Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елдің қамын ер ойлар - АРҚА АЖАРЫ

Елдің қамын ер ойлар

«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» демекші, қай заманда да қазақ елдің қамын ойлар ерлерден кенде болмаған. Бүгінгі таңда өзекті де, күрделі мәселенің бірі – еліміздің солтүстік аймақтарына көшуге ниет білдірген қандастарымызды оңтайлы орналастыру. Мемлекеттік деңгейде қарастырылып

келе жатқан, көші-қон саясатын жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылып, іске кіріскен. Осы жұмыс тобының мүшесі ретінде мен де аталған мәселе бойынша өз ұсынысымды дайындау үстіндемін.

Біз жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударуды ынталандырудың мемлекеттік шараларын жетілдіру мақсатында ұлт болып ұйысып, саналы түрде жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Себебі, солтүстік аймақтарға қазақтан басқа ұлт өкілдері белсенді түрде көшіп барады деу қиын. Көшіп барып жатқан өзге этникалық топтардың өкілдері де байқалып отырған жоқ. Туған жерге туыңды тік, кіндік қаның тамған жердің дамуына күш-қайратың барда өз үлесіңді қос! Бұл нағыз азаматқа тән қасиет болса керек. Осындай азаматтар жоқ та емес, олармен мақтансақ та орынды.
Солтүстік аймақтардағы ұлан-ғайыр далада халық саны оңтүстіктегідей емес, аз екені жасырын емес. Біраз ауылдар азып-тозып, жер бетінен жоғалып, түгін тартсаң майы шығатын шұрайлы жерлер елсіз далаға айналып, құлазып барады. Осындай жағдай «менің ауылымда да болмасын, қайтсем ауылымды сақтап қаламын, бәріміз бірдей ауылға ат басын бұрмай кетсек не болады?» деп, жаны күйіп, шалғай да болса атажұртына ат басын бұрғандар арасынан ағайынды Игібаевтар әулетін ерекше айтқым келеді.
Келешекте ауылын туризмнің орталығына айналдыру, жаңадан мектеп, мешіт, мұражай салып, алыстан көшіп келетін ағайындарды елге тарту мақсатында олар өзара бірлесіп жұмыс атқаруда. Тарихты терең зерттей отырып, ауылға жаңа ат берейік деген ұсынысты да алға тартты. Ол жай ат емес, Шыңғысханды тарих сахнасына алып шыққан, қазақтың ханы Тұғырыл хан аты.
Осыған орай, Ақмола облысы Біржан сал ауданының Қызылұйым ауылының атауын «Тұғырыл хан» атына өзгерту туралы ауыл тұрғындары бас қосқан жиын өтті. Жиналысқа аудан әкімі Ермек Нұғыманов, мәслихат хатшысы Серік Шауенов, аудандық мәслихат депутаты Медет Даулетбаев, аудандық ішкі саясат бөлімі басшысы Самат Бермағамбетов, «Тұғырыл хан – Он хан» корпоративтік қорының директоры Асылхан Игібаев, мектеп директоры Ақбаян Қалубекова, осы қордың атқарушы директоры Жәди Шакенұлы, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Астана және Ақмола филиалының басшысы Қарлығаш Хожамұрат қатысты.
Ауыл тұрғындары да өз ойларын ортаға салды. Жиын соңында осы жиынға Асылхан Игібаевтың ұйымдастыруымен арнайы келген өнер қайраткерлері, ерлі-зайыпты Құрманбек пен Риза өз өнерлерімен ауыл тұрғындарын тамсантса, жақында ғана Қытай Халық Республикасынан көшіп келген көрнекті ақын, әнші-композитор Серік Әбілұлы домбырамен әуелетіп ән салды. Асылхан мырза арнайы шақырған қонақтарға дастархан жайып, қазақы салт-дәстүрмен сый-сияпат жасады.
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан құрылған Көші-қон саясатын жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі ретінде осындай игі бастамаларды өз ұсынысыма қоссам деген ойдамын.
Ауылдан шыққан әрбір қалталы азамат Игібаевтар әулеті сияқты туған ауылдарын көркейтуге күш салса, құлазыған елді мекендер қайтадан жанданып, ауыл тұрғындары да еңселерін көтеріп қалар еді. Сөйтіп, еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосылар еді. Сөзімнің соңында «ауылға аттан, ағайын!» дегім келеді.
Қарлығаш ХОЖАМҰРАТ,
Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы
Астана және Ақмола облысы
филиалының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар