Елдің рухани дамуы мен кемелденуі үшін ең маңыздысы, халыққа тиісті жағдай жасалуы керек.
Тұңғыш Президент күні қарсаңында Целиноград ауданының Қараменді батыр ауылында мəдениет үйінің салтанатты ашылуы болып өтті.
Салтанатты іс-шараға қатысқан Целиноград ауданының әкімі Малғаждар Тәткеев ауыл тұрғындарын Тұңғыш Президент күнімен құттықтай келіп, маңызды нысанның ашылуына орай жүрекжарды тілегін жеткізді.
Қысқа ғана уақыт ішінде «Арыстан» шаруа қожалығының басшысы, жергілікті жеке кәсіпкер Қанат Теміров мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізіп, ел игілігіне пайдалануға берді. Бұл қуаныштың бір ерекшелігі, осы уақытқа дейін ауылда мәдениет үйі болмаған.
Ғимарат жалпы көлемі 943 шаршы метрді құрайды. Жаңа клубтың көрерменге арналған залы 230 орынға лайықталған. Сондай-ақ, хореографиялық зал, қолөнер, домбыра үйрену, әжелер вокал тобы, тоғызқұмалақ, дойбы-шахматқа арналған үйірме кабинеттері, костюмер, гримерлік бөлмелер бар. Ең бастысы, ауыл халқына шығармашылықпен айналысуға үлкен мүмкіндік туып отыр. Клуб ауылда мəдени шығармашылық орта қалыптастырып, еліміздің ұлттық құндылықтарын жастардың бойына сіңіруде үлкен рөл атқаратыны анық.
Ауданда «Рухани жаңғыру» аясында атқарылып жатқан іс-шаралар көптеген игі іске бастама болды. Отанға деген сүйіспеншілік туған жерден бастау алады. Туған жердің өсіп-өркендеуіне атсалысу шынайы патриотизмнің көрінісі. Сондықтан да, өңірде «Туған жер» бағдарламасы аясында кəсіпкерлердің, ауыл азаматтарының демеушілігімен бірнеше нысан салынып, жаңартылуы үлкен қуаныш.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.