Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ойланғаннан жаттаған оза ма, әлде... - АРҚА АЖАРЫ

Ойланғаннан жаттаған оза ма, әлде…

 Оқушылардың білімін тест жүйесі арқылы тексеру өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Америка елінен бастау алған. Сол тұста бұл тестті  елде сауаттылықты емес, сауатсыздықты тексеру үшін қолданған. Бізде ше?…

  Амал нешік, адам санасына жасалған ірі шабуылға айналған тест жүйесін қолдану кеңес одағы тарқап, зауыттар жабылып, ғылыми-зерттеу институттары тарап жатқан абыр-сабыр кезеңде қолға алынған еді. Сол кезде орыстың ақшаға қызыққан азулы ғалымдары Америкадағы оқыту жүйесін жапа-тармағай мақтай жөнелді. Ақыры, Ресейге тест жүйесін ендіріп тынды. Осынау  тест жүйесі  1999 жылы бізге де жетіп, жүзеге асырыла бастады.
Ғалымдар тест адамның ойлау қабілетін жойып, тек болжау қабілетіне ауыстырады деген қорытынды шығарған көрінеді. Тек болжаммен ғана өмір сүргісі келмеген Батыс елдерінің де азаматтары тесттің көзін құрту үшін шерулер де ұйымдастырды. «Өмірімізді түске айырбастамаймыз!» атты бастама көтерудің нәтижесінде мұндай жүйеден батыстың біршама елдері баяғыда-ақ бас тартқан.
Жалпы бүгінгі таңда әлемнің көптеген мемлекеттерінде  тест (ҰБТ) тәсілін үзілді-кесілді тоқтатқан. Бұрынғы дәстүрлі білім беру жүйесі ең алдымен баланың қабілетін арттыруға негізделетін. Ол кезде мұғалімдер оқушыларды тест жүйесіндегідей ойсыз жаттауға емес, өздігінен ойлауға үйрететін. Қарапайым ғана ойлап көргеннің өзінде жаттаған бала мен ойланған баланың айырмашылығы жер мен көктей екені белгілі. Жаттаған бала тек үйренеді, ал оқыған бала өздігінен ойлап, әрекет ете алады. Үйретілген бала цирктің аңдары секілді өзі істеуі тиіс нәрсені ғана атқара алады. Ал, оқыған адам жаңа бастамалар көтеріп, қоғамның дамуына ықпал жасайды. Итті де, маймылды да үйретуге болады. Адамды ғана оқытады. Бірақ, тест жүйесі балаларды оқытудың орнына тест сұрақтарын қалай белгілеу қажеттігін ғана үйрететіні өтірік емес.
Бірде тест жүйесінің тиімді немесе тиімсіздігін білу мақсатында ғалымдар тәжірибе жасапты. Олар төртінші сыныпта оқитын он балаға университетке түсуге арналған 130 сұрақтан тұратын тест кітапшасын толтыртқан. Нәтижесінде «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп белгілеп шыққан әлгі балалардың жетеуі университетке еркін түсетіндей балл жинаған. Бұл күлкі емес, қасірет. Осыдан-ақ, университеттің төрінде тайраңдап жүруге соншалықты білімнің қажеті шамалы екенін аңғару қиын емес. Мысалы, әдебиет пәнінен Абай Құнанбайұлының шығармаларын оқып керегі жоқ. Олардың атын жаттап, туған және қайтыс болған жылын біліп алса болды.Тесттің одан асырып, сұрақ қояр мүмкіндігі де жоқ.
Ғалымдар тағы да бір сынақ жүргізген. Тестті жақсы жаттаған балаға емтихан болардың алдында белгілі сұрақтар қойыпты. Бала зырлап тұр, толық жауап берді. Сосын тест өткен күннің ертесінде әлгі сұрақтарды қайтадан қойса, бала қырық пайызын ұмытып қалыпты. Ұлттық бірыңғай тестілеуден өту мақсатында ештеңе түсінбестен құр жаттаған білім ешқашан өз біліміне айналмайды. Өз ойымен барлау жасап, көкейіне толық орнықпаған білім, бала кенет қатты үрейленсе де ұмытылып қалуы әбден мүмкін деген ой топшылайды ғалымдар.
Бұрындары мектептегі бір ұстазымыз «көшіруге де сауат керек» дейтін мысқылдап. Тестте көшіріп әуре болмайсың. Сатып алған жауапты орын-орнына қоя салуға көзі дұрыс көретін бала болса жеткілікті. Тест өлшемін баласының білім деңгейі емес, әкесінің қалтасы белгілейтін жағдай орын алып келеді. Мысалы, 100,115,125 балдардың құны 3000-5000 АҚШ долларын құрайтын көрінеді. Бұны ҰБТ кезінде қолға түскен қылмыстық істер деректері негізінде жазып отырмын. Ана бір жылдары Қызылорда қаласында жемқорлыққа салынған ҰБТ комиссиясының үш жыл бойы орынбасары болған алаяқ әйел мемлекеттің білім грантын саудалап жүріп ұсталды. Оны үш жыл бойы тайраңдатып қойған кім? Осы облыстың бір ауданында тестті тапсырған барлық оқушы 100 пайызға жуық жоғары балл алып, бүкіл елді таңқалдырған еді. Кейін бұл «жетістіктің» сыры да ашылды.Тест дегеніміз ақша, біреулер үшін күнкөрістің көзі дей аламын. Біздің облысымызда алдын ала тест сауалдарына жауап беру нәтижесі бойынша «Алтын белгіге» үміткер 222 оқушының тең жартысынан астамы ғана өз білімдерін дәлелдей алған. Өңірімізде мұндай жайттар бұрын да орын алған екен. Мәcелен, 2013 жылы 208 үміткердің 42-сі ғана «Алтын белгі» иегері атанған.
Он бір жыл бойы жанталасып үздіктер қатарында оқып келген білімқұмар баладан, өмірі кітап бетін ашпаған ойынпаз оқушы озып шығып, қалаған университеттің есігін теуіп кіреді. Бұның соңы өзіне-өзі қол салу секілді қайғылы оқиғалармен аяқталған мысалдар да жеткілікті. Сонымен қатар, соңғы жылдары ҰБТ-ны өткізу жергілікті білім басқармаларының да жарысына айналғаны жалған емес. Облыс, қала, аудандық білім беру мекемелерінің жұмысы осы ҰБТ-ның қорытындысымен бағаланады. Ал, мектеп директорларының өз қызметінде қалу, қалмауы оқушылардың тестте жинаған балдарына тікелей қатысты. Сонда тест шын білім емес, ақша немесе белгілі бір кездейсоқтықты күтіп, алаңдап күн кешу болмақ. Өйткені, тест нағыз білімнің көрсеткіші емес.
Мына бір мысалды айта кеткен жөн шығар. Тест Америкада орнығып, өз уын жайып үлгерген сексенінші жылдары Горбачевтің қайта құруынан қашқан кеңестік эмигранттар да  елге келе бастайды. Балаларын АҚШ мектептеріне орналас-
тырады. Қызығы, әлгі балалар жергілікті халықтың ұл-қыздарымен салыстырғанда шетінен ақылды болып шығады. Бұл дәл бүгінгі жағдаймен ұқсас. Қытайдан келген оралман ағайындарымыздың көптеген балалары қазір жергілікті жердегі мектептерден білім алуда. Олар жазудан қиналса да, оқуда үздік. Мұның себебі, Қытайдың оқыту жүйесі тест жүйесіне көшпегені және дәстүрлі емтихан түрі қолданылатындықтан.
Енді не істеуіміз керек? Әркім өз баласының болашағына бейжай қарамайтыны белгілі. Ендеше, оқығанын өз біліміне айналдырып, ойлау жүйесін кеңейтуге баланың отбасы барынша көмек көрсетуі қажет. Әйтпегенде, білімі миға қонбаған оқытудан қандай нәтиже бар? Соның салдарынан қоғам азады.Өйткені, білімсіз адам жалтақ, жалтақ адам өтірікші, өтірікші адам алдағыш, алдағыш адам ұры болып шығады. Өмірдің шынайы ақиқатына беттей алмай, көлеңкелі тұсты жамылып, өзінен- өзі қашып ит қорлықта тірлік қылады. Ақиқатқа жетпеген адам өмірдің шынайы бақытына қолын тигізе алмайды.
 Төлеген ЕРДЕН,
Қарлыкөл негізгі мектебінің құқық пәнінің мұғалімі.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар