Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ғажайып игіліктер елі - АРҚА АЖАРЫ

Ғажайып игіліктер елі

немесе кәрі құрлықта оқылған қызғалдақ туралы жыр

«Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп» деген баба қазақтың мақалы қай-қашанда өз мәнін жоғалтпақ емес. Әсіресе,  Жер шарын мекен еткен алты миллиардтан астам адам алты құрлық, бес мұхитты аттап, аспан мен  қара жердің арасын алтын көпір еткен заманда қазекеңнің осы мақалы бұрынғыдан да маңызданып, мәйектеніп, тоғая түсетіндей.

 

Жалпы қазақ көп нәрсені дөп түсіріп, тауып айтқан ғой. Қош, сонымен, қазақстандық бір топ азамат, қарамыз 7 адам қаңтардың екісі күні таңға қараған уақытта Алматыдан «Амстердам қайдасың» деп жолға шықтық. Түріктің «Пегасус» әуе компаниясының «Бойнг-737» алып әуе лайнері түн қараңғылығына тұмсығын беріп, шығыстан сібірлеп келе жатқан арайлы таңмен таласа әуеге әп-сәтте көтерілді. «Бұлтқа салған ұясын» дегендей, зәу көкке көтерілген ұшақ қазақ даласын көктей тіліп, Стамбулға қарай бет түзеді. Алда бес сағаттық алыс жол. Мұның алдында Стамбулға барғанда да осы рейспен ұшқанбыз. Аллаға сыйынып, түріктің пилотына сенім артып, белгілі һәм белгісіз Еуропаға жол тартып бара жатқаныма әлі де сенбейтіндеймін. Шығандап шырқау көкке көтерілген ұшақтың иллюминаторынан  төменге қарап отырған да бір қызық, яки ермек тәрізді. Осындай дағды менде бұрыннан бар еді. Артыңда шымылдығы түріліп, түн қараңғылығы сетіней бастаған таңның өмір шуағы, алдыңда әлі де ұйқысынан ояна қоймаған жарым түннің қою қараңғылығы, түпсіз тұңғиығы қара шекпенін жамылып жатыр. Қаңтардың қарлы көрпесіне оранған қазақтың ала-шұбарлау даласы кең көсіліп қалып барады. Бабадан қалған байтақ дала, басынан бақ талайы талай ауып түсе жаздаған бақ мекен!  Қаратаудың сілемін аңдай алмасам да, аянышты Аралдың тағдырын алақанға салғандай көрдім. Сыр мен Әмуден ырыздығын жоғалтқан байғұс Арал табан астынан тартылып, бөлшектеніп, ауыр дем алып жатқандай көрінді. Анда-санда болмаса көзге шалынатын шамдар да бұл даладан көзге шалына бермейді-ау. Мелшиіп жатқан меңіреу түз. Үстіртті ұшақ бауырымен үтіктей өтіп, қарт Каспийді көктей тілесің. Тегінде мұнайлы теңізді ата-бабаларымыз Хазар теңізі деп атаған. Теңіздің анау солтүстік қиырында бір шоғыр шамдар жылтылдайды. Сірә, Атырау шығар деп ой түйдім. Қазақстанның мұнай қоры, бет жүздігі осы ғой дейсің. Шикі мұнайын аспа-төкпе  қылып батысқа, шығысқа айдап жатқан Атырау! Көк теңіздің беті көгеріп, сазарып, тереңін астына жасырып, тып-тымық жатқандай сезіледі. Онан әрі қарлы Кавказ! Текті бабамыз Қап тауы деп атаған атақты өңірді бұлт бүркеп жатыр екен.  Түнерген аспаны да Қап тауының өткені мен бүгінінен хабар беретіндей. Әйгілі Сочидің аспанымен зулеген ұшақ Қара теңіздің үстімен сапарын жалғастырады.  Алдыңда екі құрлық, үш теңізді тел емген  жаһанға мәшһүр Стамбул! Салондағылардың көбі шай-суандарын ішіп алып ұйқыға кеткен. Терезеден телміріп отырып терең ойға кетесің.  Қара жерге қара табаның тимегендіктен бе, көңілің бір түрлі алабұртып, әуедегі әлсіз, тірексіз мынау тірлігіңе еріксіз бой ұсынып, нәзік жіптің ұшына ілінгендей ғұмырыңа алаңдаулы боласың. Жаман айтпай жақсы жоқ, Аллаға сыйынғаннан басқа не амал бар! Ұшақ аман-есен Стамбулдың әуе- жайына да келіп қонды. Онда екі сағаттай аялдауға тура келді.  Тағы да түріктің әуе компаниясының ұшағына отырып,  Нидерландияның астанасы Амстердамға қарай бет түзедік.  Үнемі жауын-шашынды болып тұратын Стамбулды артқа тастап, Балқантауды басып, Қырпатты (Карпат) қанаттарының қиығына қыстыра самғаған ұшақ бұлт бүркеген кәрі құрлықтың  көгілдір аспанында еркін самғап барады. Түбіттей түтетіліп, мақтадай ұйлығысып, түтіндей шұбап жатқан үлбірек, шабдар бұлттардың бауырын тесіп оқтай зулеген ұшақтарды Еуропаның аспанынан жиі көруге болады.  Бір байқағаным, Еуропаның әуе қатынасында Түркияның ұшақтары басымдылыққа ие екен. Қою бұлттың әрекідік болса да арасынан толқыған Дунай, қарлы Карпат таулары қылаң беріп қалады. Ұлы дарияның ұзын бойын қуалай қоныстанған Еуропаның ірілі-ұсақты қалалары.  Шахматтың тақтасындай шаршыланып бөлінген жер бедерлері, түтіні будақтаған зауыттар мен фабрикалардың мұржалары, тілген таспадай болып  шиырлап жатқан тас жолдар әнеу биіктен әзер-әзер көзге шалынады. 12000 метр биіктікке көтерілген алып лайнер ауа ағынын қарсы тіліп, самұрық құстай қанаттарын күнге сүйгізіп қалқып келеді. Шымқай көк аспанның көкжиегі көз ұшында мұнарға сіңіп көз арбайды.  Алып Жер-Ана алақанға салғандай  сонау биіктен  мейірленіп көрінеді, осынау жіңгір тіршілікті бауырына басып, кең құшағына алып жатыр-ау дейсіз. Биіктік қашанда үрейлі һәм асқақ!  Жөңкілген сұр бұлттарда қисап жоқ. Кәрі құрлықты тегіс қымтап алғандай. Құрттай адамдардың құдыреті де зор-ау! Әлемнің ең қызықты, ең ыстық нүктесіне айналған Еуропаның қойны-қонышына кімдердің қолы сұғынып, кімдердің  табан ізі тимеді дейсіз?! Төртінші ғасырда Азиядан атпен келіп Рим империясын құлатқан Атилла бабамның сапары еріксіз  еске түсті. Еуропаға тізесін батырған  Наполеонның жорықтары, тегіс құрлықты жаулаған Гитлердің қанды қасап қырғыны да осы Еуропаны дірілдетті-ау кезінде деп ойланасың. Не қылғанмен отаршылдықтың отын тұтатып, соның ошағына ерте айналып, әлемдік өркениеттің дамуына тез қол артқан Еуропаны жоққа шығара алмайсың. Ағылшын геосаясаткері Дж. Макиндер өзінің  «Тарихтың географиялық кіндігі» атты еңбегінде былай деп жазады: «…Тек сыртқы варварлардың арқасында Еуропа өзінің  өркениетін жасай алды.  Сондықтан да, мен сіздерден  Еуропаға және еуропалық тарихқа  Азияға және оның тарихына бағынышты құбылыстың тарихы ретінде қарауды сұрамаймын, өйткені  еуропалық өркениет көп жағдайда азиялық шапқыншылықтарға қарсы жүргізілген ғасырлар бойғы күрестің нәтижесі болып табылады». Ағылшын ғалымының нені меңзеп отырғаны белгілі. Арғы астарында Атиллалар мен Батилар жатыр…
Сол Еуропа бүгін 21 ғасырдың қилы тағдырын бастан кешіріп, Шпенглердің «Ымыртына» жақындап жатқандай сезілгені рас. Өйткені, Еуропа туралы жақсы-жаманды ақпарат тасқыны мол ғой бізде. Бізді Амстердамның  халықаралық әуежайында Мұхтар Әуезовтің немересі, Лейден университетінің профессоры Зифа Мұратқызы Әуезова күтіп алды. Бір топ қазақстандық ғалымдар мен магистранттардың Лейден университетіне баруына мұрындық болған осы Зифа қарындасымыз болатын. Құрамымызда топ жетекшісі, Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің профессоры, филология ғылымдарының докторы Раушан Авакова, доцент, ғылым кандидаты Гүлжамал Қортабаева, оқытушы Бауыржан Рахымбай, шығыстану факультетінің магис-транттары Бейбіт Жұмаділова, Айдана Бақбергенова, Әсел Мұхамеджанова және осы жазбаның авторы мен бармын. Нидерландияның саяси астанасы саналатын Гаага қаласындағы қонақ үйлердің біріне орналасып, Лейден қаласындағы университетте дәріс тыңдадық, семинарларға қатынастық. Қол қалт еткенде Амстердамды араладық, әйгілі Мамад Тюссе мұражайында болдық. Кішкентай досымыз Нұржанның туған күнін де ұмыт қалдырмадық. Лейден университеті демекші, осында дәріс беретін қарындасымыз Зифа Мұратқызы қарапайым, кішіпейіл, бауырмал, ізетті, білімді жан екен. Қалай айтқанмен де Мұқаңдай ұлының ұрпағы ғой!  Болмысында да өте жақын ұқсастықты байқауға болар еді. Зифа Әуезова кезінде Ленинградтың университетін, оның аспирантурасын бітірген санаулы қазақтың бірі  еді. Махмұд Қашғаридың «Түркі тілдерінің сөздігі» атты атақты еңбегін орыс тіліне толық аударған бірден-бір түрколог, шығыстанушы ғалым. Негізгі мамандығы арабтанушы. Әл-Фараби бабамыз туралы да құнды еңбектер жазған  адам. Нидерландияға білім-ғылым жолымен барған қазақстандықтардың қамқоршысы десе де болады.  Жұбайы Роберт Эрмеш те әйгілі шығыстанушы ғалым. Аз уақытта барған елімізбен жіті танысып, жақсысын үйреніп қалуға тырыстық. Нидерландия, бізше айтқанда Голландия жер аумағы шағын, экономикасы дамыған, сән-сәулеті өрістеген, мәдениеті қалыптасқан, 17 миллион халқы бар ел екен. Жалпы, Голландия өзінің ғажап қызғалдақтарымен, ауыл шаруашылығы өнімдерімен, атап айтқанда  сан түрлі дәмді  ірімшіктерімен аты мәшһүр болған ел ғой. Тәуелсіздігін 1545 жылы жариялаған, кезінде Малайзия, Оңтүстік Африка және Тынық мұхиты аралдарын отаршылдықта ұстаған әлеуетті мемлекет. Күні бүгінге дейін конституциялық монархиясын сақтап отырған  ел.
Тарихта орыстың патшасы Петр бірінші осы елге қатты қызығып, кеме порттарынан үйренгендігі белгілі. Гаагада атақты Әлем сарай орналасқан. Онда дүние жүзінің ең аты шулы  қауіпті  қақтығыстарға қатысты саяси тұлғаларды  қылмысқа тарту, сотта қарау, жаза тағайындау, түрмеге жабу секілді заңдық-құқықтық операциялар болып тұратынын былайғы көзі ашық адам білуге тиіс. Атақты Гаага Конвенциясы да осында бекітілген. БҰҰ-ның соты, Третей соты да осында. Сол себепті де болар, жалпы Нидерландияда адам құқығы басты талап болып табылады. Азаматтық ашық қоғам, саяси-құқықтық жүйе, жасампаз шынайы  демократия нығыз қалыптасқан, әбден орныққан.  Онда бюрократизмнің елесі де жоқ деуге болады. Күнделікті өмірде Парламенттің депутаттары, министрлерден бастап барлық шенді-шекпенділер жұмыстарына  велосипедпен келеді екен. Мұны әншейінгі популизм дейсіз бе?! Жоқ,  тіптен олай емес. Әрі салауатты өмір салты, экология және қызметтегі тамаша қарапайымдылық! Ал, бізде ше? Таққа отырса бақ қонғандай көріп, аш көзденіп, таласып тармасып, айналасын талап жеп, ұрлап жеп, шетелдің ең қымбат көлігіне шіреніп мініп, шілтиіп түсіп жатқандары. Абай айтқандай «шіркіндерде ес болсашы!». Жалпы, менің байқағаным һәм қатты ойланғаным, сол  ең әуелі бізде  кең өріс алып кеткен  жалмауыз  жемқорлық пен асқынған бюрократизмді түбегейлі құртпайынша етек-жеңімізді жинап алу қиынға соғар-ау деген қынжылыс болды. Иә, Еуропада көліктің осы түрін, велосипедті тұтынатын халық осы нидерландылықтар екен. Сондықтан да, көше бойында  велосипедке арналған арнайы жолдар төселген. Көше демекші,  көше, бульвар, аула, сквер – барлығы айнадай жалтырап тұр-ау! Қаласы да, даласы да жап-жасыл  Һәм тыныштық пен еркін беймарал тіршіліктің қазанында бүлк-бүлк қайнап жатқандай. Ешкімнің ешкімде артық шаруасы жоқ, бұзықтық, анайы қарым-қатынасты сұрап таба алмайсыз. Барлығын, кім болсаң да заңмен ғана реттейсің. Мың жерден  корольдің баласы болсаң да. Міне, демократия! Нидерландияда ауыл шаруашылығы ғажап дамыған, табиғат экологиясына, энергия көздеріне ерекше мән берген. Қалалардағы негізгі жолаушы тасымалдайтын   көлік-трамвайлар. Түтін шашып, бензин бүріккен автобустарды сирек көресің.
Айтпақшы Түркияда да солай. Біз, Алматыдағы трамвайдың жолдарына не істедік? Барлығын таптап, құммен жауып, асфальт-пен қымтап тастадық. Қазір Алматыда бір-екілі трамвай жүре ме, жоқ па?! Бізше айтқанда «крутой»  машина міну оларда ерсі көрінеді екен. Әркім шама-шарқынша, қарапайым, қажетіне сай жақсы өмір сүреді. Тыраштық жоқ. Дем ала біледі. Уақытты сыйлайды. Әр нәрсе уақытымен. Жол көліктері де таблода көрсетілген  уақытында келеді, кетеді. Біздегідей көше бойына өріп, бұрыш-бұрышты тіміскілеп жүрген полицейлерді атымен көргеміз жоқ. Мемлекеттік ғимараттарда да қарасы көрінбейді. Баяғыда Биағаң, Бейімбет Майлиннің  жазған «Охранасы!» бізде ғана бар екен  ғой деген ойда қаласыз. Қоғамдық жұмыстары ерте аяқталатындықтан ба, кім білсін кешкі сағат жетілерде барлық дүкендер жабылады. Халықтың қолында қолма-қол ақша болмайды-ау, шамасы. Барлық жерлерде  даяшылық, сауда-саттық есеп карточкасымен атқарылады. Қаладағы көліктерде де солай. Карточкаңызда қалып бара жатқан артық ақшаңыз болса, әуежайда қайтарып береді. Қандай әділеттілік десеңізші!
Біреудің бір тиыны біреуге  керек емес. Көшеде шұбырып жүрген бейсауат адам жоқ. Тыныштық. Нидерландияның солтүстік батысы Солтүстік теңізбен астасып жатқандықтан ба, әркез ауа райы жаңбырлы, тұманды, желді болып келеді екен. Теңіз жағалай жүрсеңіз ғажап таза ауаның салқыны ұрады, сарайыңды ашады. Ақ бұйра толқындармен жарысып қиқулаған алып шағалалардың үні естіледі. Бұлт пен теңіздің тұтасып кеткен арғы тұсы Ұлыбритания. Бізді олардың білім жүйесі қызықтырды. Нидерландияда бала 4 жас-тан мектепке барады.  8 жыл оқып бас-тауыш мектепті тәмамдайды екен. Оқушы бастауышты қалай бітірді, соған байланысты болашағы айқындалатын көрінеді. Сегіз жылғы оқу  үлгерімі, емтихан бағасы бойынша мықтылар гимназияда, одан осалдаулары лицейде, одан мәлкілдектері кәсіби мамандық беретін колледждерде оқуларын 4 жыл жалғастырып, сол бағыт бойынша гимназиялықтар университетке, лицейліктер институтқа, ал, колледж бітіргендер өндіріске кетеді. Оларда біздегідей жылда қызыл май, қан жілік, көк танау  қара жарыс жасайтын  ҰБТ-ыңыз жоқ! 24 жылда біз тым болмағанда орта мектептің оқулығын  бір ретке келтіре  алдық па?!  Басқасын не қыласыз. Ал, жеке адамның қарым-қатынасы, мәдениеті мейлінше жоғары. Дауыс көтеріп айқайласып жатқандарды көрмейсіз. Жымия күліп амандасып, сыпайы қатынасады. Қарапайым дүкеншілерінің өзі бәйек болып тұрады-ау.
Оларда адамды әлеуметтік жағынан кемсіту, қорлау  деген мүлдем жоқ секілді. Ең төменгі қара жұмысшыларды «аула менеджері»,  «даяшылық менеджері» деп атайтын көрінеді. Нидерландияда күн көру деңгейінің ең төменгі көрсеткіші 1050 еуро екен! Өзіңіз салыстыра беріңіз. Мұндай артықшылықтар жыртылып айырылады. Онда жеңіл наркотикке, жезөкшелікке, бір жыныстылардың некелесуіне  заңды рұқсаттар берілген. Әрине, бұлары біздің санамызға қонбайтын, менталитетімізге жат нәрселер. Тағы бір көңілге қонымсыздық  көше бойында, аулаларда бала жетектеп, арба итеріп жүргендердің мүлдем аздығы. – Еуропа қартайып бара жатыр!–деген дабылдың рас екендігін сезінесіз. Шеттен келген келімсектер баршылық. Жалпы, Еуропа солай. Голландияда да жарты миллионға жуық түріктер тұрады екен. Олардың ішінде парламент депутаты, заң қызметкері, басшылық таққа тағайындалғаны да бар көрінеді.  Амстердамда 50-дей қазақ  отбасылары бар. Солардың бірі – Бекір Зенгин деген бауырымыз Гаагаға іздеп келіп, ұзақ сұхбаттастық, домбыра тартып, ән салып, күй тарттық. Қысқасы, бір жасап қалдық! Бауыржан бауырым Алматыдан әдейі сондағы қазақтарға домбыра ала барған болатын.  Олардың Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығына деген өкпесі де жоқ емес көрінеді. Осы біз қайда да «Қатырамыз!» деп өтірік айта береміз-ау деген ойда қалдым. Әдейілеп уақыт  тауып, Гаагадағы Қазақстанның Консулдығына бас сұғып, сонда отырған  консул  Бақытжан Сапарбаевпен  дидарластық, фотосуретке түстік, алдағы мәселелерді талқыладық. Осы жүздесуде топ басшымыз,  білікті түрколог ғалым, ұлтжанды азаматша Раушан Авакова көр нәрселердің орайын келістіріп, ретін тауып мәмлегерлік қызмет атқарғандай болды. Американың Медисон университетінде бір жыл болған, әлемнің әр елдерін аралап, ғылыми конференцияларға қатынасып жүрген қарындасымыздың өресі биік, өрісі  кең екендігіне қайда да мақтанып, ризашылығымызды білдіріп жүрдік.
«Ақыры бастан қан шықты…» – демекші, Еуропаға бір сапар түсіп тұрған соң Париж, Рим секілді  қалаларды көрмей кету өкініш болар деген оймен  солай қарай барып келудің ыңғайы  қарастырылды. «Мен қызға барған күні ай жарық болады» – демектейін, Парижге сапар кезінде әлемді дүр сілкіндірген лаңкестік әрекеттің бола қалғаны аздап қолайсыздық тудырды. Қанша дүрбелең болса да Париждің аты – Париж! Элисей алаңы, Мәңгілік ел қақпасы, Эйфель мұнарасының өзі неге тұрады! Сүйікті жазушым О.Бальзактың көне ескерткіші алдында суретке түскеніме мәз болдым. Бұл – талайларды тамсандырған Париж ғой! Бұл – Бальзактың, Флобердің, Моппасанның, Гюгоның Отаны! Ұлы композитор поляк Ф.Шопен елінен қашып келіп, жауһар туындыларын жазған, жазушы қыз Джорж Сандмен махаббат хикаяттарын бастан кешірген Париж! Бальзактың Парижді бағындырмақшы  болып провинциядан асқақ қиялмен келгені Люьсені, қыздарынан марқадам таппаған мейірбан Горио атайы мен  мысқылшыл ызытты Вотрені, Моппасанның сорлы һәм асқақ Томпышы, адал жанды арманшыл байғұс Жаннасы, Флобердің Бовари ханымы, Гюгоның Коззеттасы еріксіз есіме түсті. Француз әдебиеті болмаса, әлемдік  көркемдік ойдың  бір бұрышы ойсырап тұрар еді-ау! Париждің әлемге әйгілі әтірін айтпасам да болады! Бағзы өркениеттің бесігі Италияны Римсіз елестету мүмкін емес. Біздің дәуірімізге дейінгі алтыншы ғасырда бой көтерген атақты Коллизейдің  алып құрылысын көзбен көріп, көңілмен тұшынғанға не жетсін! Талай гладиаторлардың шайқасы болған қасапты алаң бүгін сан миллион туристің тамашасына айналған. Жел мен жаңбыр, уақыт пен мезгіл мүжіген құрылыстың кесек тастарын сипап тұрып ойға қаласың. Қанша дәуір өтті, қанша адамдар кетті! Әлемдік  үш діннің бірі – христиандықтың Меккесі  саналатын Ватиканда болу да бір алуан көңіл-күй туғызады екен. Папаның резиденциясы, алып стелла, ашық алаң, күні-түні орындалып  тұрған шіркеу әуендері, Мсаның тууын бейнелеген алып панорама, тағысын тағы. Жалпы, адамзат баласы бір-бірінің рухани һәм материалдық құндылығына, наным-сеніміне құрметпен қарап үйренуі керек-ау! – деген ойға қаласың. Қазір әлемде сол жетіспейді. Сүйікті Пайғамбарымызды келемеж еткен «Шарли» журналының ақыры әне, не болды?! Елбасымыздың рухани келісім мен дінаралық конфессия туралы айтқандары көрегенділіктің нышаны-ау!–деп мақтан сезімде боласың. Әлемді бейбітшіліктің әуені тербетіп тұрса ғой!–деген ізгі ойыңды бәріне айтқың келеді, жасыра алмайсың. Сөйтіп, Риммен де қош айтыстық. Нидерландиядан кетерден бір күн бұрын Зифа Әуезова Гаагаға әдейі келіп барлығымызға «Сертификат»  табыс етті. Еуропада жүрсек те қазақы дастарханға жайғасып, емін-еркін сұхбаттастық, Абайдың әндері шырқалды. Голландияда тұрып жатқан қарындасым Зифа ерекше тебіреніп бізге де ризашылығын білдірді. Сол кеште мен  Раушан Әмірдинқызының айтқан әңгімесінің желісі бойынша  Гаагада жазған мына өлеңді оқып бердім:     

Қызғалдақ туралы баллада

Голландия – қызғалдақтың
                                         үр Отаны  деседі,
Уақытпен адам түгіл гүл де бірге көшеді.
Тұран қайда тұлпарлардың
тұяғында тапталған,
Аңыз екен бізге жеткен бабалардан кешегі.

Мынау әлем әлмисақтан
ұмтылады  жарыққа,
Күнге қарай бетің беріп жүгіре бер соны ұқ та.
Ақ маңдайын самал сипап,
                                   айдарынан  жел есіп,
Аттаныпты бір жас жігіт
амалсыздан жорыққа.

Аңыз солай заманамен
 туып қайта  жаңғырмақ,
Үркер жұлдыз жантаяды
жастығына  таңды ұрлап.
Сүйген жүрек сүйіктісін
алыс жолға қия  алмай,
Нәркес көзден жас бұлатып
қалған ару   қол бұлғап.

Ғашықтықтың ғаламатын
сағынышпен  аңса біл,
Маңдайыңа тамыз шақтан
себезгілеп тамса нұр.
Ұлы жорық алып кеткен
арман қайда, апырмай,
Өткен солай күтуменен қанша айлар,
                                                  қанша жыл.

Елге жетсе ер жігітің есен-сау
боп шақта  аман,
Бөтен елден, бөгде жұрттан
енді қалай  бақ табам?!
Сағынышын ән қып айтып
жүрген кезде алыста,
Қызғалдақтың жас ұрығын
алып кепті  Ақтабан.*

Туған жерде үзуші еді сол
бір гүлді қызға  арнап,
Көктем келсе көк орайда
нарттай болып бүр жармақ.
Тұлпар аттың тұяғымен
жеткен тұқым  таралып,
Қаулап өсіп кеткен екен
осы өлкеде қызғалдақ.

Көңілінде сазы бөлек
сағыныштың  күйі ақты,
Алаулаған түске бояп
                                     тостағандай тұяқты.
Заман өтті содан бері.
Махаббатын ару қыз,
Ақтабанға аманат қып
аттандырған сияқты?!

Алатау ма, Қаратау ма,
                                Ұлытау ма, Алтайдың?
Етегінде еркін өстің,
                           көктем келсе жайқалдың.
«Қызғалдақ па. Сіздердегі
                            туған жердің гүлі бұл» –
Мақтанышты гүліме орап,
                             жат алдында марқайдым!

*тұлпар
Иә, ел мен елді әдемілік пен сұлулық, гүл мен күннің шуағы, білім мен ғылымның көкжиегі  біріктіріп жатса ғанибет емес пе?!
Олардың біздің ел туралы түсініктері де жақсы. Айтатындары, Назарбаев, Астана, ЭКСПО және Олимпиада! Келер күндерге үміт пен арманды, амандық, мақсатты жолдарды артып Амстердамның әуежайынан көтеріліп бара жатқанда Спинозадай данышпан философты, Рембранд пен Ван Гогтай ғажайып суретшілерді туғызған Нидерландияға ұзақ қарадым. Ойыма Спинозаның «Адам және оның бақыты туралы қысқаша трактаты»  оралды. Ол данышпан не деп еді?! Ол, «Табиғат жалғыз – біртұтас зат. Ол уақытта ғана мәңгілік, кеңістік жағынан шексіздік пен шетсіздікке ие» – деп еді-ау. Рас, біз де сол табиғаттың ақылды, сүйкімді һәм ашкөз,  айуан бөлшегіміз. Бәрібір шексіздікке сіңеміз. Иә, адамдар туғызған модустар өзгеріп отырады! Сіз дұрыс айтқансыз, Спиноза мырза!

Ерболат БАЯТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.
Көкшетау – Алматы – Стамбул – Амстердам – Париж – Рим – Амстердам – Алматы –
Көкшетау.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар