Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Абылай асқан асулар - АРҚА АЖАРЫ

Абылай асқан асулар

 Жұмабай ЕСЕКЕЕВ,
ақын-жыршы, жазушы-журналист, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері

Қазақ хандығы – түп-тұқияннан маңдайына біткен ұлан-ғайыр даласында кәсіп қылған төрт түлік малының тұяғымен көшіп-қонып өмір кешкен, тұрмысы мен салт-дәстүрін түзеген қазақ деген көшпелі елдің халықты басқару, елді билеу жүйесінің негізі, дәлірек айтсақ мемлекеттік құрылымының бастау алған ұлттық түрі болып табылады. Хандық  дәуірдегі қоғамдық құрылыстардың өзіндік ерекшеліктері, сыр-сипаты болған. Бірақ, біз бұл арада хандық заман болмысын бүге-шігесіне дейін айқындай ашып, ақтаруды мансұқ етпейміз. Ой түбінде қазақ жеріндегі хандық дәуір кезеңдерінде билік ұстаған хандардың ел мен жерін қорғаудағы, дербес мемлекет болудағы ерлігі мен күресінің, іс-әрекеттерінің, саясатының ақиқаттарын ашу, әртүрлі заман желіне қарай бүркеліп, ақтаңдақ болған жайлардың құйтырқы перделерін сыпыру сияқты пікірлер жатыр.

 

Осыдан бес жарым ғасыр бұрын, 1465 жылы Әбілқайыр ханнан бөлінген Керей мен Жәнібек сұлтандар жеке қазақ хандығын құрып, бөлек-бөлек түйе айдаған ұлыстарды біріктіріп, дербес ел болуды көксеген-ді. Қазақ хандығы деген тарихи атау осылай шыққанымен өз мәніндегі мемлекеттік нышандар мен белгілер, бір жүйеге бағынған сипаттар көзге түсе қойған жоқ еді. Әуелден қазақ хандықтарының салтына дендеп енген алтыбақан алауыздық, таққа, билікке талас, бас-басына би болған хандарды ішкі жаулықтан, өзара күрес пен соғыстардан тоқтата алмады. Бұлар ішкі билік, жер, таққа мұрагерлік үшін болып жататын кикілжіңдер еді. Сөз жоқ, хандықтың тірегі мықты орталығы болмаған соң, бірлігі жоқ тұтас елдің қуаты да кеміп, жерін басып алуға жиі-жиі шабуылдайтын көрші мемлекеттер мен елдердің жорықтарына тойтарыс бере алмаған кездері де аз емес. Жоңғарлардың, торғауыттар мен қытайлардың, Еділ қалмақтарының, башқұрттардың
шабуылдары соның дәлелі.
Барақ ханның баласы Жәнібек те, Орыс ханның немересі Керей де, Жәнібек ханның ұлы Қасым хан да, Жәңгірдің ұлы, Түркістанды билеп тұрғанда аса қатыгездігімен аты шыққан қанішер Абылай да, оның ұлы көркем Уәлидің де (Абылай ханның әкесі), Сәмеке, Болат, Тәуке, Әбілмәмбет хандардың да, Тәуекел ханның, Есімханның да өздері билеген хандықтарының күш-қуатын арттырып, сырт жаулардан қорғануға күш-жігер жұмсағаны тарихи деректерден белгілі.
Бір ашып айтар жай, қазақ хандығының ішінде ел шетін жау басса қол бастайтын батырлары да, сөйлер сөзге шешендері де, дау-дамайды басар билері де, еларалық  саясатқа шеберлері де, ақылдылары да болған. Бес саусақтың бірдей болмайтынындай, болбыр, жуас момындары да, тым қатал, бірбеткей, қатыгездері де жүрді билік басында. Қараша халық олардан әрі қорқатын, әрі сыйлап, құрметтейтін. «Ханда қырық кісінің ақылы бар», «Ханға қатты сөз айтпа – тілің қырқылар», «Аузы қисық болса да хан баласы сөйлесін» деген сөз тіркестері немесе «Ханталапай», «Хан жақсы ма» деген балалар ойындары жайдан-жай шығарылмаған болса керек.
Қазақ хандары осылай алтыбақан алауыз бола жүрсе де сырт жау жерінің шетін басып жаулық жасағанда жиылып, бас біріктіріп келіп, жерін қорғауда жан алысып, жан берісе күрескен, басқыншыларын түре қуып, сүйем жерін бермеген. Өзгелерге өз бетімен соғысқа бармаған, бөтеннің жеріне көз алартпаған қазақ хандарының бейбіт кезеңдерін құптар қасиет демеске лаж жоқ. Мұншама ұлан-асыр айшықты аз халықтың ғасырлар бойы шетінетпей ұстап тұруында көп мән бар-ау. Ол – еркіндікті, азат болуды сүйген қазақ деген халықтың бойына біткен ерлік пен елдік, намыс пен жігер, қайсарлық пен қайырымдылық, адалдық пен әділдік қасиеттер еді. Қазақтың абыз данагөйі, сол бір хандық дәуірлердің ірі тұлғасы қаз дауысты Қазыбек бидің «Біз қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз…» деуі де, бес ғасырдан кейінгі бұл заманда көрнекті ақын, марқұм Кәкімбек Салықовтың:
…Атырау-Алтай
Көкше-Алатау арасы,
Бәрі тұтас Қазақстан даласы,
Сонша жерді сойылменен қорғаған,
Бабаларым осал емес шамасы!.. деуі де қазақ хандары мен батырларының, билері мен шешендерінің қайсарлығын, қажыр-қайратын, ақыл-зерделерін терең түйсініп барып түйген ойлары еді ғой.
Қазақ хандығы жайлы түптен тартып сөз қозғасаң оның түбі терең таусылмайды. Ал, бірақ хандар туралы сол терең сөз жүйесі Абылай хансыз тез тайыздап, хандық дәуірлердегі шытырман оқиғаларға, жойқын жорықтар мен сұрапыл соғыстарға, еларалық саясат пен дипломатиялық қарым-қатынастарға, ең бастысы елді тәуелсіз ұстап, мемлекетінің негізін қалап, нығайтуға байланысты түпкі ойлар дариясына жүздірер кемемізді қайраңдатып тастар еді.
Абылай Қазақ халқы үшін ең асыл, ең ардақты есім. Абылай – ғасырлар бойы қаймана қазақтың жадында сақталған, мақтан етіп, қастерлейтін, сыйынып пір тұтатын, киелі де аруақты атау. Абылай – шын мәнісінде қазақтың ұлан-ғайыр байтақ даласының ұлы перзенті. Ол мәңгі-бақи ұлықтап өтуге әбден лайық ұлттың ірі тұлғасы.
Қазақ хандығының бес жарым ғасырлық уақыт көшінің ішінде ХVІІІ ғасырды ерлік пен елдіктің ғасыры деп ерекше атау орынды. Өйткені, бұл жылдар қаһарман қолбасшы, көзсіз батыр, көреген көсем, данагөй, шешен, алғырлығына ақылы сай Абылай ханның Жоңғар шапқыншылығында аңыз болған ересен ерліктері мен жүргізген саясатының жылдары еді. Сөйтіп, ел мен жеріміздің тұтастығына, қазақтың дербес мемлекетінің қалыптасуына Абылай хан ақылының арқасында қол жеткені ақиқат. Сол кезеңдегі шырғалаңдарды, Абылай жүріп өткен қауіп-қатерлі жолдарды кәрі тарих аңыз ғып айтады.
Абылай хан жөнінде аз жазылған да жоқ. Тарихта қалған деректердің ішінде академик А.Левшиннің мына жазбаларының маңызын ерекше атар едім. Үзінді келтірейік: «Абылай тәжірибелі, ақыл-айласы жағынан болсын, қол астындағы халқының саны, күші жағынан болсын, сондай-ақ өзінің Ресей патшалығымен, Қытай богдыханымен жүргізген тапқыр, шебер қатынастары жағынан болсын өз тұсындағылардың бәрінен де басым болды. Ол ұстамды, досына мінәйім мінезді, жауына қатал, қаһарлы кісі еді. Сондықтан, жұртты өзіне тарта, ерте алды…». Бұл Абылайдың қазақ хандары арасындағы орнын айрықша айқындайтын деректер.
Қазақ хандығының тарихынан сыр тарқатқан соң Абылай ханның ел билігіне келуі, жалпы оның хандық өмірінің ортасы, айналасы, ақылшы-кеңесшілері, адамгершілігі, рухани ой-өрісі жайлы аз-мұз әңгіме өрбіте кетейік.
1723 жылы Жоңғарлар Қытай богдыханымен жақтасқандай болып, Ресей патшалығының көмегіне сүйеніп қазақ жеріне тағы бас салған-ды. Сыбан Рабтаннан басталған сол соғыс бес-алты жылға созылып, Қалдан Серен жорықтарымен жалғасты. Бұланты, Орбұлақ, Аңырақай шайқастары қазақ қосындарының тарихи жеңістерімен есте қалды. Сабалақ атанып кеткен Әбілмансұр (Абылай хан) 1929 жылы Қалмақпен болған қан майданда 18 жасында батырлығымен көзге түседі. Жауға атасының аруағымен «Абылайлап» шапқан Сабалақ қалмақ ханы Қалдан Сереннің батыр ұлы Шарыштың басын шауып түсіреді. Содан кейін Әбілмансұр – Сабалақ Абылай деген айбарлы атқа ие болады.
Абылай бірден хан болмаған. Ол үлкен бедел жиып, сұлтан атанып, әке орнында болған Әбілмәмбет ханмен билікті бірге жүргізеді. 1771 жылы ғана Әбілмәмбет қайтыс болғаннан кейін хан сайланады.
Абылай отызға жетпей алғыр, жігерлі, қуаты мол кезде ел билігіне араласқан. Көнеден жеткен сөздерге қарағанда Абылай хан бойында артық еті жоқ, ширақ, шапшаң, кескінді, ашаң жүзді күлсе өмір бойы қабақ шытпайтындай, ал ашуланса өмірі күлмейтіндей адам болып көрінеді екен. Алайда, ол ділмәр, шешендік сөздерге, тауып айтуға ұста, ойын-сауық, әзіл-қалжыңға жақын екен. Абылай жанына халық сүйіп, құрметтейтін ақын-жырауларды, әнші-күйшілерді, қолөнер шеберлерін, саятшы, атбегілерді, балуандарды жиі шақырып, өнерлерін көріп, тамашалап отырған. Майдандас, жорықтас жолдастары, үзеңгілес қас батырлары – Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Жанатай, Баян, Жәпек, Сарымалай, тағы басқалары, үнемі жанында жүретін ақыл-кеңесшісі, абыз қарт, көмекей жырау Бұхар хан Абылайдың атын асқақтатып, даңқын шығаруға атсалысқан тарихи тұлғалар.
Үнемі жорықта, ат үстінде жүрген Абылай ханның қолынан найзамен бірге заман шерін шерткен күңіренген домбыра мен шерлі қобыз да түспеген. Оның дәулескер күйші екенін екінің бірі біле де бермес-ау. «Шаңды жорық», «Қоржын қақпай», «Садақ қақпай», «Дүние қалды», «Қайран елім», «Қара жорға» сияқты Абылай хан күйлері ерлік пен елдікке баулып, тәрбиелейді.
1781 жылдың жаз айлары Абылайға ауыр тиді. Жетпіс жасында ойда жоқта сырқаттанып, үш айға жуық төсек тартып жатып қалады. Алайда, сүйегі асып Абылай хан ақыл-естен таймай, тілі байланбай ойлы сөйлеп, әңгімелесуден қалмапты. Сол шақта жанынан кетпей құрмет тұтатын өзінің дана Абылайының көңілін аулап, әңгімеге тартып, екеуара сыр тарқатқан екен. Ұлы хан әлін жинап сергектеу жатқан бір сәтінде Бұхар жырау: – Ей, Абылайым, асыл туған ақылды інім, елің үшін елу жылдай ат үстінде жүрдің, батыр атандың, 48 жыл хан болып, ел билеп, таққа отырдың. Содан белгі боларлық не қалды?–деп төтесінен сауал қояды. Сонда Абылай байсалды, ойлы қалыппен: – Е, Бұхар аға, осыны сұрарыңды білдім. Мен мансапқорлық үшін хан болғаным жоқ, халықтың арман-тілегін орындау үшін таққа отырдым. Қолыңда күшің болмаса ешкімге ойыңды орындата алмайсың. Хан болған соң қаталдық та, қиянат та қатар жүреді. Әділ хан болып, елді, олардың бірлігін күшпен ұстамақ болдым,– деп азырақ үндемей қалады.
– Бәріміз де бұл жалғаннан көшеміз ғой. Құдайға шүкір  артыңда қалар ұрпағың баршылық. Соларға айтып кетер ақыл-кеңесіңіз қандай, хан ием, деген Бұхар жырау сауалына да бас изегендей ишарат білдірді де Абылай терең толғаныспен сөйлеп кетті.
– Ұл-қыздарымды айтасың ғой. Бұхареке-ау, менің ақыл-кеңесіммен жүретін қай бір ұл-қыз бар дейсің. Әке ретінде де, талай жылдар хан болып, билік құрып, ел басқарған кездерімдегі көрген, білгендеріме, тәжірибеме сүйеніп те айтар екі ақылым бар. Бірінші айтарым – қазақ деген аз ел ғой, сол азғантай ел азып-тозып, шашырап кетпес үшін мұрагерлеріміз де, бізден кейін ел басқаратындар да ең алдымен елінің бірлігін, халқының тәуелсіздігін, жерінің тұтастығын, жұртының тыныштығын сақтасын. Екінші айтарым – көрші елдермен, мемлекеттермен достық, татулық, бейбіт саясат ұстауды естен шығармаулары керек.
–Абылай, – деді Бұхар жырау шаршаңқырап бара жатқан ханның салалы саусақтарын сипай отырып, – бұл өмірде қиындықтарды да, қызықты да көп көрдің,– өкініштерің болды ма?
– Өкініш дейсің бе, –  деп Абылай күрсініп қалды. – Бар ғой, бар өкініш. Үш жүздің басын түгелдей қоса алмағаным жеке өкінішім. Тарыдай шашылған аз қазаққа хан болдым. Қазаққа мал емшегін емізгенмен, жер емшегін емізе алмағаным да бір өкініш,–деп Абылай хан ұзақ үнсіз қалды. Бұл ұлы ханның ұрпақтарына Бұхар жырау арқылы айтқан ең соңғы өсиет сөздері еді. Сол жылы ұлан даланың ұлы ханы Абылай дүние салды.

* * *
Абылай заманынан кейін де бір ғасырдан артық уақыт бойы мың өліп, мың тірілген қаймана қазақ әуелі ақ патшаның, одан соң қызыл империяның бодандық бұғауынан босана алмады. Тек 1991 жылы, Абылай хан қайтыс болғаннан кейін 120 жылдан соң ғана қазақ елі өзінің шын мәніндегі тәуелсіздігіне қол жеткізді. Сөйтіп, азаттықтың ақ жолын бастаған, қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған Абылай арманы орындалды.
Тәуелсіз Қазақстанда Абылай хан есімі ерекше ардақталып, ұлтымыздың қаһарман ұланын ұлықтау елімізде ешқашан ұмытылған емес. Оның 300 жылдық тойы салтанатты жағдайда аталып өтті. Абылай салған азаттықтың ақ жолы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» болуға бас-тайтын нұрлы жолына ұласты.
Енді бұл жазбаларымды Абылай хан тұлғасын асқақтатуға, оның азаттық жолындағы күрестерін, асқан асуларын, орындалған армандарын, бүгінгі тәуелсіз ел мұраттарын көрсетуге арналған жыр-толғауыммен аяқтайын.

немесе Бұхаршылап толғау

Ей, Абылай, Абылай!
Үш ғасыр бұрын осыдан.
Қазақтың туған бағына-ай,
Тағзым етіп рухыңа.
Ай маңдайлы ұрпағың,
Сөз сөйлесін тағыда-ай.
Үш жүз жылдық тойыңа,
Арнап жазған жырымда,
Аз емес-ау айтарым,
Соларды бүгін термелеп,
Аңыз етіп айтамын.

Ей, Абылай, Абылай!
Аспанында Алаштың.
Самғап ұшқан қыран ең,
Абылайлап ат қойған.
Батырлардың ұраны ең.
Сұңқар менен қыранның
Талмайтұғын қияғы ең.
Тұлпарлардың от шашқан.
Мұқалмайтын тұяғы ең.
Өзің жалғыз болған соң,
Екеу болмас Бұхар да
Жалғыз қыран аспанда,
Жалғыз самғар сұңқар да.

Тұрымтайдай тұс-тұсқа,
Тоз-тоз болған еліне,
Қорған болған Абылай,
Ұлан дала төрінде,
Еңсесі биік айбынды,
Ордам болған Абылай,
Ғаріп пенен ғасарға,
Пана болған Абылай,
Ой түбіне бойлайтын,
Ақылменен ойлайтын,
Дана болған Абылай.
Жекпе-жекте тайсалмас,
Батыр болған Абылай.
Туа қалса дау-дамай,
Тіл мен жаққа келгенде,
Шешен болған Абылай.
Басын қосып үш жүздің,
Көсем болған Абылай!

Ел іргесін көтеріп,
Шекарасын бекіткен.
Абылайдың тұсында,
Қандай еді заман-ай,
Еркін еді-ау ел іші,
Мамыражай ғажап-ай!

Сарыарқаны сая ғып,
Қалың елі қазақтың.
Қоныс қылып жайлаған,
Жусатып жылқы айдаған.
Желілеп бие байлаған,
Атаны бала құрметтеп.
Ағаны іні сыйлаған,
Үкілеп қызын әспеттеп,
Ұлына тұмар байлаған.
Ел шетіне жау келсе,
Батырларын сайлаған.
Бөтендерге билетпей,
Тәуелсіз елін қазақтың.
Бодандыққа қимаған,
Абылайдай хандардың
Салып кеткен жолы бар.

Абылайға дейін де,
Абылайдан кейін де.
Қазақтың бұл аймағын,
Тұранның бұл тұрағын.
Кімдер жаулап алмаған,
Кімдер пана қылмаған.
Пана қылып қоймаған.
Шектіріп жапа қорлаған
Соларды бір сәт ойласам,
Күрсінемін, толғанам.
Алақұйын зауал шақ,
Қайғы бұлты торлаған.
Емен бар ма сол кезде,
Жапырағы солмаған.
Аққу үркіп көлінен,
Қайта оралып қонбаған,
Жер қайысқан мал кетіп,
Аша тұяқ қалмаған.
Осындай бір қайғылы,
Өткіздік өмір наласын.
Итжеккенге айдаттық.
Қазақтың небір баласын.

Осының бәрі кешегі
Одақтың салған ойраны.
Одақ десем ойыма,
Ойраны шыққан жер түсер.
Полигондар қаптаған.
Сүлдері жоқ бел түсер.
Еркіндіктен айырылған,
Қанатынан қайырылған.
Езіліп қалған ел түсер,
Көтеріп келген мойнымен,
Ауыр батпан зіл түсер.
Жетпіс жылдай түбінен
Кесіліп қалған тіл түсер.
Қайғысыз таңы атпаған,
Күңіренбей күні батпаған.
Бітпейтұғын жыл түсер,
Айта берсе таусылмас.
Талай-талай сыр түсер,
Арман қылған Абылай,
Айтылмай қалған жыр түсер.

Абылай салған жолменен,
Жүретұғын кімің бар.
Десеңдер бүгін айта алам,
Күніміз шықты қайтадан.
Армандап кеткен Абылай,
Егеменді елміз ғой.
Жұмылдырған еңбекке
Серкесі бар елміз ғой.
Ақындар мен жыршыдай.
Еркесі бар елміз ғой,
Бақ-дәулеті басында.
Өркені бар елміз ғой,
Болашағы ғажайып,
Ертеңі бар елміз ғой.

Әрі қарай жырымды,
Бұхаршылап толғайын
Беу, Нұрсұлтан, Нұрсұлтан!
Тәуелсіз елді басқарған.
Жүзің сенің жарқын-ай,
Парасатты парқың-ай.
Жалғыз лайық болған соң,
Хан сайлады халқың-ай.
Абылайдай ақылмен
Байқап жүрсің байыппен.
Замандардың нарқын-ай.
Сондықтан да өзіңді,
Қолдап жүр ғой халқың-ай!

Жалғыз тіреу – жалғыз Ел,
Жалғыз тілеу – жалғыз Ер.
Абылай мен Елбасы,
Бір-бір жалғыз даралар.
О заманда – Абылай,
Бұ заманда – Нұрсұлтан.
Көреген көсем даналар,
Қос арысын қазақтың.
Бүгінгі ұрпақ бүкпесіз,
Осылай деп бағалар.

* * *
Бағытынан Елбасы жаңылмаған,
Тәуелсіздік жолында жалындаған.
Жиырма үш жылда ғасырлық жолдан өтіп,
Арманын Абылайдың орындаған.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар