Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Басни Крылованы» оқыдым - АРҚА АЖАРЫ

«Басни Крылованы» оқыдым

Өткен ғасырдың 60-шы жылдары Ақмола педагогикалық училищесінде оқып жүргенімде өзінің өткір мысқыл мақал-мәтелдерімен танылған жазушы И.Крыловтың «Басни» атты жинағын оқыдым. Айту керек, аталмыш кітапты оқып қоймай, оны 48 парақтық қалың дәптерге көшіріп жазғаным бар. Неге дейсіз ғой.

Әдетте, біз училище ғимаратының жоғары қабатына шығаратын баспалдақ астына жиналып, темекі шегетінбіз. Бірде менен бір курс төмен оқитын досым жоғары жаққа сығалап, сылқ-сылқ күлді. «Не болды?» деп қарасам, екінші мен үшінші қабаттың ортасындағы сатыда «Детская русская литература» пәнінен дәріс беретін оқытушым еңкейіп, екі тізесін ұстап тұр екен. Бәлкім, сүрініп құлаған болуы керек, капрон шұлығы жыртылыпты. Бүгінде осы оқиға есіме түссе, «әттеген-ай» деп кешірместей өзімді-өзім қамшылаймын. Білмеймін, балалық па, әлде аңғалдық па, жүгіріп барып көмектесудің орнына қалшиып қарап тұрып қалыппын.
Кезекті оқу жылы аяқталып, әр пәннен алған қорытынды бағаларымызды біліп жүрміз. Курс старостасы «Бименде, сенде «детская русская литературадан» екі шығыпты деді. Әрине, бірден сенбей, журналды әкеліп көрсет дедім. Қалада туып-өскен баланың орыс тілінен үлгермеуі мүмкін бе еді. Әлі де сенбей, ұстазыма бардым.
–Семестр бойынша бірде-бір бағаң жоқ. Не, бес қояйын ба? – деді.
–Ол жағдайда сабақ үстінде оқушыдан сұрамайсыз ба? – деп өзімді ақтап жатырмын.
–Давай, маған ақыл айтпа. Крыловтың «Басни» деген кітабын алып оқы. Содан кейін оны қалың дәптерге көшіріп жазып әкел. Күзде емтихан тапсырасың, – деді.
Амал-шараң қайсы? Оқытушының айтқанының бәрін орындап, күзгі сынағынан сүрінбей өттім. Бұл да ештеңе емес, көретін құқайым әлі алда екен. Жылда әр айдың он алтыншы жұлдызында шәкіртақы алатынбыз. Осы жолы жаңа оқу жылының басы болғандықтан, өткен екі-үш айдың шәкіртақысын бірге қосып береді деген күнді асыға күтіп жүрдік. Үшінші курстың студентіміз. Жігіттерше киінейікші деп алдын ала жоспар да жасап қойдым. «Жақсы костюм-шалбар, аяқ киім ал, жетпегенін мен төлеймін», – деп апам ойымды құптап, көңілімді көтерді.
Алайда, амал не, жоспарлаған қуанышым жақын уақытта орындалмайтын болды. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша бір пәннен үлгермегенім үшін шәкіртақы қысқартылыпты… Күзде «Детская литературадан» емтихан тапсырғанымды айтқанда, «енді қысқы семестрдің қорытындысына дейін шәкіртақы алмайсың, тәртіп солай» деп түсіндірді.
Мәссаған, масқара! Күтпеген жаңалық. Жасыратыны жоқ, намысым келіп, ренжігенім рас. Бірақ кімге өкпелейсің? Оның үстіне апам «Шәкіртақы алдың ба, қашан базарға барамыз?» деп осы бір жайсыз жағдайды есіме жиі түсіре берді. Амалсыздан үй ішіндегілерден ұялсам да, екілік алғанымды мойындауыма тура келді. Сөйтіп, шәкіртақы алмайтынымды, оның себебін, бәрін түгел апама ашық айттым.
Міне, бар қызық осы әңгімеден кейін басталды. Жалпы апам ақиқаттан аттамайтын, жалғанды жақтырмайтын бірбеткей адам болатын. Сол тік мінезіне салып, маған да айтпай, педучилищенің директорына барған ғой. Ол кісі апайды оқу ісі жөніндегі орынбасарына жібереді. Мәселенің мән-жайын өзінен білейік дегені ме, оқу ісінің меңгерушісі мені шақырды.
Қысқасы, директордың бұйрығы шығып, келесі айдан бастап қайтадан шәкіртақы алатын болдым. Парадокс, әйтсе де болған жәйт. «Өмірдің өзі – новелла» деген осы. Бәлкім, «Жығылып жатып, сүрінгенге күлме» деген даналық қанатты сөз осындай келеңсіз көріністерден соң айтылған-ау, сірә, кім білсін. Бұл да қоғам қайраткері, белгілі қаламгер Шерхан Мұртаза жазғандай, бір кем дүние сияқты.
Бименде ҚАЗАНҚАП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар