Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Орман – елдің байлығы - АРҚА АЖАРЫ

Орман – елдің байлығы

 Облыс бойынша соңғы 11 жылда 18 мың гектардан аса алқап, оның ішінде 14,6 мың гектар орманды алқап от құшағына оранып, 284849 мың теңгенің зияны келтіріліпті. Өрттің 85 пайызы адамдар кінәсінен болып отыр. Осы орайда, орман шаруашылығы мекемелері ормандағы өрттің алдын алу жұмыстарына белсене кірісті.

  Сауалнамадан белгілі болғандай, тұрғындардың көбі орман өртінің шығу себебінен бейхабар болып шықты. Сондай-ақ, орманға келушілердің көбі өрт қауіпсіздігі ережесімен таныс емес. Отты сақтықпен пайдалануға дағдыланбаған.
Орманды өрттен сақтау – жалпы халықтық іс. Ал, өрттің алдын алу міндеті жергілікті әкімдіктер мен орман шаруашылығы мекемелеріне жүктелген. Ормандағы өрттің шығуы мен таралуының алдын алу, қадағалау мен өрт сөндіру жұмыстарына бақылау жасайтын арнайы қызмет бар. Олардың өртке қарсы тәртіпті ретке келтіру жөніндегі құқығы едәуір ұлғайтылған. Жасыл желекті күзетуге және техникалық паркті жаңартуға бюджеттен мол қаржы бөлінуде.
Орман шаруашылығы қызметкерлері өрт маусымының басталуына дейін орман алқаптарындағы құрғақ шөптерді өртеп, арнайы жолақтар мен өртке қарсы жыралар жасайды. Бұқаралық ақпарат құралдарында өртке қарсы тақырыпта мақалалар жариялау көзделген. Тұрғындар мен оқушылар арасында қоршаған ортаны аялап, көздің қарашығындай сақтау жөнінде насихат жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман  шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті биылғы жылдың өрт қаупі бар маусымына дайындықтың міндеттері туралы бұйрық шығарды. Осы орайда, облыс әкімдігі орман шаруашылығы мекемелерінің 2015 жылдың өрт қаупі бар маусымына дайындығы жөнінде кеңес өткізді. Оған өңірдің табиғатты қорғау мекемелері, орман шаруашылығының құрылымдық бөлімшелері мен инспекция мамандары қатысты. Кеңесте биылғы жылы орманды ұлғайту және сақтау сияқты өзге де шаралар қаралды.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментімен бірлесіп, өңір ормандарын өрт қауіпсіздігімен қамтамасыз ету тақырыбында тәжірибелік семинар өткізді. Оған орман шаруашылығы коммуналдық мекемелерінің мамандары тартылды. Инспекция табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, төтенше жағдайлар жөніндегі департамент, өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметімен және жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, табиғи апаттардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру басқармасымен бірлесіп, биылғы жылға арналған орман өртімен күрестегі өзара іс-қимыл жоспарын жасады. Сонымен қатар, құқық және табиғатты қорғау мекемелерімен биылғы жылы табиғатты қорғау заңнамасының бұзылуына қарсы күрес және өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің биологиялық әртүрлілігін сақтау жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді.
Биыл инспекция мамандары мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелері, «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «Сандықтау» оқу өндірістік орман шаруашылығы мен «Қазақтан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына қарасты ұйымдардың биылғы жылдың өрт қаупі бар маусымына дайындығын тексерді. Тексеріс барысында бұл маусымға облыстың орман шаруашылығы мекемелері біршама дайындалғаны белгілі болды. Дегенмен, арнайы техникалар, автокөліктер мен кейбір құралдар тиісті нормаға сәйкес келмейді. Өрт сөндіруге арналған автокөліктер мен тракторлардың 70 пайызы әбден тозған. Барлық мекемелерде тракторлар, орман өртіне қарсы қолданатын агрегаттар мен су сорғыштар, өзге де құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі анықталды. Орман өрті станциялары Үкіметтің қаулысымен бекітілген үлгіге сәйкес жарықтандырылмаған.
Өрт қаупі бар маусымда «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының үш тікұшағы күн сайын ұшып, өңірдегі ормандарды аспаннан бақылайды. Әуе және жердегі қадағалау қызметі ормандағы өрттің жайылып кетпеуін қадағалап, оны дер кезінде сөндіреді. Дегенмен, биылғы жылдың көктем айларында облыс көлеміндегі 7,42 гектар орман алқабында өрт болып, 102,9 мың теңгенің шығыны келтірілді. Біздің аймақ бірегей табиғи кешендерге бай, оларды сақтау әрбір тұрғынның, әсіресе орман шаруашылығы қызметкерлерінің абыройлы ісі болып табылады.
Орманда жүрген барлық азаматтардан өрт қауіпсіздігі талаптарын және ормандағы санитарлық ережелерді сақтауды сұраймыз. Табиғатқа деген көзқарасымызды өзгертіп, қоршаған ортаға жанашырлық танытайық.

Арман ТҰРЫМБАЕВ,
облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар