Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлы дала мұрагерлері - АРҚА АЖАРЫ

Ұлы дала мұрагерлері

Көкшетау қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің құрылғанына 10 жыл толуына орай, «Көкшетау» мәдениет сарайында салтанатты жиын болып өтті. Мерекелік шарада Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова құттықтау сөз сөйлеп, өңір басшысы атынан мектеп ұжымына бағалы сыйлық табыс етті.

Салтанатты шара басталмас бұрын жиналған көпшілік мәдениет сарайының фойесінде оқушылардың өз қолдарымен жасаған қолөнер бұйымдары, суреттері, республикалық, халықаралық білім сайыстарында қол жеткізген жетістіктері қамтылған көрмені тамашалады. Бірден атап өтуіміз керек, Назарбаев мектебі жанында қазіргі заманның барлық талаптарына сай жабдықталған қосымша білім беру ғимараты бар, онда тігін және қыш шеберханалары, телестудия, спорт залы, бейнелеу өнері студиясы, технотория, аралас шеберхана жұмыс істейді. Бұл үйірмелерде балалар дүниетанымдарын кеңейтіп, қабілет-қарымдарын ашып, ой-өрістерін кеңейтуге мол мүмкіндіктер жасалған. Үйірмелерде үйреніп, машықтанған қабілет-қарымдарын балалар жиналған көпшіліктің алдында көрсетіп отырды. Мәселен, мектептің оқушысы Айша Омарова көптің көзінше қыштан ыдыс жасап, өз өнерін паш етсе, Аружан Дауылбаева ою ойып, қолөнерге машығы барын танытты.
XXI ғасыр – робототехниканың дәуірі екендігі анық. Ол қазіргі қолданбалы ғылымның көшін бастап тұр. Мектепте оқушылардың бұл бағыт бойынша дамуына қажетті ресурстар мен жағдайлар жасалған. Көрмеде балалардың бұл салада қол жеткізген жетістіктері де паш етілді. Атап айтсақ, мектеп оқушыларынан құралған Қазақстан құрамасы Бүкіләлемдік WRO 2019 олимпиадасында әлемнің 73 елінен келген 92 команданың ішінде жасөспірімдер арасында 8-орынға ие болған.
Жалпы, он жылдың ішінде өңірдегі Елбасы мектебінің жеткен жетістіктері, толайым табыстары өте көп. 2017 жылы мектеп Халықаралық мектептер кеңесі аккредитациясынан сәтті өтіп, оның құрамына мүше болып енді. Кеңес сарапшылары мектеп барлық стандарттар бойынша әлемдік деңгейдегі ең қатаң критерийлерге сай екенін растады. Мектептің жаңа мәртебесі педагогикалық ұжым мен білім алушылар үшін жаңа мүмкіндіктер туғызды. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 12-сыныптық сертификатын Ұлыбританияның UK NARIC ұлттық агенттігі, Швейцария білім беру тобы GCE A деңгейімен бірдей бағаласа, британдық UCAS қызметі NIS Programme мен бітіруші сертификатын біліктілік тізіміне қосқан. Глазго Каледониан университеті (Шотландия) Академиялық саясат және тәжірибе комитеті Назарбаев Зияткерлік мектептерінің түлектерін бірден 2-курсқа қабылдау туралы шешім шығарды. Сонымен қатар, бірқатар қазақстандық жоғары оқу орындары мектеп түлектерін қысқартылған 3 жылдық оқу түріне қабылдайды. Атап айтсақ, олар Қазақ-Британ техникалық университеті, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау инс-титуты, Сулейман Демирель университеті, Халық шаруашылығы университеті, Алма Ю Сәтпаев университеті, Алматы экономика және болжау университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Астана IT университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті.
Өткенді өнеге тұтып, жаңашылдыққа бет бұрған мектептің 10 жылдық белесінде 668 оқушы үлкен өмірге қанат қақты. Мектеп түлектері мемлекеттік білім гранттары бойынша өз еліміздің және әлемнің жоғары оқу орындарында білім алады. Оның ішінде 20 пайызы Назарбаев университетінде, 65 пайызы еліміздің жетекші университеттерінде (Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының эмблемалары), 15 пайызы Ресей, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Венгрия, Сингапур, Италия, Канада, Швейцария, Англияның жетекші университеттерінде білімдерін жалғастырып жатыр.
Мектепте қызмет ететін 141 мұғалімнің барлығы жоғары білімді, 39 пайызының «мұғалім-модератор», 27 пайызының «мұғалім-сарапшы» біліктілік деңгейі бар. Оның 7-еуі халықаралық мұғалімдер. 10 оқытушы – «Болашақ» бағдарламасының және Назарбаев университетінің түлектері.
Аз уақыт ішінде талай асуларды бағындырған мектеп ұжымының осындай жетістіктері көрсетілген бейнефильм де көпшілік көңілінен шықты.
– Назарбаев мектебінің оқушыларын Ұлы даланың мұрагерлеріне баласақ әбден орынды. Жаңа ғасыр мектебінде сапалы білім, саналы тәрбие алатын өскелең ұрпақ ертеңгі күні еліміздің гүлденуіне өзіндік үлес қосатынына сеніміміз зор. Себебі, бүгінде 10 жылдық мерейтойын қарсы алып отырған ұжымның көрмеде қойылған жетістіктерінен-ақ, мүмкіндігі зор екендігін, алдағы уақытта әлі талай асуларды бағындыра алатын әлеуеті орасандығын аңғаруға болады, – дей келіп, облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова мектеп директорына облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың құттықтау хатын салтанатты түрде табыс етіп, ақжарма тілегін арнады.
Мектеп оқушылары дайындаған мерекелік концертте осы білім ордасының оқушылары тек қана білімде ғана емес, өнерде де оқ бойы озық тұрғандығын аңғаруға болады. Өмір айдынында білім мен өнердің ақ желкенін желбіретіп, болашаққа жол бастаған жаңа ғасыр мектебінің ұл мен қызының мерейі үнемі осылай үстем болғай!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген
Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар