Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бір ғасырлық бай тарихы бар Мәлік мектебі - АРҚА АЖАРЫ

Бір ғасырлық бай тарихы бар Мәлік мектебі

«Көкшетау» мәдениет сарайында тарихы терең, тағылымды білім ордасы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын мамандандырылған гимназияның құрылғанына 100 жыл толуына орай салтанатты жиын болып өтті. Аталмыш іс-шараға білім ордасында әр жылдары оқыған мектеп түлектері мен ардагер ұстаздар қатысты.

Алдымен жиналған қауым мектеп тарихынан сыр шертер көне фотосуреттер мен құнды құжаттар қойылған, сондай-ақ, мектеп жетістіктері паш етілген көрмені тамашалады.

Салтанатты шара шымылдығы білім ошағының оқушылары әзірлеген ұлттық бимен ашылып, жиналған қауымның көңілін бір серпілтіп тастады. Жиында Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Жүсіпов сөз сөйлеп, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев пен Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайловтың жүрекжарды тілегін жеткізіп, өңір басшысы атынан мектеп ұжымына 160 миллион теңгенің сертификатын тарту етті.
– Әрбір адамның жүрек түкпірінде естелік шежіресі мен сағыныш болып қалатын мектеп екені мәлім. Бұл жиынға бүгін осы ордалы оқу орнын тәмамдаған кешегі түлектер, бүгінде елімізге танымал тұлғалар жиналып отыр. Олардың әрқайсысының алтын ұя мектеп ұжымына, әсіресе, ұстаздар қауымына деген ыстық ілтипаты ерекше байқалып тұр. Бұл білім шаңырағының іргетасы 1919 жылы төрт жылдық мектеп болып қаланған болса, 1935 жылы жалпы білім беретін мектепке айналды, кейін орта мектеп болды. 1959 жылы 11 жылдық политехникалық мектеп болып өзгертіліп, 100 орындық интернат ашылды. 1973 жылы 23 мамырда №3 жалпы білім беретін мектепке Кеңес Одағының Батыры, ғалым, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің есімі берілді.
Бір ғасырдың ішінде мектепте оны осындай биік белеске көтерген 19 басшы қызмет етіпті. Яғни, 1919 жылы құрылған мектепке 2019 жылы 100 жыл толса, сол білім ордасын 19 директор басқарған екен. Сандарды сөйлетер болсақ, осындай тылсым сырды аңғаруға болады. Олардың ішінде, білім шаңырағын 14 жыл басқарып, гимназияның еліміздегі 100 үздік мектептің қатарына енуіне өзіндік ықпалын тигізген Гүлнәр Күшпаеваның рөлі ерекше, – дей келіп, қала әкімінің орынбасары жылдар бойы мектепте қажырлы еңбек еткен бір топ ұстаздарды қала әкімінің Алғыс хаттарымен және 50 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтармен марапаттады.
Иә, өткені – шежіре, бүгіні – өнеге болған іргелі білім ордасында еліміздің тұғырлы тұлғалары білім алды. Атап айтар болсақ, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин, Ұлы Отан соғысының ардагері, ақын Жұмағали Саин, қоғам қайраткері, журналист, 1937 жылдың жазықсыз құрбаны болып кеткен Зарап Темірбеков, жазушы-драматург Шахмет Құсайынов, математика ғылымдарының докторы Мыңбай Ысқақов, Социалистік Еңбек Ері Баян Жанғалов, «Боздақтар» кітабының авторы, соғыс ардагері Жанайдар Рамазанов, соғыс жылдарында авиатехник болып қызмет атқарған Мәдина Ысқақова, тыңға алғаш түрен салған Әнуарбек Мұратбеков, атақты дәрігер-онколог Өмірбек Бәйкенов, белгілі саясаткер Қабыл-Фазыл Қажыбай, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, жазушы-драматург Төлеген Қажыбай, геолог-ғалым Айтқажы Қазыбеков, ақын-журналист Қорғанбек Аманжолов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышева, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы Аманжол Есмағұлов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Мәжіліс депутаты, актер Нұрлан Әлімжанов және тағы басқа еліміздің өркендеуіне зор үлесін қосқан және қосып жүрген айтулы азаматтар осы мектептің түлектері.
Жүз жылдық мерейтойға арналған салтанатты шарада осы мектептің түлегі, бұл күнде қазақ өнерінің жарық жұлдызына айналған атақты әншілердің бірі Қапаш Құлышева да өз өнерін ортаға салып, халық әндерін қалықтата шырқады. Салтанатты концертте өңір өнерпаздары мен мектеп ұжымы да әсем әндерімен кеш ажарын аша түсті.
Қазіргі уақытта білікті басшы, білімді ұйымдастырушы Рабиға Әбілхамитова басқаратын бұл білім ордасының бүгіні – кемел, келешегі жарқын деп нық сеніммен айтуға болады. Мерейтой қарсаңында мектептің жетістіктері ескеріліп, білім ошағына гимназия мәртебесі берілген екен. Таяуда ғана осы гимназияның мұғалімі Самал Кенжеболатқызы республикалық «Үздік ұстаз-2019» байқауының жеңімпазы атанып, облыс абыройын асқақтата түсті.
Мерекелік шарада барлық қонақтарға білім ордасының ұжымы кең дастархан жайып, құрмет көрсетіп, гимназия тарихынан сыр шертетін естелік сыйлықтарын тарту етті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар