IT саласына оқытып, қыр-сырына бойлатады

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Aqmola Hub өңірлік IT хабының директоры Әсел Әбдірахманова БАҚ өкілдерімен брифинг өткізіп,  саланы дамытуға бағытталған жобалар мен алдағы  жоспарларын таныстырды.

Астана қаласында орналасқан Astana Hub IT хабының Көкшетаудағы филиалы 2023 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Аталған орталық IT саласына қызығушылық танытқан барша азаматтарға білім алып, жаңа дағдыларды меңгеріп, өз жобаларын дамытуына мүмкіндік береді. Бір ерекшелігі сол, мұндағы бағдарламалардың барлығы тегін.

Брифинг барысында Әсел Әбдірахманова бүгінде орталық тарапынан Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасымен бірлесіп, IT саласының сұранысқа ие бағыттары бойынша оқыту ұйымдастырылып жатқанын айтты. Қатысушылар өнімдік және жобалық басқару, ГИС-сараптама, деректерді талдау, Vibe coding және киберқауіпсіздік бағыттарын меңгере алады. Бағдарламаларда теориямен қатар, практикалық тапсырмаларға да басымдық берілген.

Бұл оқытудың стартап жобасы бар азаматтар үшін де мүмкіндігі мол. Aqmola Hub-тың тұрақты түрде өткізілетін Pizza Pitch алаңында жас кәсіпкерлер өз идеяларын инвесторлар мен сарапшыларға таныстырып, олармен кері байланыс жасай алады.

Сонымен қатар, IT саласын тереңірек меңгергісі келетіндер үшін Tomorrow School жобасы да жүзеге асырылуда. Digital Aqmola және Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетімен бірлескен жобада қатысушылар нақты кейстерді бірлесіп шешу арқылы бір-бірінен үйренеді. Бұл оқуға IT саласындағы тәжірибесі жоқ азаматтар да қатыса алады.

Брифингте Aqmola Hub-тың жаңа бастамаларының бірі – Smart City бағдарламасы да таныстырылды. Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасының қолдауымен алғаш рет қолға алынған бұл жоба қаланың өзекті мәселелерін заманауи технологиялар мен жасанды интеллект арқылы шешуге бағытталған.

Сегіз аптаға созылатын аталмыш бағдарлама барысында стартаптарға трекерлермен, әкімдік бөлімдерімен жұмыс істеу, сарапшылардан кеңес алу, білім беру воркшоптарына қатысу мүмкіндігі беріледі. Бағдарлама қорытындысы бойынша 10 стартапты финалға шығарып, оның ішінен қалада жүзеге асырылатын 3 пилоттық жобаны іріктеу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, брифинг барысында Astana Hub-тың Tech Orda мемлекеттік бағдарламасы туралы да айтылды. Бағдарлама 18 бен 45 жас аралығындағы азаматтарға IT мектептерінде тегін білім алуға мүмкіндік береді. Бағдарлама жасанды интеллект, бағдарламалау, киберқауіпсіздік, деректерді талдау, GameDev, UI/UX дизайны секілді бағыттарды қамтиды.

Бүгінде Aqmola Hub IT саласына қызығушылық танытқан өңір тұрғындары үшін білім мен жаңа мүмкіндіктер тоғысқан алаңға айналуда. Орталық мамандары жастарды, IT мамандарын және тың жобасы бар азаматтарды осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырады.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар