Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұстаз құрметіне өткізілген бокс турнирі - АРҚА АЖАРЫ

Ұстаз құрметіне өткізілген бокс турнирі

Ағайынның ауызбіршілігін ұйыстырып, елдің ынтымағын арттыру жолында еселі еңбек еткен тұлғаларды қадірлеп, дәріптеудің мән-маңызы зор. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына жолдаған Жолдауларында, сондай-ақ, қоғамымызға серпіліс әкелген небір баянды бастамаларында айтылғанындай, жастарға аға ұрпақтың өмір жолын, ерен еңбегін үлгі етудің жақсы бір өнегесі біздің Қызылтаң ауылында да қалыптасып келеді. Еліміз еңсесін көтеріп, тәуелсіздігін алғанына да біраз жылдар өтті. Көк тудың астында көсегеміз көгеріп, көңіліміз шаттыққа бөленді. Сонау кеңес дәуірінде елі үшін бойындағы барын аянбаған еңселі ерлеріміздің де бұл күннің жарқын болуына қосқан үлестері ауыз толтырып айтарлықтай.

Өткен өмір өнегесі адамның жастайынан бойына сіңірген білімі мен алған тәлім-тәрбиесі, жинақтаған тәжірибесі, тынымсыз еңбегінің нәтижесімен өлшенеді. Әрбір азамат ел ағасы атанған шағында отбасында қадірлі, ортасында сыйлы, қызметінде құрметті болмаса, сол ер-азаматтың атына сын келері сөзсіз. Ұзақ жылдар бойы ел үшін ерен еңбек етіп, бұл күнде ауылымыздан өрбіген жастарымыздың намысты қолдан бермейтін жігерлі де қайратты, өжет болуына барынша үлесін қосқан сондай қадірменді ел ағасының бірі – біздің сыйлы әріптесіміз, Қызылтаң орта мектебінің ұлағатты басшысы Серік Қажантайұлы Құдайберген дер едік. Бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі қызметіне арнап, кісілік келбетімен, дархан пейіл, азаматтық ұстанымымен ел құрметіне бөленген осы Серік ағамыздай азаматтардың қай жерде де орны бөлек.
Бұл арада біз Серік Қажантайұлының жалғыз білім саласындағы елеулі еңбегін ғана емес, сонымен бірге, жастайынан спортты сүйіп, өзі сонымен айналысып, толымды жетістіктерге жеткенін, онымен шектелмей, бойындағы осы қабілетін өз мектебіндегі ауылымыздың балаларына да дарытып, елді мекенімізде өзгелер қызығарлықтай үлкен бокс мектебін қалыптастырғанын қоса айтқымыз келеді. Осыны үлкен бір мақтаныш сезімімен баяндай түскенде, мұндай жан-жақты басшылар Ақмола, Көкше өңірлеріндегі білім ордаларында тақа көп еместігін де жүрегіміз сезіп отыр.
Серік Қажантайұлы ауыл балаларын бокстың әліппесіне үйрете бастағалы бұл спорт түрі біздің шағын ауылымызда керемет дамып, бірталай спорт шеберлері мен кандидаттары шықты. Мектеп шәкірттерінің өсіп-толысып, әртүрлі дүбірлі бәсекелерде үлкен жеңістерге жеткеніне бүкіл ауыл болып қуанатын болдық. Биыл мұнымен де шектелмей, ауыл қотанында бокс залының ашылуына қол жеткізілді. Сөйтіп, Серік Қажантайұлы бастаған игі іс, төккен тер зая кетпей, жемісті жалғасын тапты. Осы бокс залында Серік ағаның, басқа да бокс шеберлерінің лайықты ізбасарлары шығып, ортамыз жеңіске тола береріне сенім мол.
Алғаш салтанатты жағдайда ашылғанында сол бокс залының кілтін лайықты түрде өзі қолына ұстаған басшымыздың зейнет жасына толуы, яғни, 63 жасының да осы оқиғамен тұспа-тұс келуінің өзінде үлкен мән жатқан сияқты. Шәкірттері мен ел жанашырлары Серік Қажантайұлының қарапайым мінезіне басып, өзі қалай қоймағанына қарамастан, осы бір айтулы оқиғаға өзіндік сый-сияпат әзірледі. Ол Көкшетау қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт мектебінде танымал жерлесіміздің құрметіне ұйымдастырылған бокс турнирі еді. Оған Қызылтаң боксына өз өмірінің 33 жылын арнаған Серік Қажантайұлындай ел ағасы әбден лайық болатын.
Бұл турнирге Ақмола облысының түкпір-түкпірінен, атап айтқанда, Атбасар, Щучинск, Макинск, Степногорск қалаларынан, Егіндікөл, Жақсы, Зеренді, Шортанды, Қорғалжын, Есіл аудандарынан, Жалтыр, Шаңтөбе ауылдарынан, сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысы мен Арқалық қаласынан барлығы 265 спортшы мен 19 команда жиналды. Жарыс 2006 және 2007, сонымен бірге, 2008-2009 жылдары туған балалар арасында екі топ бойынша өткізілді. Төрт күнге созылған турнирдің бірінші күні шаршы алаңға 85 жұп шықты. Келесі күндері де рингтегі бәсекелер бұдан тартысты болмаса, кем болған жоқ. Жалпы, ауылдан шыққан спорт ардагерінің құрметіне мұндай жарыс тұңғыш рет өткізіліп отырғанына қарамастан, барлық қонақтар мен мамандар, жанкүйерлер де оның өте биік деңгейде, жинақы өткізілгендігін атап өтті. Осы кең көлемде өткен турнирге демеушілік көмек көрсеткендердің, сөйтіп, ұлағатты ұстаз құрметіне ұйымдастырылған жарысты қолдап әкеткендердің дені ауылымыздың өзінен шыққан азаматтар.
Әсіресе, ә дегеннен осы жарыстың басы-қасында жүрген, сөйтіп, оның ойдағыдай өтуіне бар күш-жігерін салған белгілі кәсіпкер жерлесіміз, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Дархан-Әби» серіктестігінің директоры Әнуар Есмағұловқа айтар алғыс мол. Сондай-ақ, ауылымыздың тағы бір мақтанышы, «Стоматология» жеке емдеу орнының басшысы Сағынтай Кенжетаев, жерлесіміз, жеке кәсіпкер Б.Е.Қадыров, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт мектебінің директоры, әйгілі боксшы Руслан Мусинов, Зеренді аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры К.Қалыбаев, жеке кәсіпкерлер Геннадий Мержинский, Қуаныш Жақашев, И.Ғабдуллин, Б.Жағыпаров, С.Темірбаев, «Асыл-2005» серіктестігінің директоры В.Степаненко және тағы басқаларының осы турнирге көрсеткен көмектері айтуға тұрарлықтай.
Бір кезде өздеріне бокс әліппесін үйреткен, одан әрі де алға жетелеген бапкерлерін, ұлағатты ұстаздарын қалай құрметтеудің үлгісін осы жолы ауылымыздың жастары да жақсы көрсетті. 1998 жылы Қарағанды қаласында өткен Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған халықаралық турнирдің финалисі, 2000 жылы Әбдісалам Нұрмахановтың жүлдесі үшін Түркістанда өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы, Қазақстан Республикасының спорт шебері Еркеш Сарин, дәл осындай көптеген жарыстардың жеңімпазы Қанат Айтанов сияқты танымал спортшыларымыз бастаған Айдын Молдахметов, Ерлан Құдайберген, Дауылбай Ақкөзов, Қанат Мұстафин, Ерлан Темірбеков, Тасым Ғабдуллин, Әсет Жұмабаев, Ерлан Сердалин, Талғат Сердалин, Данияр Шәріпов, Әнуар Батырханов, Әділбек Кеңесов сияқты жастарымыз 1973-2001 жылдары туған, жалпы саны 200-дей боксшыны осы жарыстың қызығына тартып, оның ұйымдастырылуы жағының талапқа сай болуына мол үлестерін қосты.
Сонымен, төрт күнге созылған жарыста өз салмақ дәрежелері бойынша Қорғанбек Балтин, Адай Ақкөзов, Геннадий Петрухин сияқты жастар жеңімпаз атанды. Ал, Аян Төлеген, Алдияр Монтай, тағы басқа боксшыларға екінші орын бұйырса, Аман Болат, Ерасыл Мұрат, Темірлан Матаев, Әділ Амантай жүлделі үшінші орыннан көрінді. Турнирдің «Жеңіске деген жігері үшін» жүлдесін Атбасар қаласынан Артем Федяев, «Ең үздік техникасы үшін» жүлдесін Щучинск қаласынан Константин Сливин еншіледі. Сондай-ақ, «Ең үздік төреші» жүлдесіне Қорғалжын ауданынан Мәди Тоғжан лайық деп табылды. Дүбірлі бәсекелерде турнирдің бас төрешісі Д.Курьята, бас хатшысы Т.Абдосов та өз биіктерінен көрінгенін айта кету керек.
Осылайша өз арамызда жүрген ауылдың асыл азаматтарын ардақтауда тағы бір игілікті іс тындырылып, көпшілік жақсы білетін өнегелі өмір жолы, оған қоса, спорттың бокс түрінде де өзіндік қолтаңбасы бар Серік Қажантайұлы Құдайберген ағамызға лайықты бір құрмет көрсетілді. Ұлағатты ұстаздың бұл абыройы мен жетістігіне туған Қызылтаңы өте қуанышты екендігі шүбәсіз.
Жанар Жаңбырбаева,
Сәуле Байсейітова,
Қызылтаң орта мектебінің мұғалімдері.
Зеренді ауданы.
Суретте: Серік Құдайберген (сол жақтан бесінші) өз тілеулестерімен бірге.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар