Облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңында «Астана мерейтойың құтты болсын!» атты Елорда күніне арналған салтанатты шара болып өтті.
Шараның шымылдығы ынтымағы ырысына жарасқан, татулығы тірлігіне жалғасқан еліміздің ордасы Астана қаласының мерейто-йына орай Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың құттықтауымен түрілді.
– Бұл күн әрбір қазақстандық үшін маңызды мереке. Аз уақытта бой көтерген әсем қаланы тұрғызу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі екендігі сөзсіз. Астана өз алтын бетін жазып үлгерді. Еліміздің экономикалық, саяси, мәдени өмірінің қайнаған ортасына айналды. Осы атаулы күні баршаңызға зор денсаулық, қажымас қайрат және жемісті еңбек тілеймін!, – деді қала әкімі.
Кеш барысында бірқатар азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медальдармен марапатталды. Әрі облыс орталығының әлеуметтік- экономикалық дамуына өзіндік үлес қосқаны, белсенді азаматтық ұстанымы және Көкшетау қаласында тұрақтылықты қамтамасыз еткені үшін еңбегімен көзге түскен азаматтарға қала әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді.
Астана күні кәмелетке толған көкшетау-лықтардың да жадында мәңгі қалмақ. Себебі, қалыптасқан дәстүр бойынша оларға салтанатты түрде Қазақстан азаматының жеке куәлігі берілді. Астананың түйдей құрдастарының қатарында Красноярдағы №1 орта мектептің оқушысы Алмас Үсенов, Көкшетау қаласындағы № 14 орта мектептің оқушысы Жазира Әлсеиітова мен №13 орта мектептің оқушысы Анна Голубкова да болды. Осы күні «Нұр Отан» партиясының қатары толыға түсті. Мерекелік шарада партияның жаңа мүшелеріне билет табыс етілді.
Сондай-ақ, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан ұлттар достастығына, халықтар ассамблеясының
20 жылдығы мен Қазақстан Конституциясының
20 жылдығына арналған «Бабалар мұрасы – ұрпаққа қазына» ұранымен «Ақмола жұлдыздары» атты қалалық шығармашылық байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар мен белсене қатысқан мекемелер марапатталды.
Астана күніне арналған шаралар легі мұнымен толастаған жоқ. Бұдан соң салтанатты шара «Елімнің жүрегі – Астана» концертімен жалғасын тапты. Мұнда дәстүрлі әндер әуелеп, қазақтың күйі күмбірлесе, бишілер мың бұрала би биледі. Осылайша, өнерпаздар қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлады.
Сонымен қатар, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелігіне бір топ жасұландықтарды салтанатты қабылдау рәсімі ұйымдастырылды. Қалалық мәдениет және демалыс паркінде балалар арасында «Ел ордасы – Астана» деген тақырыпта асфальт үстінде сурет салу байқауы өткізілді. Веложарыс ұйымдастырылып, оған Урюпинка селосындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты. Кейін «Еліміздің жүрегі – Астана» атты тақырыбында бас қаланың көрікті ғимараттары фотокөрме түрінде жұртшылық назарына ұсынылды.
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Street workout» спортынан жарыстар мен квест ойындарын өткізді. Ал, «Реверанс» би-спорт клубының тәрбиеленушілері спорттық-балдық биден сайыс ұйымдастырды. Кешке қарай мереке соңы жастар биіне ұласып, кеш өте тартымды өтті.
Астана күнінде облысымыздың барлық аудандарында салтанатты шаралар ұйымдастырылды.
Ырысгүл АШУОВА