Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әкім – ел ішінде! - АРҚА АЖАРЫ

Әкім – ел ішінде!

Қазіргі жағдайды ел болып ескергеніміз абзал

Өткен сейсенбі күні Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Целиноград ауданында аудан активімен кездесіп, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен Бақытбек Оспанбековты аудан әкімі қызметіне тағайындады және актив алдына бірқатар маңызды міндеттер қойды. Сондай-ақ, ауданда көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан шараларды пысықтап, Есіл өзенінің арнасын түзету жұмыстарының барысымен танысты.

– Өздеріңіз білетіндей, Мәлғаждар Тәткеев Целиноград ауданы әкімі лауазымынан босатылып, Ақмола облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Мәлғаждар Саттарұлына ауданда атқарған қызметі үшін алғысымды білдіремін және жаңа қызметінде табыс тілеймін. Бақытбек Амантайұлын жақсы танисыздар. Осы ауданда қызмет атқарған. Жаңа әкіммен бірге табысты жұмыс істейсіздер деген сенімдемін,–дей келе, облыс әкімі өзінің 17 наурыздағы өкіміне сәйкес, Бақытбек Оспанбековты Целиноград ауданының әкімі қызметіне тағайындады. Актив отырысына қатысқан ауданның бұрынғы әкімі Мәлғаждар Тәткеев өзіне қолдау білдіргені үшін аудан активіне ризашылығын жеткізсе, ауданның жаңа әкімі Бақытбек Оспанбеков облыс әкіміне жауапты қызметте сенім білдіргені үшін алғысын айтты.
Бұдан әрі Ермек Маржықпаев Целиноград ауданы елорданың іргесінде орналасқаннан кейін астананы азық-түлікпен қамтамасыз ету осы ауданға да жүктеліп отырғанын айтып, бірқатар маңызды міндеттерді белгіледі.
Сондай-ақ, облыс әкімі Президенттің тапсырмасымен ел аумағында коронавирус жұқпасына байланысты төтенше жағдай енгізілгенін, аудан карантин режімі енгізілген Нұр-Сұлтан қаласымен шектесіп жатқанын айтып, індеттің осында да тарап кетпесі үшін тиісті шаралар қолдануды тапсырды. Облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен №2 облыстық және Аршалы аудандық ауруханаларында карантинге байланысты ашылған стационарлар 50 орынға дейін көбейтіледі.
–Өндіріс, өз өнімдеріңізді өткізу мәселелерін ойластыру керек. Қазіргідей жағдайда ірі кәсіпорындарымызға импорт, экспорт мәселелерінде оңай болмайтыны анық. Осы сұрақтарды да назарда ұстау қажет. Доллардың өсуіне, жұқпалы індеттің келуіне байланысты қалыптасып отырған жағдайға орай, Үкімет бизнеске қолдау көрсету шараларын қарастыруда. Кейбір несиелер үшін пайыздар тоқтатыла тұрады. Жаңа жобалар мен кәсіпорындар жаңа жұмыс орындары екенін жақсы түсінеміз. Алайда, ауданда биыл «Табыс» компаниясы салып жатқан картоп сақтау қоймасынан басқа ірі жобалар жоқ. Ауыл шаруашылығы – экономикалық тұрақтылықтың негізі. Алда келе жатқан көктемгі дала жұмыстарын дұрыс жүргізу де маңызды, – деген облыс әкімі азық-түлік бағасын бақылауды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, білім саласын назарда ұстауды тапсырды.
Активте Қосшы ауылында жаңа су ұңғымасы салынып жатқаны, өткен жылы елді мекендерді дамыту бағдарламасы бойынша ауданға 17,5 миллиард теңге қаражат бөлінгені де айтылды. Аудан халқы жыл санап өсіп келе жатқандықтан, әлеуметтік нысандарға, инженерлік желілерге байланысты күрмеулі мәселелер бар.
Аудан алдында тұрған тағы бір маңызды міндет – көктемгі су тасқынының алдын алу. Осыдан бірер жыл бұрын орын алған су тасқыны кезінде өңірде 260-қа жуық үйді су шайып кеткен болатын. Биыл қар көп. Қыс айларында қар уақытылы тазаланып отырғанына қарамастан, әлі де атқаратын жұмыстар жеткілікті. Осы мәселелерді тілге тиек еткен облыс әкімі көктемгі су тасқынының алдын алу шараларын тиісті деңгейде жүргізуді тапсырып, жұмыс сапарының соңында Есіл өзенінің арнасын түзету жұмыстарының барысымен танысты. Қазіргі таңда өзен арнасында ұзындығы 1,3 километр, ені 16 метрді құрайтын Талапкер ауылының бойындағы учаскені түзету жұмыстары жүргізілген. Бір жасанды арна аяқталуға жақын. Қазір екінші арна бойынша жұмыстар басталып кетті.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар