Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қанат Исламның кезекті жеңісі - АРҚА АЖАРЫ

Қанат Исламның кезекті жеңісі

Бокс әлеміне «Қазақ» деген атпен белгілі қазақстандық кәсіпқой бокс өкілі Қанат Ислам Алматыда WBO нұсқасы бойынша өзінің әлем чемпионы атағын қорғау үшін намибиялық Уолтер Каутондоквамен кезекті жекпе-жегін өткізді.

Он раундқа созылған жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер бір ауыздан жеңісті біздің отандасымызға берді. Сөйтіп, Қанат орта салмақта өзінің чемпиондық белбеуін сақтап қалды.
Алайда, бойы қарсыласынан әжептәуір ұзын Уолтер Каутондоква да бұл кездесуде жерлесіміздің еркін қимылдауына көп жол бере қоймады. Ол өзінің жоғарыдағы артықшылығын және жекпе-жекке жақсы дайындықпен келгенін пайдаланып, біздің боксшыға тегеурінді қимылымен айтарлықтай қарсы тұра білді.
Жекпе-жектің бесінші раунды Қанат үшін сәтті өтіп, Уолтерді ауыр соққысымен нокдаунға түсірмегенде, кездесудің кімнің пайдасына шешілетіндігі белгісіз еді. Осы есеңгіреуден кейін де өз-өзіне келіп, жекпе-жекті әрі жалғастырып әкеткеніне және жалғастырып қана қоймай, мамандардың пікірінше, соңғы раундтарды өз пайдасына шешкеніне қарағанда, Қанаттың бұл жолғы қарсыласы өте мығым болған сияқты.
Оның үстіне отыз төрт жастағы Уолтер Каутондоква осы жекпе-жекке дейін boxrec рейтингісінде 24-інші, ал Қанат 41-інші орында тұрды. Отандасымыздың кезекті жеңісінен кейін Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) мәлімдеме жасап, бұған дейін өзінің рейтингісінде 8-інші орында тұрған қазақстандық боксшы рейтингі бойынша жоғары көтерілетіндігін хабарлады. «Бұл бокс кеші Қанат үшін тақа таңдаулы кештерінің бірі бола қойған жоқ, алайда, ол төрешілердің шешімімен осы жеңісіне жетуіне қолдан келгеннің бәрін жасады» деп атап көрсетілген бұл мәлімдемеде.
Әрине, жан беріп, жан алысқан кәсіпқой бокста бір боксшының екіншісінен шын мәнісінде басым түскенін анықтау үшін нокаут немесе айқын басымдылық керек. Содан болар, бұл жолы жанкүйерлер пікірі екі жарылып отыр. Бір бөлігі Қанат жеңді десе, екінші жақтың тарапынан «Жеңіс Уолтер Каутондокваға тиесілі еді» деген пікірлер де жоқ емес.
Бұған біздіңше, Қанаттың осы жекпе-жекте өзін көпшілік күткендегідей деңгейден көрсете алмағаны себеп болса керек. Бұл арада біз кейін белгілі болғанындай, халқымыздың осы бір сүйікті ұлының кездесудің соңғы төрт раундында қарсыласына қарсы сынған қолымен жұдырықтасқанын да ұмытпайық. Егер шынында да солай болса, бұл біздің қайсар да қайратты отандасымыздың ұлттық рухының өте жоғары екендігін, шаршы алаңда туған халқы үшін шыбын жанын да аянбайтындығын көрсетеді. Демек, қазақтың абырой-намысы қашан болсын, осындай ұлдарымен биік десек, артық айтқанымыз емес.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар