Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Барша жұртты сүйеді бауырым деп - АРҚА АЖАРЫ

Барша жұртты сүйеді бауырым деп

Халқымыздың рухани қазынасы тағы бір тамаша туындымен толықты. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өмір өткелдері» атты сұхбат кітабы оқырманға жол тартты. Бұл жанры да, жазылуы да бөлек, жалпы әдебиетімізде бұрын-соңды болмаған мүлде тың туынды. Рас, сұрақ-жауап тәсілімен жазылған бір-екі романның ертеректе жарық көргені бар. Ал, мынандай көркем көсемсөздің құнарлы тілімен кестеленіп, құнды деректермен, даусыз дәйектермен байытылған сұхбат кітабының дүниеге келуі тұңғыш рет.

Сарбас АҚТАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі, Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі

Осынау шыншыл да сыршыл шұрайлы шығармада Қазақ елінің Көшбасшысы жаңашыл журналист, қарымды қаламгер Сауытбек Абдрахмановқа өз өмірі жайында әңгімелей отырып, заман, қоғам, адам туралы терең ой толғайды. Әлбетте екі ұлы өркениеттің – Шығыс пен Батыстың қиуласқан жерінде, әлемнің екі ірі бөлігінің – Азия мен Еуропаның тоқайласқан тұсында, екі саяси жүйенің – тоталитаризм мен демократияның өліспей-беріспес арпалысы кезінде, екі экономикалық жүйенің от пен судай шарпысқан шағында шар болаттай шыңдалған, туған Қазақстанын дүйім-дүниеге танытып, жер-жаһан құрмет тұтатын, таңы тыныш ататын, кеші тыныш бататын, өрісті өркеніне, келісті ертеңіне кәміл сенетін алаңсыз елге айналдырған айтулы тұлғаның тағылымды тағдыры, ғибратты ғұмыры кімге болсын өнеге екенінде дау жоқ.
«Менің тағдырым – бақытты тағдыр, – деп жазады кітаптың алғысөзінде осы пікірге жан бітіріп Нұрсұлтан Әбішұлының өзі. – …Маңдайыма мына жарық дүниеге тарихтың тараң тұсында келудің, айналасы жарты ғасырдың о жақ, бұ жағында бүкіл әлемді төңкеріп түсірердей таңғажайып өзгерістерді көрудің, жаңа мемлекет құрудың, сол ұлы істің басында тұрудың бақытын жазған екен. Көп нәрсені көрдім, көп жайды өзегімнен өткердім. Өмір жолым төселген тақтайдай тегіс болған жоқ, алдымнан талай кедергілер кездесті, олардың кейбірін заман қойды, кейбірін қоғам қойды, кейбірін адам қойды. Шүкіршілік, бәрінен де өтіп, бүгінгі күнге жетіп отырмын. Қазақстан халқының әлемдік өркениет көшіне қуатты мемлекет күйінде, халықаралық қоғамдастықтың сыйлы мүшесі ретінде, бүгіні бақытты, ертеңі еңселі ел ретінде қосылғанын көріп отырмын. Мың да бір тәуба!»
Ел Президентінің саналы өмірі сан-қырлы қызметі жайында білу қай-қайсымызға да қызық әрі қажет. Ол әсіресе, елдің ертеңін қалайтын, жерінің байлығын қорғайтын жастар үшін керек. Жасыратыны жоқ, ширек ғасырға жетер-жетпес қамшының сабындай қысқа мерзім ішінде елімізде ірі де іргелі істер атқарылды. Біраз жұрт Қазақстанның бұл жетістігін «Еуразияның экономикалық кереметі» деп атайды.
Кітапта осынау толағай табысқа жетудің қаншалықты ауыр болғаны ашық айтылады. Жас мемлекетті жаңадан түлетіп қалыптастыруда оның басшысына қандай ауқымды жауапкершілік жүктелгенін, оның зіл батпан ауырлығын жас ұрпақтың, әрине, сезінгені абзал. Елбасымыздың бұл еңбегін жастарға арнап айтып беру де тегін емес. Кітап ғұмырбаяндық еңбек болғандықтан, оның көптеген тараулары Көшбасшымыздың балдырған балалық шағына, білім қуған мектеп жылдарына, бауырлас украин жерінде оқыған кезіне, Теміртаудағы еңбек жолының басталуына, Қазақстан магниткасындағы партия ұйымына жетекшілік еткен, қалалық, облыстық партия комитеттерінің, Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің хатшысы, үкімет басшысы болған шағындағы сан-саналы қызметіне арналған. Ал, еңбектің өзекті арқауы – Қазақстанның жаңа тарихының ең бір күрделі де көрнекті, жауапты да жарқын сәттері. Одан қайсыбір кезеңдердегі қоғамның көңіл-күйін кәміл түсінуге болады.
Жалпы, кітап алғысөзін қосқанда тақырып-тақырыпқа бөлінген 17 тараудан тұрады. Олардың әрқайсысына бөлек-бөлек тоқталып, бас-басына талдау жасау, басшы өмірінің кезең-кезеңіне баға беру мүмкін емес. Олардың әрқайсысы бір-бір кітапқа жүк болғандай. Негізінен Нұрсұлтан Әбішұлының өмірі басшылық жұмыспен өтіп келеді ғой. Комбинатта, қалада, облыста, республикада, басшылық қызмет атқарғанда, ол әрдайым адамдармен етене жақын жүріп, олардың тағдырына терең бойлады, қажет жерінде қол ұшын берді, қашанда олармен ортақ тіл табысып, құрбы-құрдастарындай, тұрластарындай ашық-жарқын сөйлесіп, мұң-мұқтажын біліп отырды. Былайша айтқанда, барша жұртты бауырым деп сүйе білді. Бұл тұрғыдан ол өзін қасарып кеңседен шықпай, бәрін қағазбен шешетін қасаң партия қайраткері санаған емес. Демек, Омбы облысының губернаторы Полежаевтың «Назарбаев партия жөргегінде өскен адам емес еді» деген сөзінің жаны бар.
Нұрекеңнің балғын бозбалалық шағында-ақ таңдап алған тұңғыш мамандығы – қайнаған оттың, жайнаған жалынның ортасында алаулап жүріп, болат балқытып, құрыш құятын металлургтік. Бұл мамандығын ол әлі күнге дейін мақтан тұтады. Түптеп келгенде, бұл түркілерге бағыздан тән мамандық. Адамзат тарихында түркілерден бұрын металл қорытып, темірден бұйым жасаған халық жоқ. Сондықтан да, ол темір соғып, дүйім-дүниені сілкінткен ата-бабалардың ежелгі кәсібінің отына күйіп, суына суғарылып, шамырқанған болаттай шымырланып өсті. Алау отпен арпалыста қалыптасқан құрыш қолды жұмысшының сол бір батылдығы мен бекемдігінен қандай биіктерге көтеріліп, қандай биліктерге ие болғанда да танған жоқ. Айнала ортаны улап адамзатқа алапат қасірет әкелген Семей полигонын жабарда да, ел ордасын Алатаудан алыстатып, Арқадан саларда да, КОКП Орталық комитетінің қазақ ұлтшылдығы туралы теріс-ыңғай қаулысының күшін жоярда да, еліміздің ұлан-ғайыр аумағын заңдастырып, шекара белгісін қоярда да ол батылдықтың ерен үлгісін көрсетті.
Әрине, гүл бағына аунап суларына бойлап, бейкүнә балалықтың бұла шағын өткізген жер жұмағы Алатау баурайынан астананы қыр арқасына қиянға көшіру оның жанына батпады деп кім айтар. Кіндік қаны тамған туған өңірін қанша қимағанымен, ол елінің ертеңі, ертеңінің иесі – жас ұрпақтың келешегі үшін батыл қадамға барып, бекем шешімге келді. Алғаш оның ойын «ә, бәрекелді»! деп қостай қоятындар шыққан жоқ. Осы ұсынысын ол зиялы қауымның да, халық қалаулыларының да, Жоғарғы Кеңес сессиясының да сарабына салды. Алайда, ешкімнің де қысы жылы, күзі миуалы, жазы ұжмақ Жетісуды қара дауылы құм суырып, қазан төңкеретін, аязы бет қарып, бораны аяқ алып жүргізбейтін қарлы да кәрлі Арқаға айырбастағысы келмеді. Сондай бір жиынның өзім де куәсі болғаным бар.
Бірде Президент бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларын жинап өз ойын ортаға салып, кеңінен отырып еркін кеңесті. Сонда сегіз адамның ішінен оның астананы көшіру жөнінде ұсынысын қолдап шыққан жалғыз мен ғана едім. Ізінше «Ақмола астана бола ала ма?» деген көлемді мақала жазып, пікірімді көшті көп кешеуілдетпей, Арқаға бет түзеу керек деп түйгенмін. Және жасым өрмек жүзінен ауғанда астана менің атамекенімде ту көтереді екен деп, көшіп бара қойғалы отырғаным жоқ, бірақ, бұл болашақ үшін қажет шара деп, ескерткенім де бар еді. Кей газеттер менің пікірімді мансұқтап, кейбіреулері астананы өзі туған жеріне тартқысы келеді деп құлаш-құлаш қарсы мақалалар да жариялады. Сол қарсы шыққандардың бәрі бүгінде алшаң басып, арман қала – Астанада жүр. Ал мен болсам, омалып Алматыда әлі отырмын.
Ақыры, табандылық жөнінен тірі жанға дес бермейтін Елбасымыз арманды ойын келесі кезеңдегі халық қалаулыларына мақұлдатып, Жоғарғы Кеңестің қаулысын шығартып, жаңа елорданың құрылысына жол ашып берді. Оның күнбе-күнге басшылық бақылауымен, қалтқысыз қамқорлығымен Сарыарқаның сайын дала, салқар жазығында, ерке Есілдің жағасында бой түзеген бүгінгі ең әсем байтақ кент – Астананы күллі қазақ жұртының үкілеген үміті, айшықталған арманы десек те артық болмас. Бүкіл әлемнің сәулет өнерінің інжу-маржандары тоқайласқан сән-салтанаты таң қалдырып, таңдай қақтырар осы бір жас та болса бас қала жалғыз Қазақ елінің ғана емес, Еуразия құрлығының жүрегі десе жарасады. Ақиқатын айтқанда, бұл халқымыздың Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тәуелсіздігінің буынын бекітіп, мемлекеттілігінің тамырын тереңдетудегі көреген саясатының кемел парасатының жемісі.
Нұрсұлтан – алып таулар мен айдын даланың астасқан тұсында өмір есігін ашқан жан. Яғни, ол тауға да, далаға да ортақ перзент. Заңғар таулардың баурайында туып, ержеткен ол сайын даланың төскейінде ер азамат болып қалыптасты. Таулардың заңғарлығы мен даланың шалқарлығы оның ақыл-ойы мен мінез-құлқына әсер етпей қойған жоқ. Ойының асқарға самғар алғырлығы, мінезінің кеңдікті меңзер жарқындығы бәлкім содан да болар. Ал, тәуекелден таңдырмайтын батылдығы түп атасы, аты тұтас бір тайпаның ұранына арналған, еңсегей бойлы Ер Есімнің үзеңгілес серігі – Қарасай батырдан, табанда тауып айтар тапқыр шешендігі өз атасы бір ауылнай елді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Назарбай биден дарыса керек.
Осы қасиеттердің бәр-бәрі, оның үстіне адамзат тарихын терең білуі, әлем әдебиеті мен мәдениетін еркін меңгеруі қазақ басшысының жоғары деңгейдегі келіссөздерде ұдайы табысқа жетуінің әрі кілті, әрі кепілі болып жүр. Кейде ол жеңіске жету үшін халық дипломатиясының тәсілдерін қолданудан да тартынбайды. Тіпті, өз халқының салт-дәстүрін де кәдеге асырып жібереді.
Мәселен, 2001 жылы Америка Құрама Штаттарына барған ресми сапарында бірден Вашингтонға соқпай, Ел басшысы Джордж Буштың әкесі бұрынғы президент тұратын Техасқа тартты. Елегенді кім жек көрсін, қазақ салты үлкенге сәлем беру деп келген Қазақстан президентін қария аулаға шығып күтіп алады. Әлем таныған қос қайраткердің жылы шырайлы сәлемдесуінен басталған әңгіме емен-жарқын бейресми жағдайда біразға созылады. Елбасымыз егде саясаткерге екі елдің арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтқаны үшін марапатталған «Достық» орденін тапсырып, ілтипат көрсетеді.
Әкесін сыйлағанды кім сыйламасын. Ертеңіне Ақ үйде кездескенде АҚШ президенті Елбасымызды ежелгі танысындай жайдары жүзбен қарсы алып, салған беттен әзіл-қалжыңға аралас әңгіме-дүкенді қыздырып жібереді. Техастағы кездесуден алған әсерлерін қысқаша әңгімелеп Нұрекең:
– «Ол кісі Сізге бір сәлем айтты, бірақ, соны қайталаудың қажеті бар ма, жоқ па деп күмәнданып тұрмын, – дейді. Президент айтпасына қоймайды.
– Балама айта барыңыз, егер тілімді алмаса, құйрығынан белбеумен осып-осып жіберемін, дәл осылай сөзімді бұрмаламай айт деді, – дегенде Буштың өзі бастап отырғандардың бәрі күле жөнелді.
Осының арқасында алдын ала белгіленген уақыттан анағұрлым ұзаққа созылған кездесудің қорытындысы бойынша ел басшыларының бірлескен мәлімдемесі еш бөгетсіз қабылданады. Мұның өзі әдептен озбайтын жарасты әзілдің де сыртқы саясатта өзіндік орны бар екенін айғақтамай ма?
Тағы бір мысал. Түрікменстанмен шекараны ажыратып алу жөнінде Ашхабадқа ресми сапармен барған жолы қабылдау үстінде Түрікменбашы С.Ниязов:
– Нұрсұлтан Әбішұлы, айып етпеңіз, кезінде ауысып кеткен жерлер мәселесін де қарап қойсақ артық болмас еді, – деп қалады. Көкейіндегісі белгілі ғой.
– Сапармұрат, ойыңды түсіндім, ондай іс бәлкім болған да шығар. Әйткенмен өткен өтті. Сен одан да адайлардың баяғыда мына Ашхабадқа дейін түгел алып қоймағанына қуансаңшы, – дейді әзілдеп Нұрекең. Сапармұрат күліп жібереді. Екі жақтың делегация мүшелері қосылады күледі. Сонымен ол әңгіме сол жерде тәмамдалады.
Ресей президенті Борис Ельцин бірде осындай уәжге жауап қайтара алмай, Сапармұрат сияқты қысылғанынан күліп жібергені бар.
…Тәуелсіздіктің тәй-тәй басқан бастапқы жылдары. Екі жақтың қарым-қатынастары әр қырынан талқыланып жатқан-ды. Әңгіме мұнай, газ кешендеріне ойысқанда Борис Николаевич аяқ-астынан бас жоқ, көз жоқ:
– Нұрсұлтан Әбішұлы, осы Теңізді Ресейге берсеңізші?.. – деп қойып қалады. Онысы қалжың емес, тамыр басып көру екенін сезе қойған Елбасымыз:
– Онда бізге Орынбор облысын қосып бере қойыңыздар! – дейді. Әріптесі шоршып түседі.
– Сонда қалай, Қазақстанның жер жөнінен Ресейге талабы бар ма? дейді өңі бұзылып.
– Ондай талабымыз жоқ. Жәй әншейін, Орынбордың бір кезде Қазақстанның алғашқы астанасы болғанын айтқаным ғой…
Тауып айтылған сөзге тәнті болатын ер мінезді Ельцин қарқылдап күліп жібереді. Одан кейін бұл тақырып қайтіп қозғалмайтын болады.
Халық қамын ойлап, ел мүддесін қорғау үшін пайдасы тиер тәсілдің бәрін қолдану керек екенін осы мысалдар көрсетсе керек. Демек, Шарль де Гольдің «Саясат қолдан келгеніңді жасай білу өнері» дегені дұрыс та. Саясаткер бар қайрат-қабілетін халықты соңынан ерте білуге жұмсауы, кей мәселелерді іште бүгіп ұстауы, өзінің түпкі мақсатын дер шағында ғана ашуы шарт. Елбасымыздың пір тұтатын ұлы тұлғасы Абылай хан дәл осылай жасаған ғой.
«Айбынды ханымыз Абылайдың басқа еңбегін былай қойғанда, тек Ресей мен Қытай арасында жүргізген дипломатиясын дұрыстап айта алсақ та, кімді болсын қайран қалдырар едік, – дейді Президентіміз. – Екі жақпен де тіл табыса жүріп, өз елін оңдаған жылдар бойы іс жүзінде, «де факто» дейміз ғой, тәуелсіз ұстап тұра алғаны, ақыр аяғында өзінің дұшпанын, яғни, жоңғарларды Цинь империясының қолымен қырғызып салғаны, сөйтіп Жоңғар мемлекетін жер бетінен жойып жібергені әлемдік дипломатия тарихындағы ғажайып құбылыстардың бірі деп сеніммен айтуға болады. Тек соны тарихшы ғалымдарымыз жеріне жеткізіп жаза алмай жүр». Өз кезінде Абылай орыс аюымен қытай аждаһасының арасында тұрып екеуіне де алдырмай, ел жұртын аман сақтаса, оның ақ жолын ұстанған Нұрсұлтан екі алпауыт алып мемлекеттің арасында сондай саясат жүргізіп, тәуелсіздік туын биік көтеріп, елін нұрлы ертеңіне бастап барады.
Оның өзі айтқандай, бұған дейінгі талай ұрпақтың таланына жазылмаған, тағдырына бұйырмаған тарихи белес – Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін бүгінгі біздің буын көзбен көріп жүрекпен сезіп отырмыз. Ал, тәуелсіздік ғайыптан тайып бізге төбеден түсе қалған жоқ. Оның жолында қанша маңдай тер төгіліп, қанша табанақы сарп етілді, қанша ми сарсылып, қанша күш-жігер жұмсалды десеңізші! Осының арқасында кешегі кеңестік жүйеден кейінгі күйзелісте күйреп қалуы кәдік немесе өз алдына дербес мемлекет болып түтін түтетуі күмәнді деп сумандаған сыпсың сөзді сырт көз сыншылардың аузына құм құйылып, болымсыз болжамдарының күні көкке ұшты. Жиырма бес жылға жетер жетпес уақытта таң қаларлық серпіліс, таңдай қағарлық секіріс жасаған Қазақстанның қарышты қадамы, оның жан жүрегі – Астананың ай дидарлы кескін келбеті ондай сандырақтардың сан-талайына соққы берді.
«Біз бүгінде алыс та, жақын да бірдей білетін, батыс та, шығыс та қатар сүйетін, отанымыздың жүрегіне тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Астана сияқты ғажап қалаға ие болып, шын мәнінде өркениетті әлемнің ортасынан ойып орын алып отырмыз», – дейді Елбасымыз тағы да. Әрине, Астанадай әсем де әрлі ғажайып шаһарды аз уақытта сала білген қазақстандықтардың қолынан бәрі келетіні күмәнсіз. Жасампаз еңбек, жарасты тірлік, жанашыр бірліктің алмас қамалы, аспас белесі жоқ. Еңбек бәрін де жеңбек, демей ме халық.
Нұрсұлтан Назарбаевты да бүгінгі асқар биігіне көтеріп, айдай әлемге танымал айтулы қайраткер дәрежесіне жеткізген де сол еңбек. Көп күттіріп өмірге келген ерке бала болғанына қарамастан, ол еңбекке қаршадай күнінен араласты. Ата-анасына қолқабыс етіп, маңдайдың ащы тері таңдайға тәтті дәм болып сіңетінін отбасында-ақ ұқты. Еркелігі мен еркіндігі еңбекпен септесіп, сондығынан да ол ерте есейді. Ерінбейтін елгезек баланың еңбектегі үлгісі әкесі Әбіш болса, әсершіл әнқұмарлық қасиетті ол анасы Әлжаннан еншіледі. Әкесі өмірбақи жұмыс істеген, мал бағып, егін еккен, бау өсіріп, бақша салған, сөйтіп өз отбасын ақ-адал еңбегімен асыраған кісі. Жасында Үшқоңыр жайлауына барар тау жотасынан жол салысып, сонда жан жарымен танысып отау құрған. Кеудесін ешкімге бастырмаған намысқой, қағытпа қалжыңға шебер әзілқой адам екен. Әлжан екеуі қосылып ән шырқап, айтысқа да кіріп кетіп, ойын-тойдың гүлі болған.
– Иә, мен нағыз еңбекқор кісі деп әкемді айтар едім. Әкемнің балаға айтқан ақылынан гөрі көрсеткен өнегесі көбірек жұғымды. Әкем маған ең қарапайым, бірақ, ең қасиетті қағиданы ұғындырып кетті. Ол қағида – ерінбей, қажымай, талмай еңбек ету. Солай етсең ғана бағыңның жанатыны. Осы өнегесі үшін мен әкеме өмір бойы қарыздармын, – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Барша бала әке алдындағы қарыз-парызын дәл осылай түсінсе ғой, шіркін! Жеке басы өмір бойы еңбекті ту етіп ұстап келе жатқан адам ретінде ол өз халқын ерінбей еңбек етуге жалықпай жұмыс істеуге шақырады.
«Жаман жұмыс болмайды. Жаман жұмысшы болады. Жаман мамандық болмайды. Жаман маман болады. Өзіңнің көңілін қалаған, қолыңнан келетін, бала-шағаңды бағып-қағуға, өмірден өз орныңды табуға мүмкіндік беретін жұмыстың бәрі жақсы» – дейді ол. Ақыл да нақыл қанатты сөз ғой бұл. Мақал-мәтел болып, көңілге қона кететін мұндай үлгі сөздер сұхбат кітабында баршылық. «Бірлігі жақсының тірлігі тапшы болмайды», «Тәтті нан ащы термен келеді», «Адал еңбек алдырмайды, арамдық бой жаздырмайды» сияқты сөйлемдер көңілге бірден ұялап, жадыңда жатталып қалады. Асылы, еңбек ұлтың да, жұртың да білмейтін, алыс-жақын деп ру-руға бөлмейтін, барша жанды бауыр тұтқызатын ең жақсы тәрбие мектебі.
Президентіміздің сұхбат кітабын оқып шығып, оның өзін алмастай алуан түспен жарқырайтын жаңа қырынан көргендей болып отырмын. Оның телегей теңіз білімі мен білігіне, сан мың цифрды шашау шығармай сақтаған жадының тұтқырлығына, ұлылардың ұлағатты сөздерін маржандай тізген зердесінің жүйріктігіне қайран қалдым. Көл-көсір рухани байлық қой бұл, байлық! Сарқылмас рухани қазына ғой бұл, қазына! Суыртпақтап сыр тартып, сол қазынаның кілтін ашқан сындарлы сыншы, қаламгер ғалым Сауытбек ініме мың да бір алғыс.

Алматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар