Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Газет қалай басылады? - АРҚА АЖАРЫ

Газет қалай басылады?

Оқырмандар басылымымызды  күнде оқып жүрсе де, оның  қалай басылып шығатынын  білмейтін шығар.  Соның барлығын тағы бір рет  өз көзімізбен көріп, біліп, оқырманға жеткізу үшін, баспаханаға газеттің басылу процесін көруге бардық. 

Мұндағы жұмыс барысын  үш кезеңге бөлуге болады. Ең алғашқы бастауы – редакцияның серпінді де қызу шығармашылық жұмысы. Газеттің оқылуы журналистің жазған мақаласына, көтерген мәселесіне байланысты болғандықтан, тілшілер оқиға орнында болуға тырысып, ой-пікірін дәйек-деректермен көмкеруі тиіс. Оқырмандар мақаланы оқумен қатар, оқиғаның суретін де көргісі келеді. Сондықтан, газеттердің беттерінде фотосуреттердің болуының  да маңызы ерекше. Сол себепті, фототілшілердің де бұл процеске қосар үлесі көп.
Дизайнердің мақсаты газет беттерін көркемдеу, бетті мейлінше көз тартарлықтай безендіру.  Сондықтан, суреттермен мақалаларды келістіріп орналастыру үшін, «InDesign» бағдарламасын қолданады. Ал, суреттерден коллаж істеу немесе біріктіру, қандай да бір жөңдеу қажет болса, «Adobe photoshop» бағдарламасының көмегіне жүгінеді.  Барлық материалдарды орналастырып, беттерінің форматы дайын болған соң, электрондық түрін полиграфияға жібереді.
Газеттің басылуын көру үшін «Көкше-Полиграфия» акционерлік қоғамына бардық. Ең бірінші газеттің электрондық түрі баспаханадағы дизайнер-бет қаттаушыға келіп түседі. Ол газеттің дұрыс түскендігін, суреттердің сапасын тексеріп, редакцияға хабарласуы тиіс. Кейін екі жақ та келіссе, бет қаттаушы әрбір түске арналған баспа үлгілерін дайындауға кіріседі. Түрлі-түсті суреттерді  қуатты ультра күлгін сәулесі бар лампымен қамтылған «Computer-to-Plate» машинасы арқылы фотоүлдірден жарық сезгіш темір пластинаға түсіреді. Айта кетер болсақ, «Көкше-Полиграфия» заманауи құралдармен, компьютерлермен жабдықталған.
– Қазіргі кезде баспа үлгісін жасау қиын емес. Бұрынғыдай барлығын жеке-жеке жасап отырмайсың, «Computer-to-Plate» машинасына салсаң болғаны барлығын жасап шығады. Әрбір баспа үлгісіне  сегіз минут қана уақыт кетеді, – дейді дизайнер-бет қаттаушы Валерий Глухов.
Барлық баспа үлгілері дайын болған соң, баспашылар оларды газеттер басу кезінде қозғалып кетпес үшін төрт жақ шетін тесіп, баспа білдегіне орнатады. «Ronald» баспа білдегі  үш бөліктен тұрады: басқару құрылғысы, баспа үлгілері мен бояуларды орнататын  және басып шығаратын бөлігі. Басқару құрылғысының қосу түймешегін баспас бұрын, баспа үлгілерін арнайы ерітіндімен тазалайды. Кейін бояулардың мөлшерін ретке келтіріп, газет басуды бастайды. Басталғаннан-ақ үлкен бума қағаз тез айналып, секундына 4-5 газет шығып тұрады. Әрбір оныншы газетті баспашылар тексеріп, бояуларында қандай да бір ақаулық болса, оны реттеп отырады.
– Жұмысымыздың маңызды тұсы бояу мөлшерлерін дұрыс қойып, оны әрдайым бақылап отыру. Егер дұрыс реттеп отырмасаң, барлық газеттердің бояулары нашар шығып, қайтадан басу керек болады. Жалпы, жұмысымыз қиын емес, барлығы автоматты түрде, біз тек қана соңында барлық газетті жинап береміз, – дейді газет баспа цехының бригадирі Асқар Дәрмешов.
Осымен газеттің ұзақ басылу процесі  аяқталып, газеттер өз оқырманының қолына тиеді.
Рамазан ТӨЛЕУБАЙ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар