Мәлік ағаның көзі, ақыл-парасаттың өзі еді

Асылдың сынығы

Биыл тамыз айының 8-інші жұлдызында Алматы қаласында даңқты жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры, академик, ғалым, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің қызы Майдан Үсенова (Ғабдуллина) қайтыс болды. Бұл халқымыздың біртуар перзенті Мәлік ағамыз дүниеге келген Ақмола, Көкше өңірінің халқы үшін де орны толмас ауыр қаза.   

Мәлік аға майданға кеткенде, әйелі Нәзия апай жүкті болатын. Мәлік аға зайыбына сәби аман-есен дүниеге келсе, атын Майдан деп қоюды тапсырады. Кейін қыз бала дүниеге келгенімен, бәрібір оның аты Майдан деп қойылды.

Сонымен нақты деректерге көз салсақ, Майдан Мәлікқызы Ғабдуллина 1941 жылы 21 желтоқсанда Көкшетау облысының Зеренді ауданының Қойсалған ауылында дүниеге келген. Бұл – әкесі Мәліктің басқа қазақстандықтармен бірге, елін қорғау үшін майданға аттанған кезі еді. 1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысы 1418 күнге созылғаны белгілі. Адамзат тарихындағы ең ауыр, осы бір қырғын шайқаста қазақ халқының жарты миллионнан астам ұл-қыздары қолына қару алып, соғысқа аттанды.

Мәлік Ғабдуллин осы қанды қырғында асқан ерлігімен көзге түсіп, өз ұлты арасынан Кеңес Одағының Батыры атағына ең алғаш ие болған қазақтың біртуар перзенті. Сондықтан да, Мәлік Ғабдуллин мен екінші бір көзсіз еріміз Төлеген Тоқтаровқа Батыр атағы берілген күн – қан майданнан қажыған барша қазақ халқына күш-қуат сыйлаған ерекше күн болып мәңгі тарихта қалды.

Соғыстан кейін Мәлік Ғабдуллин ғылыми және педагогикалық қызметпен айналысты, Қазақ КСР Ғылым Академиясы Әдебиет және тіл білімі институтының директоры, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының ректоры болып қызмет істеді, елдің қоғамдық және саяси өміріне белсене қатысып, үш рет II, III және IV шақырылымдағы Кеңес Социалистік Республикалар Одағы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.

Осы орайда, Майдан Мәлікқызының естеліктерінен сәл үзінді. «Сол кезде әкемді отансүйгіштік пен батылдық сабақтарын өткізу үшін мектептерге жиі шақыратын. Мектепке барар жолда мен одан немістермен қалай күрескені туралы сұрадым, өйткені, ол өте мейірімді, ешқашан ешкімді ренжітпейтін адам болған. Ол маған «Қызым, азаматтық парыз, Отанға деген сүйіспеншілік сияқты ұғымдар бар және туған жеріне қашан, қалай көмек ету керек, бұған рухы мен мінезі мықты, нағыз адам бір секунд та күмән келтірмейді» деді. Мен бұл сөздерді өмір бойы есімде сақтадым және балаларым мен немерелеріме бірнеше рет айтып та жүрдім».

Тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, Мәлік Ғабдуллин өзіне әртүрлі өтінішпен жүгінген адамдарға қолдан келгенше көмектесуге тырысатын. Институт ректоры болған кезінде ол студенттер жатақханасына барып, шахмат турнирлерін ұйымдастыратын және студенттерге жиі қаржылай көмек көрсететін.

Атам қазақ «адамның күні адаммен» деп айтқанындай, 1954 жылы Мәлік ағаның шақыруымен математик Мыңбай Ысқақовтың отбасы Көкшетаудан Алматыға көшіп келеді. Сөйтіп, Мәлік аға Мыңбай ағаның пәтер алуына, Абай атындағы педагогикалық институтта математика пәнінен дәріс беруіне көмектесті.

Мыңбай аға артынан кандидаттық диссертация қорғап, өзінің еңбекқорлығының, талмай ізденуінің арқасында профессор атағына да ие болды. Оның балалары  физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Алма Ысқақова, Ұлттық «Тарлан» сыйлығының иегері, Алматыдағы «Архимед» мамандандырылған мектебінің негізін қалаушы Архимед Ысқақов та әкесінің жолын қуып, еліміздің білім мен ғылым саласына зор еңбек сіңіруде. Осының бәрі, әрине, белгілі бір дәрежеде Мыңбай ағамыздың дарынын тани білген Мәлік ағаның арқасы.

Елге инженерлік-техникалық мамандар қажет екенін білген батыр сол кезде ауылдан астанамыз Алматыға білім қуып барған менің әкем Темірхан Ысқақовқа металлург мамандығын меңгеруді және бұл үшін Қазақ тау-кен және металлургия институтына оқуға түсуді ұсынған екен. Әкеміз тура солай істеп, жолы болып, оқуын аяқтаған соң, Қаныш Сәтбаев ашқан әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі саналатын Жезқазған тау-кен мыс комбинатында жұмыс істеуге барды. Ал, Майдан Мәлікқызы болса, әкесінің ақыл-кеңесін тыңдап, Алматы медицина институтын бітірді және тіс дәрігері болып еңбек етті. Өзі жас кезінде әкесінің «Біз қартайғанда, бізді өзің емдейтін боласың», – деп айтқанын айтатын.

Майдан Мәлікқызы әрқашанда мейірім мен жауапкершілікке толы ортада өсті. Атақты отбасынан шыққанына қарамастан, қарапайым әрі еңбекқор болды. Айталық, бұрынғы Виноградов, қазіргі Қарасай батыр көшесіндегі 33-інші үй бізге бала кезімізден таныс. Есігі Мәлік ағаның туыстары мен ауылдастарына, достарына әрқашан ашық болатын. Дәл сол үйде біз еркелетіп, жақсы көріп, «Майкеша тәте» деп атайтын апайымыз өзінің достары, академик Қаныш Сәтбаевтың қызы Ханиса және ақын Әбділда Тәжібаевтың қызы Зифа тәтелерді, сондай-ақ, туыстары, менің әкем Темірхан және Пернегүл, Күлтай, Марал, Архимед, Алма Ысқақовалар, Жанатай мен Мәриям Бекеновтар, басқа да көптеген жақындарын қуана қарсы алатын. Әрқашан осы өзіне қымбат адамдардың келу құрметіне мол дастархан жайылатын.

Осы ретте, Майдан апайдың өзі де дайындаған тағамдары тіл үйіретін өте шебер аспаз болғанын айта кеткен жөн. Тоқсаныншы жылдардағы жаппай тапшылық кезде өзінің кіндік қаны тамған туған жері – Қойсалған ауылына келіп-кетіп жүргенде, баршасына сыйлықтар, соның ішінде жұрттың сүйікті үнді шайын, киім-кешек пен басқа да қажет заттарды ала келетіні де есімізде.

1995 жылы Көкшетауда Мәлік Ғабдуллиннің мұражайын ашу туралы шешім қабылданып, Мәриям Кенжеахметова тәтеміз батырдың жеке заттарын алып келуге Алматыға барғанда, осы заттары мен кітаптарын сол қаладан Қорғаныс министрлігінің әскери ұшағымен жеткізу ісіне зор қолдау көрсеткені бар.

Апайдың үлкен қызы Әмина Мәлік Ғабдуллин атасы туралы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде кітап жазды. Ал, кіші қызы Мәдина Көкшетауда Мәлік ағаның туғанына 100 жыл толуына орай орнатылған ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты.

Өткен жазда Алматыға бір барғанымызда, біз Майдан апайдың саяжайында 2013 жылы Зеренді ауданының әкімі қызметін атқарған кезінде Ермек Маржықпаевтың Мәлік Ғабдуллинге арналған алғашқы ескерткіштің ашылу салтанатын қалай ұйымдастырғанын да еске алған едік. Сол салтанатты шарада сөйлеген сөзінде Майдан Мәлікқызы бұл ескерткіштің Ұлы Отан соғысына қатысқан барлық қазақстандықтарға арналғанын атап өткен еді. Шынында, нацистік Германияны жеңу үшін қандай құрбандықтар болғаны бәрімізге мәлім ғой. Күні бүгінге дейін әрбір дерлік отбасы майдан даласынан өз туыстарын іздеп, қиналумен, күрсінумен келеді.

Майдан апайдың бастамасымен кезінде Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдығына орай, күміс және нейзильберден жасалған коллекциялық монеталар, сондай-ақ, пошта маркасы шығарылды. Сонымен қатар, қарағандылық нумизматтар мен әуесқойлар Мәлік ағаға құрметтері ретінде осы естелік монеталарға арнайы көрмелік блистерлер әзірлеп шығарды.

Туған жеріне келген сайын көпшілікпен және жастармен, соның ішінде Мәлік Ғабдуллин атындағы Көкшетау Азаматтық қорғаныс академиясының курсанттарымен жиі кездесіп, алдарында сөз сөйлеп, әкесінің ерлікке және жасампаз еңбекке толы өнегелі өмір жолы, адамгершілік биік болмысы, өзгелермен қарым-қатынасы, сондай-ақ, балаларының бойына кітап оқуға деген сүйіспеншілік пен білімге құштарлықты қалай сіңіргені туралы жалықпай әңгімелейтін. Енді міне, ұлы Батталдан кейін қызы Майданның да өмірден озып, батыр көзінің тайғаны қандай өкінішті!

Бүкіл саналы ғұмырын аяулы әкесінің ерлік істері мен ерекше адами қасиетін ардақтауға, тұтастай майдангерлердің өшпес рухын асқақтатуға арнаған Майдан Мәлікқызының жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы жолдас болсын дейміз сөз соңында.

Нұрлан ЫСҚАҚОВ,
туысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар