Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қияға қонған ақын Сәкен - АРҚА АЖАРЫ

Қияға қонған ақын Сәкен

Кіндігін Сарыарқа кескен, қаймағы бұзылмаған қасиетті ортада өскен, бесігінен өнеге көрген, өнердің уызын емген сұлу Сәкен, сырлы Сәкен, сырбаз Сәкен, сұңқар Сәкен, ақын әрі композитор Сәкен қанқұйлы заманда сан қилы тағдыр кеше жүріп, туған халқына, өз қолымен құрған Кеңес үкіметіне, имандай сенген большевиктік партиясына жан-тәнімен адал қызмет етті, ақыры сол партиясы өзінің түбіне жетті. Сәкеннің дүние есігін ашқанына биыл 125 жыл, жазықсыз жазаға ұшырап, өкінішпен опат болып қара жердің қойнында жатқанына 81 жыл. Қайран Сәкеннің және басқа қаншама асылдарымыздың қай топырақтың астында жатқаны бір Құдайға ғана белгілі. Үлкен қасірет осы!

Сәкен небәрі 44 жылдық ғұмырында биікке самғап ұшып, биліктің ұшар басына шыққан, әдебиет пен өнерде өлшеусіз іс тындырған аса ірі тарихи тұлға. Біз бұл қысқа сөзімізде Сәкен жасаған ғажапты, Сәкен көрген азапты түгел баяндап шығуға мүмкіндігіміз жоқ. Оның үстіне ақынның «тар жол, тайғақ кешулі» өмірі мен шырғалаңы көп шығармашылық жолын көзі қарақты жұрттың бәрі жақсы біледі деп ойлаймын. Ал, Сәкенді тереңірек білгісі келетін бүгінгі ұрпақ ақынның өмірі мен өнерін зерттеуге ғұмырын арнаған ардагер ағаларымыз – Серік Қирабаевтың, Мұхамеджан Қаратаевтың,Сейділ Талжановтың, Есмағанбет Ысымайыловтың, Амантай Сатаевтың, Амантай Кәкеннің, әсіресе, Тұрсынбек Кәкішовтың жанкештілікпен жасаған еңбектеріне үңілулері керек. Бұл бауырларына Сәкен аруағы мәңгі разы! Сәкенді зерттеу, оның асыл мұраларын насихаттау қазақ халқы барда жалғаса бермек.
Бүгінде ақыннан қалған ине, сабақ жіпке дейін жинап, көздің қарашығындай сақтап отырған Сәкен музейі – Сәкеннің қарашаңырағы іспетті. Ағамыздың то-йын елден бұрын бастап отырғанымыз да сондықтан. Музейдің ашылу тарихы да Сәкен тағдыры сияқты қым-қуыт қиындыққа толы. Сәкен рухына, ұлт мұрасына жанашырлық жасап, талай кедергіні талқан етіп, музейдің ашылуына мұрындық болған ақмолалық қайраткер – Молдахмет Досаев ағамыздың аруағына әрқашан бас иеміз. Сондай-ақ, Сәкен мұрасын жинастыруға аянбай қызмет еткен, музейдің тұңғыш директоры – Роза Асылбекова апамыздың атын да айрықша атағымыз келеді. Жалпы о дүниелік адамға ештеңенің керегі жоқ. Тарихи тұлғалардың асыл мұрасы арттағыға – тірілерге керек. Осы парызды терең түсініп, ұлылардың, оның ішінде Сәкеннің рухына ерекше қызмет етіп жүрген қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов бастатқан азаматтарға және Сәкеннің жақын- жұрағаттарына музей атынан алғыс айтамын.
Музейге мен басшы боп келген 9 жылдың ішінде музей қызметкерлері отырған екінші үйдің күрделі жөндеуден өткенін, ауласы қоршауға алынып, күзетке арналған шағын үй салынғанын, шлагбауым орнатылғанын, заманауи техникалық, тағы басқа қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілгенін, қызмет көліктері және жәдігерлердің реэкспозициялық жұмыстары жасалып жаңартылғанын, жыл сайын «Сәкен оқулары» өтіп ағымдағы жоспарлы жұмыстардың жасалып жатқанын айтпаған күннің өзінде, Сәкен музейінде тоғыз жылдан бері Астана күніне арналған республикалық мүшәйра өтіп келеді. Соның нәтижесінде «Мүшәйра», «Ел тірегі – Елорда» атты екі кітап жарыққа шықты. Сәкенге арналған өлеңдерден құралған «Сәкен сұңқар», «Сәкен музейі» атты кітаптардың орны бір бөлек. Бұлардан басқа «Сырсандық» атты сериямен жылына бір кітап шығарып келеміз. Серияның бүгін тұсауы кесілген бесінші кітабы туғандарына 125 жыл толып отырған Сәкен, Ілияс, Бейімбетке арналды. Санап отырсақ 9 жылда 9 кітап шығыпты. Бұл Сәкен музейі тарихында бізге дейін жасалмаған жұмыс!
Сәкен жалғыз емес. Ол өзінің саналы ғұмырында арғы бабаларымен сабақтасып, өзі қатарлас қайраткерлермен қанаттасып ұлт үшін ұлы іс тындырған ардагер азамат. Бұл тұрғыдан алғанда «Абайдың інілері, қазақтың ірілері» деп Кәкімбек ақын айтқандай Сәкен, Ілияс, Бейімбет тұлғасы қазақ тарихында, қазақ руханиятында бөліп-жаруға келмейтін тұтас бір әлем. Осы орайда 70-жылдары Алматыдағы Мұхтар Әуезов музейінде жастармен кездесуінде Ғабит Мүсірепов айтқан мына бір естелік ойыма оралып тұр. Ғабең алыптар тобын еске ала келіп: «30-жылдары Медеудің қойнауына үй тігіп Сәкен, Ілияс, Бейімбет үшеуі демалды. Солармен бірге мен де болдым. Үшеуі түскі астан кейін киіз үй төрінде аяқтарын үш жаққа жіберіп, бастарын бір жастыққа түйістіріп жатқанын көрдім. Сол сәт күні бүгін көз алдымнан кетпейді», – деп ауыр күрсініп еді. Студент кезімде Ғабеңнің өз ауызынан естіген осы бір сөз менің де есімнен кетпейді. Соның әсері болар үш алып тұлғаның мүсінін фарфордан жасатып музей төріне қойдық. Қазақтың үш арысының асыл бейнесі музейге келушілердің ойларына қозғау салып, жүректеріне сәуле төгіп төрімізде жарқырап тұр. Оған бүгін «Үш арыс» бұрышының ашылу сәтінде өздеріңіз де куә болдыңыздар.
Бірнеше жылдан бері ойластырылған бұл шаруаның бәрі биыл Қазақ елі атап өткелі отырған Сәкеннің 125 жылдық то-йына дайындықтың нәтижесі деп білемін. Осы жұмыстың бәрі айналып келгенде қаржыға тірелетінін және жақсы білесіздер. Бұл тұрғыдан алғанда жоғарыдағы аталған ауқымды шаралардың барлығына қаржы бөліп, сондай-ақ, музейдің 25 жылдық, 30 жылдығын және Сәкеннің осы 125 жылдық тойын өткізуге қолдау көрсетіп отырған Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне, ел атынан шексіз алғыс білдіремін!
Бүгінгі Сәкен рухына арналған іс-шара Ақмола облыстық әкімдігінің қолдауымен Көкше жерінде өткелі отыр. Кербез Көкшенің бар сұлулығы ақын Сәкеннің «Көкшетау» поэмасы арқылы қазақ сахарасына кеңінен тарады. Сәкен – қашан да Сәкен! Осыны ұмытпаған ақмолалықтар мен көкшетаулықтарға шынайы ризамыз!

Несіпбек Айтұлы,
«Сәкен Сейфуллин» музейінің
директоры, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар