалдық-техникалық база да қанағаттанарлық жағдайда емес. Ал, Ерейментауға аудандық орталық кітапханалар жүйесі қажет. Себебі, қазір аудан орталығындағы барлық кітапханалар жалға алынған ғимараттарда отыр. Оның үстіне, бұл аймақта бірде-бір модельдік ауылдық кітапхана жоқ. Оны ашуға  жиһаз, техника мен ғаламтор мәселесі кедергі болуда. Аталған ауданда 17 ауылдық округ болса, оның  алтауы ауылдық клубқа зәру. Даңқты батыр бабамыз Бөгенбай батыр туған Малтабар ауылында клуб болғанымен, жылу жүйесі нашар, ал, су жүйесі мүлде тартылмаған.  Аудандық мәдениет үйі де жөндеуді қажет етеді.  
Шортанды ауданындағы кітапханалардың басым бөлігі жалға алынған, не лайықталмаған ғимараттарда орналасқан. Мұндағы мәдениет саласы арнайы көлік пен сахналық киімдерге зәру.  Целиноград ауданындағы жиырма сала нысанының ғимараты тозған. Ақмол ауылындағы  аудандық орталық кітапхана тұрғын үйде орналасқандықтан, онда оқырмандар залы мен кітап қорын сақтар орын жоқ. Талапкер, Қосшы, Қараөткел, Қоянды ауылдарында мәдениет үйлері мен кітапханалар салу керек.  Астрахан ауданының Есіл, Петров, Қызылжар, Камышен, Оксанов ауылдық округтеріндегі клубтардың  жылу жүйелері мен көрермендер залына жөндеу жүргізу қажет. Жарқайың ауданындағы аудандық  мәдениет үйінің ғимараты да әбден ескірген. Ақкөл ауданында Еңбек, Наумов ауылдарындағы және аудандық кітапханаға күрделі жөндеу, ал, аудандық мәдениет бөліміне көлік керек. Еңбекшілдер ауданындағы бес ауылдық округте клуб ғимараттары жоқ, Баймырза, Зауралов елді мекендеріндегі клубтардың да жағдайы мәз емес.
Осы орайда, сөз алған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева жоғарыда аталған мәселелердің барын мойындап, оларды шешу бағытында нақты шаралардың қолға алынғандығын тілге тиек етті.  Аймақта филармония, театрлар, музейлер мен кітапханалар, жалпы 669 мемлекеттік мәдениет нысаны бар.  Бүгінде осы нысандарды түгендеу ісі қолға алынған, яғни, қайсысының нақты жұмыс істеп тұрғаны анықталып жатыр.  Басқарма басшысы сала жұмысының алға басуына кедергі жасап отырған мәселелер ретінде мәдениет нысандарының көпшілігіндегі ғаламтор былай тұрсын, қарапайым телефон байланысының жоғын, кітап қорын толықтырып, газет-журналдарға жазылуға бөлінер қаражаттың жыл сайын азайып  келе жатқандығын айтты. Елді мекендердегі мәдениет үйлеріне  музыкалық аспаптар, сахналық киімдер сатып алуға белгілі бір мөлшерде жүйелі түрде қаражат бөлініп отырса деген тілегін де жеткізді.
Отырыс барысында Сандықтау, Ерейментау, Шортанды аудандары әкімдерінің орынбасарлары Василий Горохводацкий, Абай Әлжанов, Ерлан Мұхамедин сөз алып, жергілікті жерлердегі саланың аяқ алысы мен түйткілді мәселелерді ортаға салды. Облыстық мәслихат депутаттары Сағадат Ашебеков, Қайрат Сұлтанов, Жанат Мусин өздерін толғандырған сауалдарды баяндамашыларға қойып, мәдениет саласының жұмысын жандандыруға жол ашар тың идеяларымен бөлісті. Мәдениеттің әрбір адамға қатыстылығынан, рухани кемелденудің қоғам дамуындағы орнының орасан екендігінен болар, бұл отырыс өте тартысты өтті. Шара соңында тұрақты комиссияның қаулысы қабылданды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар