Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
« Алашқа аты шыққан кер бұландай...» - АРҚА АЖАРЫ

« Алашқа аты шыққан кер бұландай…»

Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының да туғанына – 215 жыл. Атақты сал Біржан Құнанбай елінің жиі қонағы болған. Кеңес дәуірінде біз бұл елдің абырой-атағының бәрін Абайға таңып келдік қой. Ал, оның әкесі Құнанбайдың Алашқа аты, тіпті, ерте мәлім болғанын, атақ-даңқы алысқа жеткенін ескермедік. Біржан сал Сарамен айтысында «Құтыма тіл тигізбе, ер Құнанбай, Алашқа аты шықты кер бұландай» деп оның Алашқа қадірлі басын айтып, халқының, «құтына» теңгерсе, мұның бекер болмағаны да.

Жалпы, М.Әуезов «Абай жолын» жазу үстінде эпопеяға кіретін төрт томдықтың бір кітабын Құнанбайға арнамақ болған. Алашқа қадірлі, кісілікті келбетімен танытқысы келген. Өкінішке орай, дәл осы аты шулы шығармасы жазылар тұста М.Әуезовтің өзі де, жазылып жатқан туындысы да идеологияның қатаң бақылауында болған екен. «Олай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады» дегеннің кері. Әйтпесе, қазақ даласына даңқы ерте шыққан Құнанбайдың хан-сұлтандардан қадірлі басын ұлы жазушы қалайша кемітсін?! Амалдың жоқтығынан идеологияның нұсқауымен әке мен баланы қарсы қояды, қалың бұқараға Құнанбайды жау қылып көрсетеді.
Егер заман кеңдігі болғанда атақты поляк зерттеушісі Адольф Янушкевичтің айдауда жүріп Құнанбай елінде болғаны туралы, кейін әсіресе, Құнанбайдың жеке басының қасиетіне таң-тамаша қалып жазған еңбегінің кеңінен тарағаны, Абай әкесінің есімі сол арқылы Еуропаға мәлім болғаны туралы сүйсіне жазған болар еді ғой. Құнанбай таза діндарлығымен, қазаққа қажылық сапарымен өнеге көрсеткен жан. Ол Меккеге барғанда, мұндай ұзақ, қауіпті сапарға шығушылар сирек еді, тіпті. Құнанбайды алғаш жолы түскендердің бірі десе де болады. Еуропа жұртының өкілі А.Янушкевичтің өзі де Құнанбайдың шешендігін, білімдарлығын, жан-жақтан ағылып ақыл сұрап келіп жатқан терең қазыналы ақыл иесі екендігін тамсанып жазғанда, қазақ ортасы нағып оны танымасын және Құнанбайдың еліне де, оның шаңырағына да құтты қонақ ретінде қазақтың ең танымал адамдары, зиялылары, қайраткерлері, сал-серілері, ақын-жыршылары үзілмей келіп жатқан.
Абай бала кезінде-ақ ондайларды көп көріп өседі ғой. Бала Абай Дулат, Жанақ, Шөже, Балта сияқты ақындарды көріп, тыңдап әсерленіп, өнеге алған. Осы Құнанбай шаңырағындағы дәстүрді кейін өзі жалғастырады. Әттең, міне, әулеттің осы дәстүр жалғастығы, сабақтастығы шығармада ашылмай, бәрі Абайдан ғана басталғандай болып қалған. Мұндағы саясат та түсінікті, Абайлар орыстан мәдениет үйреніп барып, қазақ даласына сәуле шашқандай болып көрінуге тиіс болған. Қайтсем шындыққа жақын боламын деген М.Әуезовтің осы шығарма жазу үстінде қаншама теперіш көріп, қиналғанын біз кейін ғана білдік. Тіпті, соншама құқай көре жүріп, ұлы жазушының қалай атылып кетпегеніне таң қаласың, әрі оның табандылығына сүйсінесің.
Әрине, кеңестік ұрдажық саясат үшін М.Әуезовтің де «Абай жолының» да, құны көк тиын. Соны түсінген жазушы жаны қыл үстінде жүріп, амалсыз шарттарын орындауға мәжбүр болған. Ол бұл шығармасының өзі үшін емес, халық, ұрпақ үшін керек екенін түсінген. М.Әуезовтің қаншама қиын-қысталаң сатылардан өткенін білген сәтте, тіпті «Абай жолы» шықпай қалуы да мүмкін болғанын түсінеміз. Онда не болар еді? Арғы Алаш әдебиеті туралы ол кезде мүлде әңгіме жоқ, ал, «Абай жолы» шықпаса, қазақ әдебиеті мүлде құрдымға батқан болар еді. Кеңестік зәлім идеология, оның сойылын соққан өзіміздің дүмшелер қанша жанталасқанымен, алып мұхиттың ағысын тоқтата алмады, ал, роман-эпопея жарыққа шыққан соң дүниежүзінің көзі ашық, көкірегі ояу қауымы бұл шығарма аударылып, танылған соң-ақ сенсациялық туынды екендігін мойындады. Және ең бас-
тысы, орыстың империялық кеңестік саясаты М.Әуезов пен оның ұлы шығармасының көзін жойғысы келсе де, орыстың зиялы қауымы, әсіресе, әдебиетші, ақын-жазушылар ортасы мойындап, тіпті үлкен қолдау көрсетті. Жазушыны Қазақстанда қыспаққа алып, қудалағанда ол Мәскеуден көп тірек тапқан. Сонда барып паналаған кезі де болған.
Бұл арқылы айтайын дегеніміз, ұлы жазушының да, оның сүйікті кейіпкерлерінің де тағдыр жолдары ауыр болғандығы. Тіпті, өзіміз сөз етіп отырған, бір қарағанда, азулы, адуын, Қарқаралы округінің аға сұлтаны дәрежесіне дейін жеткен, дұшпандарын бет қаратпай, ойсырата жеңіп отырған Құнанбайдың өзінің өмір жолдары жеп-жеңіл, тыныш болған деп айта алмас едік. Құнанбай – өз ортасының надандығын, қараңғылығын жақсы ұққан адам және оны күшпен, тізе көрсетумен ғана жеңе алатынын біліп, өмір бойы күресіп өтті. Құнанбай қарақан басын немесе өз жақынының қамын ғана күйттемеген, әлсізге болысқан, жарлыға, нашарға теңдік әперген.
Сонымен қатар, әділетке жақ болған, ұры-қарыға тыйым салып, жазалап отырған. Сол кезде етек жайып бара жатқан әсіресе, отаршыл, үстем тап арқылы келген жағымсыз әдеттермен күрескен. Құнанбай – әділет үшін күресте, әрі азулы, әрі қайратты, табанды болған. Романда Абайдың «сіздің неге жауларыңыз көп?» дегенде, «мен өзімнің ісім үшін табандылық танытамын, осы табандылығыммен дос та, дұшпан да табамын» дейтіні бар ғой. Шынында да күрес жолы оңай емес. Ондай күрестен табанының бүрі жоқтар шыдай алмай тайқып кетеді.
Міне, осындай сипаттауы арқылы, ұлы жазушы астарлай отырып, Құнанбайдың озық, өнегелі қасиеттерін танытып отырғандығы анық. Жалпы, ұлы жазушының Құнанбай мен Абайға қатысты астарлы ойлары өте көп. Құнанбайдың Абайға «бойыңнан үш түрлі мін көремін» деуімен, былай қарағанда, келісуге де болады. Ол Абайға «орысшылсың» десе, онысы рас та, бұл арада Құнанбай орыстың империялық пиғылынан сақтандырып отыр. Ал, сол кезеңдерде бұл керісінше ұғындырылды. Яғни, Құнанбай орысқа жау болып көрсетілді. Құнанбайдың Абайға «жайдақ су сияқтысың, жайдақ суды ит те, құс та жалайды» десе, оның да жаны бар сияқты. Құнанбай бұл арада Абайға өз қадіріңді түсірме, сыйлата біл деп отыр. Құнанбай аңдағанға күштіні ғана сыйлаған, сәл төменшіктесең, басыңа шығып алатын қоғамнан баласын сақтандырып отырғандай. Осының бәрі медальдің екі жағы секілді оқырманды кез-келген жағдайға әр қырынан үңілуге де үйрететін сияқты.
Кезінде осы туралы Ш.Айтматов та жазды. Ол «мен кеңестік цензурадан өту үшін неше түрлі айлаға бардым. Оқырманымды астарлы ойлауға үйреттім» деп жазды. Ал, көрнекті әдебиеттанушы ғалым Р.Нұрғали қазақтың классик жазушыларының барлығы дерлік астарлы шығармалар жазғандығын атап көрсетті. Осы тұрғыдан келгенде біз М.Әуезовтің Құнанбайын сан қырынан танытатын ең бір астарлы, қырық қатпарлы терең кейіпкер ретінде қабылдаймыз. Ұлы жазушы бәрін де ақылмен ойластырған сияқты. Ол неше түрлі қарама-қайшылық тудырған кеңестік саясаттың күні бататынын, әке мен бала, жалпы қазақ деген жұрттың текті ұрпағы ажырамастай табысатынын көрегендікпен болжаған секілді. Егер бұл шығарма санаменен терең зерделенбесе, көрегендік болжалы болмаса, астарлы ойы болмаса, әлем оқырманын жаулап ала алмаған болар еді.
Дегенмен қаламгерге ең қажеттілігі – еркіндік, қалам бостандығы дейтін болсақ, ешкім Абай-Құнанбай тақырыбын жауып тастаған жоқ. Бұл тақырыпқа өзінше келуге әркімнің де хақысы бар. Бұл бір. Екіншіден, қанша кеңестік идеология бүркемелеп, қаралауға тырысқанымен, Құнанбай – еркін, арда қазақтың, дала қаһарманының биік тұлғасы және Құнанбай-Абай сабақтастығы – бұл жалпы қазақ үшін де, адамзат баласы үшін де әке мен бала арасындағы ортақ тіл табысқан бірліктің, жалғастықтың, ұрпақ сабақтастығының мәңгілік үлгі-өнегесі болып қала бермек. Ұрпағымызға Құнанбайдай асыл мұратты әке, Абайдай ұғымтал дана бала тілейік. Бұл – қазақ деген халықтың мерейлі, мәртебелі болашағына апарар ұлағатты мүддеміз.
Дәулет ӘМІРҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар