Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Аудио кітаптар жасап, шығарылды - АРҚА АЖАРЫ

Аудио кітаптар жасап, шығарылды

Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында жергілікті ақын-жазушылардың аудио кітаптарының тұсауы кесілді.

Шараны ашып, жүргізіп отырған облыстық кітапхана директорының орынбасары Қуаныш Оспанов облысымызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген шаралар қолға алынғанын, соның бірі жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларының аудио нұсқасының жарық көруі екенін айтты.
Жобаны облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі және ««El jastar» эксперименталды- лабораториялық театры жасап шығарған. Мұндағы басты мақсат жастар арасында қазақ әдебиетіне деген қызығушылықты арттыру болып табылады. Сонымен қатар, аудиокітаптың қазақ әдебиеті пәнінен сабақ беретін мұғалімдерге де оқушыларға ақын-жазушылардың еңбектерін оқыту кезінде таптырмас құрал болары анық.
Алғашқы аудиокітапқа жергілікті жазушы Сәкен Жүнісовтың «Ақан сері» романынан үзінді жазылған болатын. Кітапханада өткен шарада тағы сегіз аудиокітаптың тұсауы кесілді. Олар: Ілияс Есенберлиннің «Қаһар», Естай Мырзахметовтың «Медет» романдары мен Мәлік Ғабдуллиннің эпистолярлық еңбектері, Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ», Ерік Асқаровтың «Ата қаз», Шоқан Уәлихановтың «Өлі мен тірі арасындағы достық», Төлеген Қажыбайдың «Айбозым», Жабал Ерғалиевтың «Ескі арба» шығармалары.
Жоба жетекшілерінің айтуынша, бұл аудиокітаптарды кез-келген адам ғаламтордағы Smart «Рухани жаңғыру» Aqmola қосымшасынан тегін жүктеп ала алады.
–Елімізде аудиокітаптарымыздың аналогы жоқ. Оны бірнеше ай көлемінде жасадық. Бұл тек бастамасы ғана. Келешекте аудиокітаптардың екінші және үшінші серияларын шығарып, оны республика аумағына таратамыз деп отырмыз. Екінші сериясында киелі Көкше өңірі жайлы қалам тербеген республикадағы ақын-жазушылардың еңбектерін, үшінші серияда жергілікті жас қаламгерлердің еңбектерін қамтуды жоспарлап қойдық, – деді «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайрат Сейітқазин.
Ал, «El jastar» эксперименталды- лабораториялық театрының арт директоры Хәкім Хасанбай жобаға қолдау білдірген облыстық ішкі саясат басқармасына алғысын білдіріп, бүгінгі таңда жастардың шығыстың әндеріне әуес екенін, қоғамдық көліктерде құлаққапты киіп алып, даңғырлаған әуен тыңдап отыратынын, кітап оқуды қойғанын айтып, тұсауы кесілген аудиокітап осы олқылықтың орнын толтыруға зор мүмкіндік екенін жеткізді. Аудиокітапты жасауға үлес қосқан жастардың бірі Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің білім алушысы Оразмұхамеджанкерей Мұхамедуәли аудокітапты музыкамен әрлеуде көп еңбектенгенін, қазіргі жастардың шетелдің киноларына қызығуының себебі Голливудтың кинолары өзіне дыбыспен еліктіретінін, онда 3Д дыбыстар көп қолданылатынын айтып, қазақ жастарын қызықтыру мақсатында аудиокітапты музыкамен әрлеуде осыларды басшылыққа алғанын айтты.
Шарада «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің бас маманы Ғалия Әміржанқызы мен Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері ұйымының төрағасы Дуанбай Ыбырай салтанатты жағдайда аудиокітаптың тұсауын кесіп, жоба жетекшілеріне ізгі тілектерін арнады. Қатысушылар аталған аудиокітаптардан үзінді тыңдап, бір-бір аудиокітапты сыйға алды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар