Қазақ ежелден үлкенді сыйлап, кішіге ізет танытқан халық. Ал, осы тәрбиенің түп-тамыры ауылда жатқанын айтқым келеді. Мен де біразды көрген анамын. Жасым 72-де. Қоғамда болып жатқан түрлі өзгерістерді өзімше қадағалап отырамын.
Осы өмірде бір көңілге түйгенім, адамның кісілік қасиетінің қалыптасуына отбасы әсер етеді. Әрбір адам отбасын құрған кезде өзім бақытты боламын деп емес, жарымды бақытты қыламын деген мақсатты көздесе, мәнді де мағыналы өмір сүрер еді. Сонда ажырасу да аз болар еді.
Кезінде біздің аналарымыз колхозда күні-түні жұмыс істеді. Бірақ, соның өзінде ұл-қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөлді. Қашан болсын, бізге ақыл айтудан еш жалыққан емес. Қыз баланың әдепті, ибалы, инабатты болуы керек екенін, үлкенді сыйлап, алдынан кесе-көлденең өтпеуін әркез есімізге салып отыратын. «Қыз бала жат жұрттыққа жаралған, ертең сендер де біздей боласыңдар» деп, үй шаруасына салудай салды. Далада әкемізге көмектессек, үйде анамызға қолғабыс еттік. Үй жинау, кір жуу, ас пісіруге ерте араластық. Бұл үйренгеніміз өзімізге жақсы болды. Егер қыз бала үй шаруасына епсекті болса, ертең тұрмысқа шыққанда өзіне де жақсы емес пе?
Араға жылдар салып, мен де ақ босағадан аттадым. Келін атанған соң, барынша жақсы жағымнан көрінуді мақсат тұттым. Осындайда әке-шешемнің берген тәрбиесі көп көмектесті. Анам марқұм көзі тірісінде ертең бір үйге келін болып түскенде, ата-ене, абысын-ажынмен тату-тәтті болу керектігін айтып отыратын. Кезінде балалықпен түсіне бермеген бұл сөздердің мәнін тұрмыс құрғанда ұқтық. Отбасылық жолымыз сол үйдегі тәрбиемен өрбіді. Құдайға шүкір, бұдан жаман болған жоқпыз.
Қазір заман, уақыт та өзгерді. Кейбір аналардың қыз тәрбиесінен бойын аулақ ұстайтынына таң қаламын. Әрбір ата-ананың міндеті – балаға дұрыс тәрбие беру. Дана халқымызда «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деген аталы сөз бар. Бұл даналық сөздің астарында үлкен мән жатыр. Әрбір отбасында болашақ келін, ана тәрбиесіне баса көңіл бөлінуі керек.
Бәріміз де жас болдық. Жас кезіңде албырт сезімнің жетегінде жүріп, кейбір жайларға атүсті қарауың да мүмкін. Соның бәріне тәрбие мен өмірдің өзі үйретеді. Басқа отбасына бауыр басып кетудің өзі оңай шаруа емес. Әр отбасының өз ерекшелігі болады. Оған үйрену үшін уақыт пен төзімділік қажет. Қазіргі жастар осыны қаперлерінде ұстаса, білсе дейсің. Бұл арада әрине, қайын енеге де үлкен жауапкершілік жүктеледі. Өйткені, келінмен көбіне жақын болатын осы қайын ене. Қайын енесі келінді бауырына тартса, келін де оны өз анасындай көрсе, шешілмейтін мәселе жоқ.
Бәріміз де жастарымызды «ауырдың үсті, жеңілдің астымен» жүрмеулерін айтып, адал еңбекке баулуға тиіспіз. Мен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрайымы ретінде өзім қатысатын түрлі жиындарда шамам келгенше осы мәселелерді ортаға салып отырамын. Ауылымыз ірі елді мекендердің бірі болғандықтан, қыз ұзатылып, келін түсіріліп дегендей, той-домалақ жиі болып тұрады. Ондайда түскен келіндеріміз көңілімізден шығып жатса, қуаныш деген сол. Ал, өз келіндеріме келсем, тату-тәтті тұрып жатырмыз. Балалары ойлаған ойынан шықса, мен сияқты әрбір ата-ана Аллаға тәубе етері анық. Шүкір, бүгінде ауыл жастарының көбі дінге бет бұрған. Мешітке барып тұрады. Демек, оларға ренжуге болмайды. Тек қазақы тәлім-тәрбиені әлсіретпей, мықтай түскеніміз жөн.
Күлкәш ШАҒАТОВА,
Наурызбай батыр ауылының
ардагерлер кеңесінің төрайымы.
Бурабай ауданы.