Көкшетаудың «Оқжетпес» футбол клубы 11 наурызда Алматыда жергілікті «Қайрат» командасымен биылғы чемпионаттың екінші ойынын өткізді. Өткізгені бар болсын, 5:0 есебімен ойсырай ұтылып қалды.
Жалпы, біріншіліктің басын ірі жеңіліспен «атап өту» «Оқжетпес» үшін айықпайтын дертке айналған сияқты. Былтыр да Премьер-Лиганың алғашқы ойынында Талдықорғанның «Жетісуынан» 5:1 есебімен омақаса асып еді.
Ал, биыл Шымкентте өткен беташар ойында «Ордабасыдан» 1:0 есебімен жеңілгенімен, «Қайраттан» тап бұлай оңбай сүрінуді күтпеген едік. Бірақ, «Оқжетпестің» 90 минут бойғы сүреңсіз ойыны осыған алып келді. Биыл команданың біріншілікке дайындығы жөнінде жанкүйерлер көңілінде дүдәмал сауалдар көп еді. Соның ең бастысы, жаңадан алынған легионерлердің шама-шарқына деген күдігіміз болатын. Өйткені, спорттың бұл түрінің ағын ақ, қарасын қара деп ажыратып беретін кәнігі мамандардың айтуынша, «Оқжетпестің» жинап алған ойыншылары соңғы кездердегі ойын тәжірибесі аз, өздерін басқа клубтарда тақа таныта қоймаған футболшылар деген пікірге саяды.
Айтты, айтпады бұл сөздің жаны бар. Өйткені, жеңіліп тынған алғашқы екі ойында да ол легионерлер өздерін ешбір жақсы жағынан көрсете алмады. Қарсыластар қақпасына гол соқпақ түгілі, бір-біріне допты түзу бере алмай, құр қара көрсетіп жүргендері. Соның салдарынан «Оқжетпес» екі ойында өз қақпасына алты доп жіберіп алып, өзі қанжығасын бірде-бір рет майлай алмай, әбден азусыздығы мен дәрменсіздігін көрсетіп үлгерді.
«Ордабасымен» алғашқы ойында гол жіберіп алғаннан кейін әсіресе, екінші таймның соңына қарай шабуылдың нышаны аздап байқалып еді. Ал, бұл жолғы «Қайратпен» ойынында алғашқы доп қарсыластар қақпасына тек 65-інші минутта ғана бағытталды. Ал, оған дейін, одан соң да алматылықтар біздің жайбасар ойыншыларымызды тек өз қақпамызға тықсырды да отырды.
Мұндай азусыз команданы кешегі ойында бас бапкер Андрей Карповичтің қандай мақсатпен алаңға алып шыққаны белгісіз. Оның есесіне қит етсе, қайраттық ойыншыларды жерге сұлатумен болған оқжетпестіктердің дөрекілігіне қараптан-қарап жанкүйерлердің өзі қысылғандай. Бұл сөзімізге доп тебе білмесе де, қарсыласына әлімжеттіктен есе жібермеген команда мүшелерінің үшеуі бірдей ойын барысында сары қағаз алғаны, ал, қорғаушы Мищенко болса, алаңнан қуылып тынғаны дәлел.
Сонымен, ойынды интернеттен Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының сайты арқылы тамашалаған өз жанкүйерлерін әбден жерге қаратумен болған «Оқжетпестің» бұл түрімен биылғы біріншілікте тақа айды аспанға шығарып жарытпасы белгілі болып қалды. Команда басшысы Е.Бөтембаев пен А.Карпович шұғыл түрде бір өзгерістер жасап, футболшылардың санасына бұлай доп тебуге болмайтынын дұрыстап сіңірмесе, алдағы жағдай бұлыңғыр. Біздің ойымызша, команда жоғары топтан кетіп тынады немесе мына қалпымен жанкүйерлердің талай зықысын шығарады.
«Қайрат» пен «Оқжетпес» ойынында гол соққандар: 17-інші минутта Әліп (11 метрлік айып добынан), 25 және 51-інші минуттарда Айымбетов, 57-інші минутта Шушеначев және 66-ыншы минутта Әбікен. Ал, біздің футболшылар тым болмаса бір рет те қарымта қайтара алмай, алаңнан бастары салбыраған күйі кете барды…
Қ.КӘКЕНОВ.