Қасиетті Рамазан айының соңғы күні көкшелік жамағатқа облыс әкімі Сергей Кулагин «Самұрық» дәмханасында дастархан жайып, ауызашар дәмін ұсынды.
Бұл шараға зиялы қауым өкілдері, ұлттық-мәдени орталықтар жетекшілері және дін жанашырлары қатысты.
Азан шақырылысымен ораза ұстаған мұсылмандар ауыздарын ашып, ақшам намазын оқыды. Одан әрі жайылған дастарханға жайғасып, астан дәм татты. Барша қауымды облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов құттықтап, өңір басшысының ыстық лебізін жеткізді. Ол Рамазан айы бойы адамдар жаман қылықтардан арылып, жақсы іске ұйытқы болатынын айта келіп, мұсылмандық бауырластықтың бүгінгідей экстремизм оты лаулап тұрғанда маңызы арта түсетінін атап өтті.
Бір ай бойы тамақтан тыйылудың астарында өз нәпсісін тұсаулап, рухани жетілудің мүмкіндігі туатынына да жұрт назарын аударды. Бұл басқаға қамқорлық жасап, ізгілік танытудың тағылымды айы екенін де еске салды.
Облыс имамы Қанат Қыдырмин шариғат жайлы уағыз айтып берді. Онда иман мен сенім тақырыбы көтерілді. Адамдар арасындағы қарым-қатынас жібі үзілмеу үшін Аллаға иман келтіру, исламда міндет болған парыздарды орындау жайы ғибратты әңгімемен жалғасын тапты.
Ал, осы дастарханнан дәм татып, имани әңгімеге қаныққан жамағат облыс әкімі атына жылы лебіздерін білдіріп, жақсы көңіл-күйде тарқасты.