Есіл ауданының әкімі Серік Балжанов өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен брифинг өткізіп, өңірдің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2020 жылдың міндеттері жайында айтып берді.
Брифингте Серік Балжанов алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында алға қойылған міндеттері жайлы айта келе, ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы жағдайға тоқталды.
– Ауданда ауыл шаруашылығы, индустрияландыру, шағын және орта бизнес салаларында өндірілген өнім көлемі бойынша жақсы өсім бар. Мәселен, жыл қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 4450,7 миллион теңгені құраса, ауыл шаруашылығы саласында 32,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілген, – дейді аудан әкімі. Бұдан бөлек, ауданда етті мал шаруашылығын дамыту аясында қолға алынған мемлекеттік бағдарламаларды орындау бағытында кешенді шаралар қолға алынған. Сонымен қатар, ауданда «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму», «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» тәрізді мемлекеттік бағдарламаларға да көңіл бөлініп отыр.
Брифингте атап өтілгендей, биылғы жылы ауданда екі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның бірі – көкөніс қоймасының құрылысын Знаменка ауылы аумағында «Органика» серіктестігі жүргізбекші. Жобаның құны 350 миллион теңгеге бағаланып отыр. Қойманың сыйымдылығы 1000 тоннаны құрайды. Ал, «Божко П.Н» жеке кәсіпкерлігі қосымша жабдықтар сатып алып,
жартылай фабрикаттар өнімін кеңейтпекші.
Брифингте аудан әкімі өңір тұрғындары жолдаған ұсыныстар мен өтініштердің барлығы әкімдік бақылауында екенін атап өтті. Мәселен, Раздольный ауыл тұрғындарын «Есіл-Свободный-Раздольный» бағытындағы автомобиль жолындағы көпірді жөндеу жұмыстары толғандырып отыр екен. Аудан әкімінің айтуынша, аталмыш жолдың бо-
йында жаңа көпір салудың жобалық-сметалық құжаттамасының құны 490,8 миллион теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын бастау үшін биылғы жылы республикалық бюджеттен 234 миллион теңге, ал облыстық бюджеттен 1 миллиард теңге қаражат қарастырылып отыр. Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы конкурстық құжаттарын рәсімдеу жұмыстарын жүргізуде.
– Ауданда көп балалы аналарға көрсетіліп отырған әлеуметтік көмекке келетін болсақ, 2019 жылы тіркелген 123 көп балалы отбасыға бірқатар әлеуметтік шаралар қарастырылған. Оның ішінде 76 көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға 86,2 миллион теңге сомасында атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Облыстық бюджет есебінен жалпы алаңы 7,2 миллион теңге тұратын 135 шаршы метр тұрғын үй сатып алынды. Жергілікті атқарушы органдар мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері арасындағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің аясында осы санатқа 4 үй сатып алынды, – деді аудан әкімі.
Әлеуеті төмен елді мекендер қатарындағы Калачи және Красногорск тұрғындарының əлеуметтік мәселесін де естен шығарған жоқ. Сонымен қатар, өңірде Мемлекет басшысы Жолдауында айтылған әлеуметтік саланың дамуына да жете көңіл бөлінеді. Әсіресе, денсаулық сақтау, білім, мәдениет және жұмыспен қамту бағытында біраз іс тындырылған.
Брифинг барысында журналистер
аудан әкіміне өңірдің басқа да әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарына қатысты сауалдарын қойып, жауаптар алды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.