Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жұмысшы болудан, еңбек етуден арланбаңыз - АРҚА АЖАРЫ

Жұмысшы болудан, еңбек етуден арланбаңыз

Жалпы, еңбек нарығы үнемі өз­геріп отырады. Бүгін сұранысқа ие ма­ман­дықтар ертең қажетсіз және ақысыз болып қалуы әбден мүм­кін. Мысалы, 2005 жылы әлемдік талдаушы сарапшылар 2015 жылға қарай нанотехнологиялар, маркетологтер, ғарыш қызметкерлері мен бағдарламашылар саласының өзі құлдырайтынын болжаған. Олардың пайымдауынша 2030 жылға қарай ро­бот­тар 800 миллион жұмыс ор­нын ауыстырады деген де болжам бар. Бұрын жа­ңа мамандық 20-30 жылда пай­да болса, қазіргі таңда әр 3-5 жылда жаңарып отырады екен.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министр­лігінің мәліметтеріне сүйенсек, 2009 жылдан бастап Қазақстанда 89 мамандық жаңадан ашылған. Оның ішінде бакалавриатта – 15, магистратурада – 13, резиден­тура­да – 50, докторантурада 11 ма­мандық пайда болған.
Анау бір жылдары естеріңізде болар, екінің бірі заңгер, қаржыгер мамандығын меңгеруге талпыныс білдірген. Балам «заңгер» деп мақтанатындар көп еді. Сол түлектердің көбі диплом алғанымен жұмыс таба алмады. Төрт жыл оқыған еңбегі далаға кетті десек артық емес.
Осы мақаланы жазып отырып, сатира саласында жүрген әзілқойлардың шымшыма миниатюрасында айтылатын сөздерді тақырыпқа тұздық ретінде келтіре кетуді жөн көрдік. Сатира актеры Нұржан Төлендиевтің бір сахналық қойылымында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бо-
йынша елге келген жас ұстаз туралы баяндалады. Жас маман ауыл тракторисі Коляға (Қажымұратқа) тұрмысқа шығады. Бірақ, келіншек өз құрбыларына күйеуінің тракторист екендігін жасырып, оны информатика пәнінің мұғалімі деп таныстырмақшы болады. Сонда әлгі Коля әйеліне «Сен несіне ұяласың? Мен тракторист екеніме намыстанбаймын. Өзің ойлап қарашы, мен трактормен көмір тасып үйге айына 300 мың теңге табыс әкелемін. Ал, мұғалімнің жалақысы бұдан үш есе аз. Кім мықты айтшы?» дейді. Сонда әйелі «Коля, мұғалім бола салшы», – деп өтінетіні бар.
«Өмірдің өзі – новелла» демекші, осы көріністен-ақ қоғамда қалыптасқан жағдайды еш боямасыз-ақ аңғаруға болады. Шынында да, біздің қоғам әлі де болса осындай стериотиптен арыла алмай келеді. Жалақысы аз болса да, «портфель» ұстаса болды. Жалпы, біз мамандықтардың қоғамға сұранысын зерттеместен, «сен өскенде банкир болуың керек, иә болмаса қаржыгердің қалтасы толған ақша болады, заңгер болғанға не жетсін» деп баланың миына ерте жастан осындай ақпарат салып қоямыз. Ал, қаржылай сауатты адам алдымен ол мамандықтың қазіргі қоғамға сұранысы бар ма, одан қандай пайда көзін табуға болады? Келешекте бұл мамандық жойылып кететін кәсіпке айнала ма деген сұрақтар төңірегінде ой өрбітеді. Қаржылай сауаттылық дегеннен шығады, қазақтың көбі рухани құндылыққа аса зор мән береді де, материалдық құндылық дегенге жүрдім-бардым қарайды. «Тәрбие тал бесіктен» демекші, қаржылай сауаттылыққа мектепте ғана емес, баланы отбасында бейімдеп үйрету керек шығар. Жалпы, лауазымы жоғары қызметкерлер ғана табысты ма? Жұрт мұрынын шүйіріп, менсінбей жүрген мамандықтар қандай? Олардың еңбекақысы қанша? Осы сұрақтар аясында бірнеше маманмен тілдесіп, мәселенің мән-жайын анықтап, оларды сөзге тартып көрдік.
Солардың бірі – Ирина Александровна. Ол облыс орталығындағы ірі сауда орындарының бірінен шағын орынды жалға алып тігіншілікпен айналысады. Иринаның айтуы бойынша бұдан бірнеше жыл бұрын өзінің денсаулығына байланысты үйде жұмыссыз отырған. Ол бала кезінен аурушаң болатын. «Мүмкіндігім шектеулі деп қол қусырып отырған жоқпын. Үнемі ізденіс үстінде болдым. Анам тігінші еді. Сол кісіден көп нәрсені үйрендім. Қолы епсекті анам қол қусырып отырмайтын. Маған да кейбір тапсырыстарын тігіп бер деп өтініш білдіретін. Сеніп тапсырғасын барымды салып еңбектенетінмін. Кейін анам маған тігін машинкасын сатып алып берді. Қазір бұл кәсіп менің отбасымды асырап отыр деуге болады. Табысым әр күні әртүрлі. Бір ғана мысал, бір шалбардың балағын бүгіп қысқартып бергенім үшін 1000 теңге аламын. Ал, оны тігу үшін бар жоғы 20 минут уақытым кетеді», – дейді Ирина.
Халыққа қажетті мамандықтардың бірі – шаштараз. Байқайсыз ба, қазақтың жігіттері жұмыссыз қалса, көлігі болса таксиші болады немесе бір мекемеге күзетші болып жұмысқа орналасады. Ер адамдардың арасында шаштараз болып жұмыс істейтіндер ілуде біреу. Сол ілуде біреу мамандықты меңгергеннің бірі – Санат Жүнісов. Оның есімі көпшілікке жыға таныс. Шашын қиямын дейтін көп жігіт Санаттың көмегіне жүгінеді. Ол тіпті, бұл кәсіпке жан жарын да машықтандырған. Бұл күнде екеуі шаштараз ашып, нәсібін осы кәсіптен тауып отырғандардың бірі.
Жасырары жоқ, бұрындары ауылда жоғары оқу орнына түсе алмағандар немесе мектепте нашар оқитындар ғана жұмысшы мамандығын меңгереді деген керағар пікір бар еді. Бүгінгі пайым да, талап та басқа екендігін аңғаруға болады. Қазіргі таңда сұранысқа ие, табысы көп мамандықтың бірі – механизатор. Ал, бұл мамандықты таңдайтын жастар аз. Әсіресе, заманауи жаңа техни­калардың құлағында ойнайтын мамандар тапшы.
Сондықтан, көкейге жұмысшы мамандығын жатсынбаңыз деген ой келеді. Тегінде жігітке кәсіпсіз жүрген жараспайды. Кәсіп білген қарап қалмасы анық. Мамандық біткеннің жоғарыда айтқанымыздай, заман талабымен бірге жаңарып отыратыны бар. Ал, жұмысшы мамандығы қашанда мәртебелі.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар