Ұлттық музейде мыңдаған жылдар, тұтас дәуірлер көз алдыңнан өтеді
Сонау 1998 жылғы 17 наурызда Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия мәжілісінде Елбасы алғаш рет Ұлттық музей құру қажеттігін айтқан болатын. Ал, 2008 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Астана қалалық әкімдігі мен Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне (ол кезде министрлік осылай аталатын) халықаралық деңгейдегі музей құру тапсырылған еді. Ашылғанына бір жыл болған Ұлттық музей тәуелсіз еліміздің рәмізі – «Қазақ елі» монументін, Тәуелсіздік сарайын, Бейбітшілік және келісім сарайын, Ұлттық өнер университетін және «Әзірет сұлтан» мешітін біріктіріп тұрған Тәуелсіздік алаңының бітімімен тамаша үйлесім тауып тұр.
Жалпы, музей дегеніміз уақытпен жүздесудің, сол арқылы өткенімізге үңіліп, ата-бабаларымыздың кім болғанын, қандай күй кешкеніне көз жүгіртудің бір мүмкіндігі десек қателеспейміз. Мұндағы әрбір жәдігерлердің бойында адамның рухы, оның сол кездегі ой-пікірі, шеберлігі сақталған. Олар-
дың бәрі де сонау тылсым заманнан сыр шертеді.
Астанадағы бұл Ұлттық музей туралы шағын мәлімет берер болсақ, жалпы аумағы 74 мың шаршы метрді алып жатқан ғимараттың 14 мың шаршы метрін экспозициялық алаң, 5 мың шаршы метрін мұражайлар ауқымы алып жатыр.
Мұндағы Ежелгі және орта ғасырлар тарихы залында Жер бетіндегі өмірдің эволюциясынан бас-тап Қазақстан тарихының толық көрінісі берілген. Музейді аралаған адам палеолит дәуірінен бастап кейінгі орта ғасырға дейінгі Қазақстан археологиясы жөніндегі материалдармен таныса алады. Сонау тас, қола, ертедегі көшпенділер, орта ғасырдың көшпенділері мен қала тұрғындары дәуіріндегі Қазақстанның материалдық және рухани мәдениетінің дамуын сипаттайтын дүниелер келушілерді бейжай қалдырмасы анық. Мәселен, Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы аумағынан табылған Ботай кезеңіндегі адамдарға пана болған үңгір сол кездегі бабаларымыздың тыныс-тірлігінен мағлұмат береді. Күлтегін қағанның тасының көшірмесі де осы арадан орын алған. Ондағы Орхон жазулары, көне қытай таңбалары тарихымызда әлі де толық ашылмаған тылсым дүниелердің аз еместігін паш етеді.
Одан әрі тарих залына барсаңыз, қазақ халқының әртүрлі тайпалар мен халықтардың ықпалдарын басынан өткеріп, өзінің қазіргі антропологиялық және тілдік тұрпатын қалыптастырып, жеке этнос ретінде құрылу, қалыптасу және даму процесімен танысуға болады. Сондай-ақ, Қазақ елінің мемлекеттік тұтастығын нығайтудағы қазақ хандары мен сұлтандарының, билері мен батырларының атқарған рөлдері жайында да көптеген мәліметтер жинақталған.
Жалпы, әрбір көзі қарақты, зейінді адамның өткенімізге үңіліп, тарихымызға көз салуға бейім болатындығы ақиқат. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда, сонау Қимақ қағанаты, Қыпшақ даласы, құмандар мен бұлғарлар тағы да басқа кең сахараны мекен еткен бабаларымыз туралы білгіңіз келсе, міндетті түрде Ұлттық музейге бару қажет. Мұнда тіпті, сонау көне замандағы Түркістан базары да сол кездегі кейпінде бейнеленген. Сол кезде айналымда болған тиын ақшалар, хандар мен билердің мөрлері, ат әбзелдері, көне замандағы киім-кешек сынды көптеген мүліктерді тамашалауға болады.
Бұл арада ерекше назар аударатын бір мәселе, Астанадағы бұл музейдің Орта Азиядағы осындай нысандардың ішіндегі ең ірісі болуымен қатар, озық технологиялармен жабдықталуы жағынан әлемдегі ең үздің ондықтың қатарында екендігі. Осының өзі-ақ Ұлттық музейіміздің қатардағы көп нысанның бірі емес, бірегейі екендігін паш етеді.
Музейдің Алтын залы әр жылдары Қазақстан аумағынан табылған археологиялық экспонаттардың түпнұсқалары пайдаланылып құрылған. Мұнда сонау қола дәуірінен бас-тап түркі мемлекеттерінің құрылу кезеңіне дейінгі уақыт аралығы қамтылып, негізінен сақ ақсүйектерінің бұйымдары мен жәдігерлері қойылған. Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» макеті де осы арада орын тепкен. Жалпы, республика аумағынан табылған «Алтын адамдардың» барлық түпнұсқалары көрсетілген.
Этнография залына келетін болсақ, қазақтардың ұзақ жылғы тарихи дәстүрлерінің барлық байлығы мен асқақтығын тамашалуға болады. Музейде сондай-ақ, Тәуелсіз Қазақстан, Қазіргі заманғы өнер, Астана залдары бар. Олардың бәрінде де келушілердің назарын аударатын, қызықтыратын түрлі мағлұматтар жинақталған. Әрине, шағын мақалада Ұлттық музейді толық сипаттап беру мүмкін емес. Бүгінгі таңда медиа түрлерінің дамуына байланысты дәстүрлі ұғымдағы музей өз мәнін жоя бастады деген ұшқарақ пікір бар екендігі белгілі. Алайда, мәдени сабақтастықты одан әрі дамыту үшін заманауи технологияларды пайдалана отырып музейлердің мән-мағынасын асқақтата түсуге болады. Мәселен, осы музейде орнатылған Азияда теңдесі жоқ аумағы 35,9х20,6 метрлік үлкен дөңес экран келушілерге Қазақстанның көркем табиғатын, әсем де, сұлу жерлерін паш етеді. Жалпы, өткенге үңілмей, тарихты таразыламай, алға басу мүмкін еместігі белгілі. Осыншама ұлан-байтақ жерді жайлаған, талай алмағайып заманды бастан кешіп, «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының тарихы сонау ықылым замандардан бастау алады. Тарихымызда бабаларымыздың жер-жаһанның жартысын билеген кездері де, «атымыз ауыздықпен су ішіп», басымызға күн тиіп, біреуге тәуелді болған кездеріміз де аз болған жоқ. Ежелгі сақтар мен скифтер заманында қандай болдық, Түркі қағанаты кезінде ат тұяғы жететін жерді қалай жайладық, Алтын орда заманында қандай едік деген сұрақтар әр қазақтың ойында болуға тиіс. Одан бергідегі Керей мен Жәнібек жеке қазақ хандығын құрған уақыттан бергі Хақназар мен Қасым, Еңсегей бойлы ер Есім мен Қасым хан, бәрін тізбей-ақ, кешегі Абылай хан мен хан Кене заманында қандай едік, енді Тәуелсіздік алған жиырма жылдан астам уақытта қандай дәрежеге жеттік деген мәселелер халық жадында болуға тиіс. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Елордамызда бой көтерген Ұлттық музейдің маңызы да, мән-мағынасы да өте жоғары деуіміз керек.
Тәуелсіздік жылдарына келетін болсақ, музейдің Астана залындағы Елордамыздың пайда болуы мен қалыптасуы және даму тарихын көрсететін аса маңызды нормативтік-құқықтық актілер, экспонаттар, деректі фотоматериалдар да жаңа тарихымыздың бір көрінісі. Мұндағы экспозицияларда сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің нышаны ретінде Астана қаласын салу жөніндегі идеясы көрініс тапқан.
Қысқаша айтқанда, Елордамыздағы Ұлттық музей Астанадағы әсемдігіне жұрт тамсанатын көркем ғимараттардың бірі ғана емес, Тәуелсіз Қазақстанның арғы-бергі тарихынан сыр тартатын, рухани байлығымызды еселей түсетін мәдени орталық деуге толық негіз бар.
Талғат ҚАСЕН
Астана.