Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жоғары оқу орнына қойылатын басты талап білім сапасы болуы керек - АРҚА АЖАРЫ

Жоғары оқу орнына қойылатын басты талап білім сапасы болуы керек

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты ел халқына Жолдауында заман талабына сай тиімді мемлекет құру, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экономиканы қарқынды дамыту, ауыл шаруашылығы өндірісін ілгерілету, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңін қалыптастыру, соның ішінде білім беру сапасын жақсарту, отбасын қолдау, медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапалы деңгейін арттыру сияқты мәселелер рет-ретімен кеңінен ескеріле түскеніне анық көз жетеді.

Осы міндеттердің бәрі сала-сала бойынша әрбір еңбек ұжымына үлкен міндеттер жүктеп отырғандығы тағы ақиқат. Соны жете түсінген біздің Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы да Жолдауда алға тартылған өзекті мәселелерді шешу жолында аянбай еңбек етуге бекем бел буып отыр. Әрине, жоғары білім саласында қызмет атқарып келе жатқандықтан, бізге Мемлекет басшысының осы бағытта атап көрсеткен жаңа міндеттер көкжиегі жанымызға жақын, өзгеше көрінеді. Солардың ішінде Президентіміз «Енді жоғары білімнің сапасына жеке тоқталғым келеді. Өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр. Сондықтан, олардың санын қысқарту мәселесін қарау керек» деп нақты өз пікірін білдіргендігін көріп отырмыз.
Әрине, бұл өте орынды мәселе. Кез-келген жоғары оқу орнының түлектері оқу бітіріп, қолдарына диплом алысымен міндетті түрде жұмысқа орналастырылуы қажет. Керісінше жағдайда «біз оларды төрт жыл бойы несіне оқытамыз?» деген сауал туындамай ма?! Жолдауда айтылған бұл жайлар бізге бұрыннан да таныс. Бұрынғы Жолдауларда да осы мәселе көтерілмеді емес, көтеріліп жүрді. Алайда, нақты шешімін таппай келе жатқандығы оны қайта күн тәртібіне қоюға мәжбүр етіп отыр. Бұл мәселенің әлі де болса мұқият айналысуды қажет етіп келе жатқандығы тектен тек емес. Университеттердің түлектерін өз қабырғамыздан оқу бітіргізіп шығарғанымызбен, олардың ертеңгі жағдайы қалай боларын ойлай бермейтініміз жоқ емес, бар.
Бұл үшін бүгінгі нарықтық қатынастар шынайы қажет ететін мамандықтарға нақты көңіл бөліп, сол мамандық иелерімен еліміздің халық шаруашылығы жүйелі әрі толық қамтамасыз етілуін жолға қоюымыз керек. Бұл арада дуальдық оқыту жүйесінің пайдасы көп. Атап айтар болсақ, біздің Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті жылына өзіндегі төрт факультетте шамамен 2500-2600 студентке 24 мамандық бойынша білім береді. Өткен жылы оқу орнын тәмамдап шыққан түлектеріміздің 94 пайызының жұмысқа орналасуының сыры неде десек, облыс аумағындағы мемлекеттік органдармен, кәсіпорын-ұйым, мекемелермен тығыз байланыста жұмыс істеуімізде. Осы тұрғыда жасалатын келісім-шарттар, екі жақты меморандумдар, студенттеріміздің соларда тағылымдамадан өткенде, сапалы білімдерінің арқасында өз-өздерін көрсете білулері сайып келгенде, біздің оқу орнын бітірген жастарды жұмыссыз қалдырмауда.
Жолдауда сонымен бірге, «Ғылым саласындағы ахуал ерекше назар аударуды талап етеді. Біз ғылымсыз еліміздің дамуын
қамтамасыз ете алмаймыз» деген де біз толық келісетін жолдар бар. Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарындағы білім беру үдерісі жаңаша өрбуі керек. Жаңаша деп отырғанымыз, оқытушы ғалымдарымыз бен студенттеріміз инновациялық ғылыми-зерттеу жобаларымен айналысып, уақыт талабымен бірге тыныстаулары тиіс. Сонда ғана бүгінгі ғалымдардың орнын ертеңгі күні лайықты ізбасарлары басады деп айтуға болады. Біздің университетте барлық ғылыми бағыттар тәжірибелі профессорлардың, ғылым докторлары мен кандидаттарының жетекшілігімен жүзеге асырылады. Оқу орнында осыған барлық мүмкіндік бар. Яғни, материалдық-техникалық базамыз, ғылыми-зерттеу лабораториялары уақыт талабымен толық сәйкес келеді.
Университет жанынан аймақтық даму жөніндегі ғылыми-зерттеу институты құрылған. Ол өзіне төрт негізгі ғылыми бағытты – ақпараттық технологияларды, әлеуметтік-педагогикалық, экологиялық және транспорттық, экономикалық және құқықтық зерттеулерді біріктіреді. Ғылыми-консультациялық орталықтарда жұмыс аймақтық проблемалар мен оларды шешу жолдарын, ғылыми-зерттеулерді өндіріске енгізу мүмкіндіктерін қарастыруға бағытталған. Осының бәрі Ақмола облысы кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында қолға алынып отыр.
Ғалымдарымыздың бұл ғылыми-зерттеу жұмыстары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің мемлекеттік қаржыландыру шеңберінде іске асырылуда. Олар педагогика, тәрбие жұмысын, соның ішінде патриоттық тәрбиені күшейту, өндірісті интенсивтендіру және экономикалық көрсеткіштерді өсіру бағытында жүргізілуде.
Университетіміз халықаралық конкурстар мен республикалық ғылыми гранттарға белсене қатысып келеді. 2015 жылдан бастап жыл сайын белді оқытушыларымыз Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағы мен грантынан бірде-бір рет тыс қалған жоқ. Осы уақыт ішінде университет ғалымдары баспа беттерінде 400-ден астам ғылыми еңбек жариялапты. Осы орайдағы оң нәтижелер тұтастай алғанда университеттің өзге жоғары оқу орындары арасындағы рейтингісіне де игі ықпал етіп отырған жайы бар. Тек өткен оқу жылында ғана біздің оқытушыларымыз 21 монография мен оқу құралын баспадан шығарды.
Жолдауда алдымызға қойылған жоғарыдағы міндеттер алдағы уақытта да ғылыми ізденістеріміздің көкжиегін кеңейтіп, жаңа белестерге қол артқызатыны сөзсіз. Университет сондай-ақ, білім берудің халықаралық талаптарына да ден қойып, елімізден тысқары жерлердегі жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатуға ұмтылып келеді. Айталық, Омбы гуманитарлық академиясымен ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша екі халықаралық келісім-шарт жасалып отыр. Осы академиямен және Омбы аймақтық институтымен жыл сайын Қазақстан және Ресей ғылыми мектептерінің арасында өзара тәжірибе алмасу мақсатында «Ғылым және біз», «Студенттер көктемі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялары өткізіліп келеді.
2010 жылдан бастап біздің оқу орнында Қазақстан Респуб-ликасы Ұлттық Ғылым академиясымен және жоғарыда атап өткен Ресей жоғары оқу орындарымен бірлесіп, «Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің хабаршысы» атты халықаралық ғылыми-ағарту журналы шығарылады. Оның беттерінде осы ғылым ордасы мен жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдарының, докторанттары мен магистранттарының ғылыми-зерттеу еңбектерінің нәтижелері жарияланып жүр. 2012 жылдан бастап ғылыми жұмыстар мен жарияланымдарды плагиаттың бар-жоғына тексеру жүйесі енгізілген.
Университетте ашылған коворкинг орталығы жастардың кәсіпкерлік мәдениетін дамыту тұрғысында өзіндік бір тәжірибе алмасу орнына айналды. Қазіргі уақытта оқытушыларымыз бен студенттеріміз жиырмадан астам стартап жобаларды жүзеге асыруда. Жас ғалымдар, студенттер мен магистранттарымыз соңғы бес жылда Ақмола облысы әкімінің ғылыми жобаларға берілетін сыйлығы бойынша аймақтық конкурстардың абсалюттік көшбасшылары болып табылады. Сол сияқты университетте оқытылатын барлық мамандықтар бойынша республикалық пән олимпиадаларының да бірнеше мәрте жеңімпаздары мен жүлдегерлеріміз. Мұның өзі бәсекеге қабілетті мамандар даярлап шығаруымыздың нақты айғағы болса керек.
2017 жылы Алматы қаласында өткен ұлттық Enastus Kazakhstan студенттер кәсіпкерлігі, стартаптар және инновациялар конкурсында біздің университеттің студенттер құрама командасы Қазақстанның жетекші 40 жоғары оқу орнының арасында жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. 2018 жылы университет студенттері жастардың бизнес жобалары сарапқа салынған «Менің арманым» атты ұлттық конкурста да алғаш рет қатысқандарына қарамастан, өздерін жақсы жағынан көрсетті. Сөйтіп, конкурстың келесі кезеңіне өту үшін 287 өтініш берілген тартысты бәсекеде біздің жоғары оқу орнының 17 жобасы ақтық кезеңге өтті.
Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының тәуелсіз рейтингісінің қорытындылары бойынша (НААР) 2018-2019 оқу жылының барысында білім бағдарламалары жөнінен Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті 15-інші орынды нық ұстап келеді және Қазақстанның топ-университеттерінің алғашқы 20-сына кіріп отыр. Университет басшылығы профессорлық-оқытушылық құрам мен студенттер қауымына ғылыми-зерттеу жұмыстарымен толыққанды айналысулары үшін әрдайым ұйымдастырушылық және материалдық көмек көрсетіп келеді.
Жоғарыда бір университет мысалында ғылым мен білімге қатысты біз айтып отырған жайлардың бәрі Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында көрініс тапқан мәселелер. Президентіміз бірінші кезекте оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыруға күш салу қажеттігін өте орынды айтып отыр. «Үкімет аталған мәселені ғылыми-зерттеулердің деңгейін көтеру және оларды тәжірибеде қолдану тұрғысынан қарастырғаны жөн» деген тапсырма да біздің ұстанған бағытымызбен өзектесіп жатыр. Өзіміз үшін алға қойып отырған ендігі міндет – білім мен ғылыми жұмыстар сапасын одан әрі арттыру. Осы тұрғыда жүйелі жұмыстар атқарып, жаңа ізденістерге баратынымыз даусыз.

Сағынтай ЕЛУБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі,
Ақмола облысының құрметті азаматы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар