Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Сыр сандықты ашып қара...» - АРҚА АЖАРЫ

«Сыр сандықты ашып қара…»

Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай, Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында

Көкшетаудағы Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойы аясында «Сыр сандықты ашып қара…» атты тақырыппен аймақаралық жазба ақындар мүшәйрасы болып өтті.

Жыр додасының басты мақсаты – бар саналы ғұмырын қазақ халқының руханиятына арнаған біртуар тұлғаның өмір жолы мен шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттау, дарынды жастарды анықтау және оларға қолдау көрсету болып табылады.
Іс-шара аясында М.Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы «Қазақтың ақ сұңқары» кітаптар көрмесін ұйымдастырды. Мүшәйраға келіп түскен өлеңдерден Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Көкшетау қалаларынан 10 ақынның өлеңдері іріктеліп алынды. Жыр кешін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаев жүргізіп отырды.
Аталмыш ақындар мүшәйрасында Нұр-Сұлтан қаласындағы С.Сейфуллин музейінің директоры, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы (төраға), Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы, ақын Қайырбай Төреғожа, филология ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті ректорының кеңесшісі Әліби Шапауов, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Ерболат Баятұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының директоры, ақын Алмас Темірбай қазылық етті.
Сахна шымылдығы – «Кербез сұлу» фольклорлық ансамблі мен «Он алты қыз» халықтық би ансамблінің орындауындағы Е.Үсеновтың «Кербез сұлу» шығармасымен ашылды. Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры актерлерінің орындауындағы шағын қойылым көрсетіліп, жиналған қауымды ақын рухымен қауыштырғандай әсерге бөледі. Жергілікті өнерпаздар Сәкеннің құлақ құрышын қандырар әсем сазды әндерін орындады. Бұдан кейін сөз ақындарға берілді. Ақиық өлеңнің балақ бауы ағытылып, ақсұңқар жыр шарықтай жөнелді.
Жиналғандарды сұлу жырына тәнті еткен ақындар арасында Жанат Жанқош, Қуаныш Оспан, Нұрислам Әбділ, Мұхаммед Қоңқаев, Бақытбек Бекмұратұлы, Абзал Балтабай, Ардагерей Кәпұлы және тағы басқалары бар.
Ұлтты сүйіп
Шекарадан әрі асып,
Атылып та, асылып,
«Алашты» жүрегінің түкпіріне жасырып,
Коммунизм жайлы айтып тұрып та,
Елінің табалдырығына бас ұрып…
Қазақты сүйген,
«Халық жаулары»,
Сүрініп, сұлап, атылып,
Тексіз кәуірден теңдік сұрап ақырып,
Ұйқылы ұлтты оята алмай боздаумен,
Алаш деп ұран шақырып, –
деп түйдек-түйдек ойлары жыр болып ағылған Жанат Жаңқашұлының өлеңі көпшіліктің көңілін бір марқайтып тастады. Ал, талантты ақын, республикалық байқаулардың жеңімпазы Қуаныш Оспан «Сәкен – Көкеш» деген тақырыпта поэма жазған. Мүшәйрада өнер көрсеткен он ақынның арасында осалы жоқ. Алайда, «алуан-алуан жүйрік бар, әлін қарай шабады» демекші сайыс қорытындысы бойынша қарағандылық ақын Жанат Жанқаш Бас жүлдені иеленсе, көкшетаулық ақын Қуаныш Оспан жүлделі 1 орынмен марапатталды. Нұр-Сұлтан қаласының намысын қорғаған ақын Нұрислам Әбділ болса, жүлделі 2 орыннан, ал, көкшетаулық ақын Бақытбек Бекмұрат 3 орыннан көрінді. Қалған қатысушылар ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суреттерді түсірген Вячеслав ГУБАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар