Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ел аштықтан босып кеткен - АРҚА АЖАРЫ

Ел аштықтан босып кеткен

Өз туған ошағын тастап, босып, сыртқа кету қазақ тарихының бұлыңғыр беттерінің бірі саналады. Қазақты күштеп көшіру және өз Отанынан аластату тарихы сонау ХVІІІ ғасырға барып тіреледі. Ел аузында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атаумен қалған жаралы жылдар жоңғар шапқыншылығы салдарынан қаншама қандастарымыз елін тастап, өзге өңірлерге босып кетті. Арада 150 жыл өткесін ғана қазақтар өз туған жеріне орала бастады. Бұл 1934 жылға дейін жалғасты.

  Патша империясының қазақтарды Еділ мен Жайықтың, Тобыл мен Ертістің жағалауынан ығыстырып, ішке қарай қоныстандыруы да Кеңес үкіметі орнағанға дейін өрбіді.
Міне, 1916 жылғы патшаның қазақтарды қара жұмысқа алу жөніндегі жарлығы ұлт-азаттық көтерілістерінің бұрқ етуіне әкеліп соқты. Көшпелі елді кемсітіп, арына қол сұққан патшаның сыңаржақ саясаты қарулы бас көтерулерден кейін ғана басылды.
Отызыншы жылдар да саяси-қуғын сүргіндерге толы болды. «Халық жауы» деген желеумен қаншама қазақ зиялылары жапа шегіп, қудаланса, «ұлы жұт» деген атаумен есте қалған аштық қаншама бейкүнә жандардың бақытсыздықтың қайғы жасын жұтуына себепкер болды. Сол жылдары көп қазақ отбасыларын туған жерін тастап, сырт өңірлерге үдере көшуге мәжбүр етті. Яғни, ел аштықтан босып кетті. Ал, солардың ішінен қаншама қандастарымыз өлім құшып, аштық құрбанына айналды.
Күштеп ұжымдастыру нәтижесінде біржарым миллион қазақ құрбан болса, осынша адам еріксіз шет елдерге көшіп кетті. Кейбір деректерге қарағанда алғашқы ұжымдастыру кезінде еліміз бо-йынша барлығы 7 миллион адам өлген немесе жер аударылған екен. Бұл осында тұрып жатқан барлық ұлт өкілдерін қамтыды.
Тарихқа жүгінсек, 1921-22 жылдары құрғақшылық салдарынан аштық нәубеті белең алса, мұндай жұт 1932 жылы да қайталанды. Ол ауылдық жердегі тұрғындардың 49 пайызын құрбан етті.
1920-шы жылдардың басындағы Ресейдің, Украинаның және Қазақстанның маңызды ауыл шаруашылығы аудандарында қатты құрғақшылық болып, күрделі жағдай туындады. Көкшетауда бір адамға ең төменгі айлық пай етке бір фунт, картопқа жарты фунт құрады. Аштыққа шалдыққан адамдар көбейді. Әсіресе, Ақмола губернесі мен Көкшетау уезінде бұл нәубет ерекше сипат алды.
Кейбір деректерге қарағанда 1921-22 жылдары 2 миллионнан астам адам өзге өңірлерге еріксіз көшсе, ал, отызыншы жылғы аштықтан 1 миллион 750 мың адам қаза тапты. Мұның өзі сол кездегі үкіметтің халықтың қолында түк қалдырмай, бидай, азық-түліктің бәрін күштеп тартып алуынан, қазақтардың ғасырлар бойғы тұрмыс ерекшеліктерін ескермей, бәрін бір ортаға ұжымдастырамыз деп жанталасуынан орын алды.
Жылдар бойы құпия сақталған осындай деректерге 80-90-шы жылдары ғана қол жетті. Мысалы, 1939 жылғы санақта 1926 жылмен салыстырғанда қазақтардың өз елінде күрт кеміп кеткені белгілі болды.
Иә, заман алға жылжып, өмір өзгерсе де, тарихты өзгерту мүмкін емес. Өткен тарих беттерін парақтап отырып, қазақ халқының басынан көп зобалаң өткенін көреміз. Бүгінгі ұрпақ сол жаралы жылдар елесін ұмытпай, әркез еске алып, тағзым етсе, бұл да өткенге бір салауатты іс  болар еді.

Гүлбаршын САЛЫҚ,
өлкетанушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар