Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев «Достар» мәдениет үйінде өткен кәсіби «Ұшқын-Көкшетау» волейбол командасының тұсаукесеріне қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
–Елбасы биылғы жылды Жастар жылы деп жариялап, спортқа мемлекет ерекше көңіл бөлетінін атап өткен болатын. Ақмола облысында да спортқа жете көңіл бөлінеді. Лайықты жетістіктеріміз де мол. Солардың бірі–кәсіби «Ұшқын-Көкшетау» волейбол командасының құрылуы. Бұл клубқа облыстық бюджеттен қаржы қарастырылды. Бүгінгі күні спортпен айналысамын дегендерге барлық жағдай жасалып отыр. Өңірде спорт саласының 2,5 мың нысаны жұмыс істейді. Соңғы жылдары аудан орталықтарында жеті денешынықтыру сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Мұндай нысан Аршалы, Ерейментау және Біржан сал аудандарында салынуда. «Самұрық Қазына» бізге көптеген спорт алаңдарын сыйға тартты. Алдағы жылдары осындай он спорт алаңы пайдалануға беріледі. Волейболмен өңірімізде 20 мыңнан астам адам айналысады,–деген өңір басшысы бұл спорт түрі халыққа кең таралғанын айтты. Облыс басшысына клуб атынан доп пен жейде сыйға тартылды.
Тұсау кесер барысында «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамының басшысы Станислав Максимец, волейболдан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Леонид Филипенко, волейболдан спорт шебері, аталмыш команданың бас бапкері Асхат Елеусізов өздерінің жүрекжарды тілектерін білдірді. Өңірде Жастар жылы аясында жас ұрпақтың жан-жақты дамуына бағытталған көптеген жобалар жыл бойы жүзеге асырылуда. Мәселен, «Арлан» хоккей командасы, ерлер мен әйелдердің «Оқжетпес» футбол және «Сенегорье» баскетбол командалары, «Футзал» командасы тәрізді командалар облысымыздың намысын республикалық жарыстарда қорғап жүр. Ақмола облысы әкімдігінің бастамасымен, «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамының қолдауымен Қазақстан Республикасы Чемпионатының жоғары лигасында өнер көрсететін «Ұшқын-Көкшетау» волейбол командасы құрылды. Команданың құрамында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, Қазақстан құрамасының мүшелері, республикалық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін чемпиондары мен жас спортшылар бар. «Ұшқын-Көкшетау» командасы үш жарысқа қатысып, жоғары лигада ойнай алатынын анық көрсетті.
Шара соңында қатысушылар жергілікті көркемөнерпаздарының шағын концертін тамашалады.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.