Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елбасының өмір жолы – өмір мектебі - АРҚА АЖАРЫ

Елбасының өмір жолы – өмір мектебі

 Елордасы – Астана күні қарсаңында жарыққа шыққан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өмір өткелдері» атты жаңа кітабы халқымыздың рухани қазынасын тағы бір құнды туындымен толықтыра түсті. Кітаптың тұсаукесер рәсімі болып өтті дегенді естісімен, қалайда қолыма тез арада түсіріп, оқып шығуды ойладым. Мақсатым іске асты. Туындыны толық оқып шықтым.

  Көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өмір өткелдері» туындысы  әдебиет тәжірибесінде бұрыннан бар роман- диалог жанрында жазылған. Белгілі қаламгер, жаңашыл  журналист Са-уытбек Абдрахмановқа   Елбасы өзінің балалық шағынан, яғни «Ұшқан ұя ұлағатынан» бастап, бүгінгі «Нұрлы жолға» дейінгі тағдырын әсерлі де тартымды етіп, ел тарихымен сабақтастыра отырып суреттеген екен. Жалпы, мемлекет басшыларының өздерінің өмір жолы, ел тарихындағы орны, әлем алдындағы абырой-беделі, саясаткерлігі жайында бір кітаптың болуы тиіс. Мәселен, әлемдік тәжірибеде саяси қайраткер өмірін сұхбат түрінде жазған  үлгінің бірі ретінде Фидель Кастроның жеке өмірі қамтылып, әлемнің жиырмадан астам тіліне аударылған «Моя жизнь» атты кітабын да мысалға алуға болады. Бұл еңбек те осы әдіспен жазылған.

 

Кітап 16 тараудан тұрады. Әр тарау Елбасы өмірінің бір белгілі белесті кезеңін қамтиды. Сонымен қатар, сыр-сұхбат барысында Азия мен Еуропаны қатар жайлаған Қазақ елінің екі саяси жүйе – тоталитаризмнен демократияға аяқ басуы, екі экономикалық жүйе – жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшудегі қиын шақтар жан-жақты айтылған. Әсіресе, Семей полигонын жабу кезеңінде Елбасының еңсерген қиындықтары, егемендіктің елең-алаң тұсындағы алдан шыққан мәселелер, «Байқоңыр» ғарыш айлағының мәртебесін белгілеу, шекараны шегендеу кезіндегі проблемалар сияқты аса күрделі де күрмеуі қиын жайлар мен Ұлт Көшбасшысының сол тұстағы ерік-жігері мен көреген дипломаттығы, саңлақ саясаткерлігі сан қырынан ашылып, кеңінен суреттелген. Маңыздылығы бойынша да деректер энциклопедиялық тұрғыда жан-жақты толық көрсетілген. Сонымен қатар, аталмыш кітапта ел тарихына қатысты тың деректер де кеңінен орын алады.
Мұнда автордың өмірі халқының, өзі құрған мемлекетінің өмірімен тағдырлас, қатар, бірге, тұтас өріліп, жалғасып отырады. Қирап қалған елден жаңа мемлекет орнату, оны қалыптастыру, әлемге танытып, мойындату, автордың өзі айтқандай, экономикасы қуатты, саясаты тұрақты, таңы арайлап ататын, кеші тыныш бататын, ертеңіне сенетін мемлекет орнату, қиынның қиыны еді. Елбасының: «Менің тағдырым – бақытты тағдыр. Маңдайыма мына жарық дүниеге тарихтың тар тұсында келудің, айналасы жарты ғасырдың о жақ, бұ жағында бүкіл әлемді төңкеріп түсірердей ғажайып өзгерістерді көрудің, сол ұлы істің басында тұрудың бақытын жазған екен. Көп нәрсені көрдім, көп жайды өзегімнен өткердім, алдымнан талай кедергілер де кездесті, олардың кейбірін заман қойды, кейбірін адам қойды. Соның бәрінен де өтіп бүгінгі күнге жетіп отырмын. Қазақстан халқының әлемдік өркениет көшіне қуатты мемлекет күйінде, халықаралық қоғамдастықтың сыйлы мүшесі ретінде, бүгінгі бақытты, ертеңгі еңселі ел ретінде қосылғанын көріп отырмын. Мың тәубе!» – деген сөздері кім-кімнің де болсын жүрегін елжіретіп, көңілін жадыратары сөзсіз. Деректі роман ретінде жазылған бұл кітап тартымды әрі ғибратты. Қызығып оқисың. Көзіңіз, етіңіз үйренген кәдімгі сұхбат емес, ойға, қисынға құрылған терең, байсалды, кемел, деректі көркем шығарма.  
Президенттің айтқан әрбір сөзінде, оның әрбір иірімінде жан дүниеңді қозғайтын терең ойлы толғаныстар жатыр. Елбасының жүргізген реформалары ертеңгі мен бүгінгі ұрпақ үшін ғана емес, өте алысты көздегені осы кітаптан айқын көрініп тұр. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мен бұл кітапты біздің еліміздің болашағын қалайтын, жерімізді аялайтын, Отанымызды қорғайтын жас қазақстандықтарға арнап әңгімелеп шықтым» дейді. Осындай тағылымы мол, өнегелі өмір жолын жастарымыздың оқып, біліп жүргендері керек-ақ.
Бұл туынды сонымен қатар, туған халқымның әлем кеңістігіндегі лайықты орнын қайтсем табамын деген Елбасының жанкешті еңбегінің шежіресі. Қазақ халқының тарихында заман жүгін абыроймен арқалаған талай толағай тұлғалардың болғаны белгілі. Олар да ел үшін, туған халқы үшін еңбегін аямай, терін төккен. Сондықтан да, есімдері ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, құрметпен аталады. Дегенмен, бұрынғы заман мен қазіргі заман жүгі бірдей емес. Бұрынғы заманда ел басқарғандар өзінің дәстүрлік қоғамын, қалыптасқан шаруашылық жүйесін сақтап, дамытып, оны ілгерілету қамында болды. Онда қазақ өз орнын жақын көршілерінің арасынан, шағын ғана ортадан, өлшеулі кеңістіктен ғана іздеді. Бүгінгідей бүкіл әлем кеңістігіне шығып, екі жүзге жуық әлем елдерінің ортасынан өз орныңды табу оларда болған жоқ. Осы тұрғыдан қарағанда, біздің халқымыздың да, көшбасшымыздың да мойнына түскен заман талабы өте өктем болды. Қазақы қалпымызды сақтай отырып, ой-сананы жаңғыртып, мемлекет іргесін жаңадан қалап, шаруашылық жүйесін жаңадан жасау арқылы тау көтергендей қиындықпен әлем елдері көшінен қалғанымыз жоқ. Бүгін діттеген мақсатымызға жетіп отырмыз. Бұл – халықтың, оның ішінде Елбасының ерен еңбегінің жемісі.
Кітапты оқу барысында, Президент жаһандық проблемалар бойынша да өзінің терең ойларын ортаға салып отырған. Соған сәйкес әңгімедегі проблематиканың экспрессиясы мен динамизмі де өзгеріп отырады. Мемлекет басшысы өткен жылдардағы көптеген қуанышты да өкінішті жайлар туралы да ашық айтқан. Сұхбат алушы белгілі қаламгер, журналист Сауытбек Абдрахмановтың осы сұхбат төңірегіндегі мәселелерге ерекше дайындықпен келгені және қаламгерлік шеберлігінің де жоғары екенін көріп отырмыз. Ретін тауып, қисынды сұрақ қойып, кейбір ойларды түрткілеп, Елбасының ой түкпірінде жатқан иірімді толғаныстарын жарыққа шығарған, бұрын айтылмаған жайларды кеңінен көлденең тарта білген. Сыр-сұхбат осынысымен де қымбат.
Сауытбек Абдрахмановша айтар болсақ, Нұрсұлтан Әбішұлының бүкіл өмір жолы – өнеге мектебі. Халық қайнарына қанудың, ұлттың жанын танудың өнегесі. Ата-ананы ардақтаудың, ұстаздарды, достарды қастерлеудің өнегесі. Қаршадайынан ауыр жұмыспен шыңдалған еңбекқорлықтың өнегесі. Сын сағатта сыр бермейтін сарабдалдықтың, салқын сабырдың өнегесі. Елінің бағы жолында тарихтың қандай тәуекелінен де тайынбайтын табандылықтың өнегесі. Алыстан ойлаудың, болашақты болжайтын кемеңгерліктің өнегесі. Халықтың тарихи тағдырын бір адам айқындай алатынына біз Назарбаев феномені арқылы анық көз жеткіземіз. Елбасымыз кезінде: «Бақыт  бағасын білгеннің ғана басында тұрады» деген еді. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өмір өткелдері» кітабы бізге басымыздағы бақыттың бағасын білуді, тәуелсіздікті қадірлеуді, қастерлеуді үйретеді.
Кітапты оқи отырып, еларалық кездесулер мен келіссөздердегі Мемлекет басшысының сұңғыла саясаткерлігін, биік өресін, мұқалмас қажыр-қайратын шынайы сезініп, таңғаламыз және мақтаныш етеміз. Сондықтан, бұл кітапты, біріншіден, Президенттің ұлы істері мен ұлағатты өмірі жайындағы барынша толық ғұмырнамалық шығармалардың бірі ретінде бағалауға болады. Екіншіден, қазіргі заманғы қазақстандық мемлекеттіліктің баға жетпес дәйекті дереккөзі ретінде құнды болып отыр. Үшіншіден, бұл кітап қазақстандық патриотизмнің іс жүзіндегі көрнекі оқулығына айналмақ. Яғни, Елбасының ғибратты ғұмыры айшықталған аталған кітап мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, мемлекеттік қызметшілердің, ғалымдар мен студенттердің, жалпы жұртшылықтың ерекше қызығушылығын тудыратыны анық. «Өмір өткелдері» қоғамның іздеп жүріп оқитын рухани құндылығына айналатынына нық сенімдімін.

Сәбит ЖӘМБЕК,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау
мемлекеттік университетінің
профессоры, филология ғылымдарының кандидаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар